Абайды сомдау – арман-мақсаты

Наурыздың 27-сі күні Халықаралық театр күніне орай жергілікті сахнагерлер өздерінің төл мерекесін атап өтті. Бұған дейін көрермендер әр қойылым сайын өзінің сүйікті актері мен актрисасына жасырын дауыс беріп, өнерін бағалайтын көпшіліктің көңілінен шығып жүрген жас актер Медет Хамзин «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша озық шығып, талантты жан ретінде өзін тағы бір қырынан танытты. Ол күлдіргі кейіпкер бейнесінде көпшіліктің көңілін көктем етті. Талант қай кезде де талант қой…

0051

«Сахнаға шыққасын қабілетіңді жүз пайыз сарқа жұмсау керек, сонда ғана көрерменнен лайықты бағаңды аласың. Ойың басқаға бөлініп, шынайы образға кіре алмағаныңды өзіңнен бұрын көрермен жақсы сезінеді. Іштегі қанағаттана алмағандық жаныңды жегідей жегенімен қоймай, сенім үдесінен шыға алмағаның екінші жағынан қыспаққа алады. Сонда ғана киелі сахнаның құдіретін түсіне бастайсың. Осы жолды таңдаған екенсің отына күй, суығына шыда. Ал, төзе алмадың ба, көрерменді алдап, көптің бірі болып жүргенше, өз жолыңды тап. Сомдайтын кейіпкердің кейпіне еніп қана қоймай, оның жан жарасын сезініп, мұң мен шерін өзіңдікіндей қабылдағанда ғана образың шынайы шығады. Бұл жолда нәзік жүрек, асқан сезімталдық, сөз құдіретін түсіну ізденіспен қатар жүреді», – дейді жас актер Медет Хамзин.

Медет Хамзин – Зеренді ауданына қарасты Красиловка селосының тумасы. Қазақ мектебінде білім алып, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде оқып, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында шыңдалған. Бала жасынан отбасы мүшелеріне, туысқандарына пародия жасаудың шебері болған. Үйіне келген қонақтар, тіпті артық сөз айтып қалудан қаймығады екен. Өйткені, Медет бала олардың әр қимыл-қозғалысын сол сәтте қағып алып, ойнатып шыға келетін. Ауыл мектебінде түрлі сахналық көріністерде көрінген ол есейе келе актерлік жолды таңдады. Бірінші сыныпта оқыған кезде мұғалім оған «Бауырсақ» ертегісіндегі басты рөлді берді. Денесі тығыршықтай, тойған қозыдай томпаңдап жүрген баланы осы рөлге лайық көрсе керек. Сап-сары костюм киіп көпшілік алдына шығуының өзі ерлік еді. Бұл да болса, болашақ мамандығының негізі іспетті. Әрі туысқандары «Осы бала әртіс болады» деп болжам жасап та қойған. Медетті туған топырағына кіндігімен байланған деуге болады. Себебі, өнер академиясын тәмамдап, алыстағы Алматыда қалып қойған жоқ. Бірден туған жеріне оралды. Қазір өз өңірінің өнер шаңырағында түрлі рөлдерді ойнап жүр.
Оның сүйікті кейіпкері – өзі сомдаған Абзал Қарасартов НКВД бастығы. Қазақтың ойшылы, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлын ажал құштырған қаныпезер. Дәл осы рөлді жас актер Медет Хамзин асқан шеберлікпен ойнады. Жағымсыз кейіпкерді сомдау қиынның қиыны. Оның екіжүзділігін, билікке қол жеткізу жолында ешкімге аяушылық танытпайтын арамзалығын айна-қатесіз беруде актердің көп дайындық жасағаны көрінді. Осындай қаныпезерлердің кезінде қазақтың маңдайына біткен біртуар абзалдарын азаптап, халық жауы атандырып, ату, асу жазасына кескенін көрсете білу де өнер. Медет драма жанрын жанындай сүйеді. Драмалық шығармалар желісімен жасалған қойылымдарда өзінің ішкі толқыныстарын, тебіреністерін анық жеткізе алады. Өйткені, ондағы рөлдер психологиялық тұрғыда көп энергия жұмсауды қажет етеді. Кейде көрермен әртіс сомдаған кейіпкермен қоса саған да реніш білдіруі мүмкін. Бұл жек көріп кету деген сөз емес. Ол сенің сол образды шынайы ойнау білу шеберлігің. Қойылым аяқталған кезде ұзақ қол шапалақтаулар көбінесе жағымсыз кейіпкерге жасалады. Неге дейсіз ғой? Көрермен ондай рөлді ойнап шығудың қиындығын жақсы түсінеді. Өмірден көрген-түйгендерін жинақтап, кейіпкерінің бойынан тауып, соны көпшілік алдына шыққанда ширатып, ширықтыратын әдеті бар. Мысалы, ақын Алмас Темірбайдың «Алып елім, Алашым» атты қойылымында Медет тіл туралы толғанып, шын жылады. Ол бұған дейін Шымкентте орыс тілін білмеген қазақ мұғалімінің жұмыстан қуылғанын теледидар жаңалықтарынан көріп, жағасын ұстаған. Осы реніші қойылым барысында ойына түсіп, өкпе-назын өлеңмен жеткізгенде, көзге келген жасын тия алмады. Міне, осындай өмірден алынған эпизодтар актердің сахнаға шыққанда кейде қаруына айналып жатады.
Медеттің арманы – Абайдың рөлін сомдау. Бірақ оған әзірге дайын емес. Көп ізденіп барып қадам жасағысы келеді. Ал, қазақтың қариясын ойнау актер үшін қиынның қиыны. Абыз ақсақалдардың ой-орамдарын, шешендігін, көсемдігін жас актер жеткізе алмай қалудан қорқады. Шетелдік жазушылардың егде кейіпкерлерін сомдау жеңілірек түседі, ал қазақтың қариясының кейпіне ену Медет үшін ауыр жүк. Сондықтан ондай образға әзірге бара қойған жоқ. Ал, балаларға арналған сахналық көріністерде жас актер жанып кетеді. Балаша күледі, балаша ойлайды. Бала көрермен отырған кезде оған күнделікті күйбің тірлікті көрсетіп, басын қатырудың қажеті жоқ. Ол алаңсыз күліп-ойнап, актерлердің ойынына шын сеніп, қуанып қайтуы тиіс. Сонда ғана діттеген үдеден шыға аласың. Медетті жан-жары да қолдайды. Үйдегі қым-қуыт қарбалас тірлік сахнаға шыққанда ұмытылса, сен өзіңе лайық жанды тапқаның деген сөз. Туысқандарының берген бағасына қарағанда, бөгде адамның берген бағасы актер үшін маңызды. Ол содан қанаттанады, биікке талпынады. Қойылым аяқталып, көрермен орнынан тік тұрып, қошемет көрсеткен кезде актерлердің залды көзімен бір шолып шығатын әдеті. Егер кейбірі есікке ұмтылып, кетуге асықса, онда бүгінгі ойынының көңілден шықпағаны деп түсінеді. Ал, ұзақ қол шапалақтап, сахнадан жібермей тұрып алса, онда бәрі ойдағыдай болғаны. Осының бәрі актер үшін аса маңызды. Жақында қазақ музыкалық-драма театрында «Тор» атты қойылымның тұсауы кесіліп, басты рөлді Медет Хамзин ойнады. Есірткіге тәуелді болған жастар, қызын инеге әуестендіріп, ажал құштырған ана, қыршыннан қиылған ғұмырлардың тозақ отын торда отырып көргені көпшілікке ой салды. Әсіресе, жастар жағы жаман әдеттен жирену қажеттігін түсініп тарқасты. Ал, жас актер бұл жолы өзінің ойыны арқылы бір адамға болса да өмір деген тылсым дүниенің тамашалары көп екенін тағы бір ұғындырғанына іштей шүкір деді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс