Абаттандыру жұмыстары әлбетте ауладан басталады

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығындағы Ақан сері,  Капцевич, Сәдуақасов көшелері бойындағы тұрғын үйлердің бірнеше ауласын аралап көріп шықты.

Қала басшысы аулаларды аралай жүріп жергілікті тұрғындармен, пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен, басқа да мүдделі адамдармен кездесіп, мәселенің мән-жайына қаныға түсті. Тұрғындарға өз аулаларына ұқыпты қарау жөніндегі өтініш-тілегін білдіріп, тұрғын үйлердің күтіп ұсталуына бақылауды күшейте түсу орайында тиісті қызметтердің өкілдеріне сол арада дереу тікелей тапсырмаларын беріп отырды. Сүлейменов көшесі 40, 42, 44 үй тұрғындары жолдың асфальтталмағандығын, балалар ойын алаңының жоқтығын, толассыз жауған жауыннан кейін тротуарлар, кіреберіс жолдар суға толатындығын айтып, осы маңдағы аллеяны қалыпқа келтіру қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, желді күндері шашылған қоқыс қалдықтарының қолайсыздық туғызатындығын да жасырмады. Бірқатар үй аулалары мен балалар ойын алаңдарының жағдайы көңiл көншiтерлiк. Әйтсе де тұрғындардың бірі аулада ретсіз қойылатын көліктің көптігін айтып шағымданды. Бұл келеңсіздіктер әсіресе, шұғыл қызметтер үшін үлкен кедергілер келтіреді екен. Ауласын жөнге келтіріп, елдің игілігі үшін жанын салып жұмыс істеп жатқандарға ризашылығын білдірген қала басшысы мүгедек балаларға арналған мекеме ауласындағы балаларға арналған ойын алаңын көпке үлгі етуге болады деді. Қала басшысы қаланың сәулеттік келбетін бұзып тұрған дүңгіршек, павильон түріндегі толып жатқан сауда нүктелерін сынға алды. Қазіргі талап-талғамға жауап бермейтін «Алтын», «Юникор» дүкенінің иелеріне ескерту жасалды. Бұл күні қала әкімі Уәлиханов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Биылғы қыста ылғалдың көп түсуінен қала көшелеріндегі асфальттардың көтеріліп, ой-шұңқырдың көбеюі автокөлік жүргізушілеріне қолайсыздық тудыруда. Сондықтан қазір осы ойлы шұңқырды жабу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Биыл қалада жол жөндеу жұмыстары былтырғыдан ерте басталғандығын айтып өткен жөн. Барлық жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде.
Қала басшысы «Бейбітшілік» мөлтек ауданында болып, тұрғындардың пікірлерін тыңдады. Шеткі ауданда әлі күнге жол мәселесі түбегейлі шешім таппай отыр. Тұрғындар өз қаражаттарына Қайыңды көшесінің жолын жөндеуді бастап кетіпті. Дегенмен техника жағы қиындық туғызып отырғанын жасырмады. Бұл игі бастаманы қызу қуаттап, ризашылығын білдірген қала басшысы жол жөндеуге қажетті техникамен қамтамасыз етуге уәде етті. Сапар қорытындысы бойынша қала әкімі Ермек Маржықпаев белгіленген шаралардың жұмыс кестесіне сай дер кезінде сапалы өткізілуін тиісті ведомстволар мен мекемелердің басшыларына қатаң тапсырды. Мұндай игілікті шаралардан пәтер иелері кооперативтері, жекелеген тұрғындар да шет қалмауға тиісті.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс