Абылай ханның қара жолымен

Киелі Ұлытау

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып, іске асырылған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы хан жолын жаңғыртқан тұңғыш экспедиция болды. Бірнеше шақырымды бағындырған жұмыс тобының көбірек аялдаған жері – киелі Ұлытау. Сондықтан осы тақырыпқа көбірек мән беруді жөн көрдік. Себебі, кезінде қазақ хандарын осы жерде ақ киізге көтеріп,  халық алдында таққа отырғызған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы Ұлытау төрінде тілшілерге сұхбат беріп, ұлт тарихы, тіл тағдыры, дін ахуалы төңірегінде әңгіме өрбіткені осы өлкенің қаншалықты киелі де қастерлі екендігінің дәлелі.  

«Абылай ханның қара жолы» экспедиция-сы бұған дейін Қорғалжын өңірінің тарихи орындарын аралап, Қарағандының Нұра ауданын басып өтіп, біздің ата-бабаларымыздың – ғұндардың, көк түріктердің, Алтын орданың орталығы болған қасиетті Ұлытауға бет түзеді. Ол үшін жол талғамайтын көліктермен бірнеше шақырымды бағындыруға тура келді. Арасында көңілімізді көтеріп қою мақсатында Абылай ханның «Шаңды жорығын» біз «Шаңды экспедиция» арқылы жаңғыртып келеміз деп қоямыз. Бұл жерде жолдың кедір-бұдырына, ой-қырына, саз-балшықты болғанына қарамастан, Ербатыр, Берік және Алмас сияқты кәнігі жүргізушілерге сенім арттық. Жігіттер шынында да тәжірибелі екен. Шаңы бұрқыраған қара жолмен жүргенде де қыңқ демеді. Суды белуардан кешіп, автокөліктерінің нөмірлерін жоғалтып алып, қайта іздеуге тура келгенде де көңілдерін түсірмеді. Өйткені, біздің мақсатымыз айқын, жоспарымыз үлкен екенін олар да түсініп келеді. Ата-бабамыздың осынау ұлан-ғайыр жерді ұрпағына сақтап, қалдыру жолындағы үлкен ерлік, елдік істерінің алдында біз мәңгілік қарыздармыз. Түн қатып жүріп, түс қашырған баһадүр бабалардың ізімен жүріп келе жатқанымызға өзіміз де қуаныштымыз. Мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді. Осындай күрделі де жауапты іске бізді де қатыстырып, қаншама тарихи орындарды көруге мүмкіндік берген біздің көшбасшымыз Мұрат қажы Ыдырысұлына мың алғыс! Бізге Ұлытауға дейін жол көрсетіп келген Жеңісбек есімді азаматқа да рахмет. Астананың түбіндегі Бозайғырдан көлігімізге мінген ол қараңғы түнде адастырмай, тура жолмен алып келді. Бұл да азаматтың азаматтығы. Хош, сонымен батыр бабаларымыздың рухы күш берді ме, тоқтаусыз жүріп отырып, түннің бір уағында Ұлытауға да табан тіредік. Бізге дайындап қойған қонақүйге түстік. Жалпы, жолға шыққанда қандай қиындыққа болса да шыдас беретін адамдардың бір мақсат, бір мұрат жолымен жүруі қандай ғанибет! Жанымыздағы жасы жетпістен асқан қариямыздың аузынан «қалжырадым» деген сөз шықпағанда, оның қасында жастардың жасықтық танытуы мүлдем кешірілмейтін жәйт. Бізді кәдімгі сарбаздардай тік тұрғызып, уақытпен тамақтандырып, жолға бір адамдай жиналып шығып кетуге де осы жетекшіміз мұрындық болды. Өйткені, мойынға артылған жүк жеңіл емес. Ал, қасиетті Ұлытау топырағына табан тірегенде оның салмағы
ауырлай түскендей.

«Ұлы» сөзінің түркі тіліндегі мағынасы «Аса құдіретті», «Құдай», «Тәңір» дегенді білдіреді. Демек, Ұлытау – Құдайдың назары түскен, Құдаймен тілдесетін орын саналатын тау. Бұл ұғым ынтымақ бесігі саналатын тауларға деген тағзым ету ғұрпынан бастау алады. Ұлытау – тәу ететін киелі тау. Оған тағзым ету тарихының тамыры көне замандар қойнауына кетеді, әрі оған аймақтағы археологиялық ескерткіштер дәлел бола алады. Киелі жерлерге, оның ішінде Ұлытауға деген қастер-құрметтен туындайтын салт-дәстүрлер мен ғұрыптар тек қазақ халқында ғана емес, барлық түркі жұртында бар және олар күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Жергілікті халықтың ауызша тарихы бізге Ұлытау тек Сарыарқаның батыс өңіріндегі ең биік нүктесі ғана емес, оның «кіндігі», барлық бастамалардың шығар тұсы-тамыры, «әлемнің кіндігі» саналатынын айтады. Олардың ұғымынша, Ұлытаудың ұшар басы көкке жақын, сол биікте Аспан мен Жер шектеседі, сондықтан бағзы заманнан бері бұл тау киелі орын, құдай мен рухтардың тұрағы, ықпалы зор киелі күштердің мекені, адамдар мен табиғаттың нәзік, тылсым байланысы мен соларға тәу ететін орын саналған. Бұл орын адам мен табиғаттың арасындағы байланыстың орны болған мәнін күні бүгінге дейін сақтап келеді. Жан қуатын жаңғырту мақсатында адамдар сарқылмас қасиетті күштің бастауы саналатын осы бабалар бесігіне, киелі жерге жиі оралып отырады. Осы байланыс оларға қайсыбір тірлік түйткілдерін шешуге, дүние жаратылысы мәселесіндегі танымының дамып, өрістеуіне, өмір сүру дағдысын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Тұрмыс түйткілдерін шешудің жолдарын іздеу-бүгінгі күннің де өзекті мәселесі. Сондықтан Ұлытауға тәу ету күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Абылай ханның қара жолымен жүріп келе жатқан экспедиция мүшелерінің үшінші күнді Ұлытауға шығуға арнағаны да сондықтан. Таңсәріден тұрған бізге алдымен қаланы қоршап жатқан, жалаңаш тау бір түрлі болып көрінгені рас. Қайыңы мен қарағайы аралас өсетін көркем жерден келгендіктен бе, жайқалған өскіні жоқ жұпыны тауға тосырқай қарадық. Бірақ Қазақ мемлекеттігінің негізі осы жерден бастау алып, қаншама хандардың ақ киізге көтеріліп, елімізді жақсылықтарға бастай білген орны осы екенін сезінген сайын Ұлытау да ыстық көріне түскендей. Бұл жерде баһадүр бабалардың, жауынгер батырлардың, елін ұлы істерге бастай білген көреген көсемдердің рухы жатыр. «Хан алаңы», «Хан ордасы» деп аталатын қастерлі орындар осы жерде. Ұлытау – еліміздің тарихи және географиялық орталығы ғана емес, Еуразия даласының ерекше киелі жері, қорыққа айналған өңірі. Қазақ жерінің кіндігі осы жер екенін бабаларымыз қалай өлшеп білгеніне қайран қалмасқа шара жоқ. Ұлы Дала дәстүрін сақтай отырып, Ұлытаудың түркі жұрты үшін ғана емес, жалпы Еуразия халқы үшін Адам мен Табиғат бірлігінің мекені саналған мәртебесін сақтап қалу ұрпақ үшін маңызды. Экспедицияның үшінші күні Ұлытауға көтерілуді мақсат тұтқанымызды жоғарыда айттық. Ол жерге алып баратын бір жол бастаушымыз болу керек. Таңғы асымызды ішкен асханадағы бір қыз бала ондай адам бар деді және телефон нөмірін де берді. Есімі Абдурахман  Иманбекұлы екен. Елгезек жан айтқан уақытында бізді бастап апарды. Ұлытаудың Әулие тау аталатын шыңына тәу етуге келетін жандар өте көп екен. Осы таудың басында жеті әулие жерленген. Олар: ерлі-зайыпты Сапар әулие ата мен Гүлсара ана, Мұрат ата мен Тана ана,  Қали ата мен Ырза ана және Тұрсын бақсы ата. Әулиелерді биік таудың басына жерлеу себебі, жаратқаннан оларға аян берілгеннен екен. Ешкімнің аяғы баспайтын және жаратушыға жақын жерге жерленгені де сондықтан. Тау басына шығар алдында Сапар әулиенің әйелі Гүлсараның бұлағынан су ішесің. Содан кейін тілек тілеп, тауға шығасың. Бізді бастап келе жатқан шырақшы Абдурахман Иманбекұлы баспалдақты баспас бұрын іштей тілек тілеп, жақсы ниетпен жоғары көтерілу керек деді. Бұлақтың суынан жолшыбай ұрттап отырып, тауға шығып келеміз. Әрине, бастапқыда алқынып қалдық. Жиі-жиі тоқтап, тыныс-тап алып, сапарымызды жалғастырудамыз. Тауға шығатын жол да бұралаңы, бұлтарысы көп, бір жері тасты, енді бір жері ойпаң болып келеді. Аяғыңды шалыс бассаң, төменге құлдилай жөнелуің әбден мүмкін. Сондықтан ақырын жүріп, анық басып, сабырмен жоғары өрмелеу керек. Бір-бірімізді демей жүріп, Ұлытаудың сілемінің бірі Әулие таудың басына да көтерілдік. Бұлақтың суы қуат берді ме, барған сайын денеміз жеңілдеп сала берді. Тауға өрмелеп келе жатып, бұрын кездестірмеген өсімдік түрлерін де көрдік. Таудың жуасынан дәм татып, емдік қасиеті бар арша және қобыз жасайтын тобылғымен де таныстық. Тасқа жабыса өсетін қына мен түрлі гүлдер де аяғымыздың астында қалып жатыр. Жоғарыдан Ұлытаудың маңы алақандағыдай көрінеді екен. Тау сілемдері, біресе қатпарлы, біресе қыртысты. Ғалым, картограф Ғизат Табылдиннің айтуынша, Ұлытаудың түзілгеніне 500 миллион жыл. Жалпы аумағы шамамен 15-20 шаршы километр. Биіктігі 1133 метр. Бұрын теңіздің астында болғанын айналада шашылып жатқан тастардан, ұлу қабыршақтарынан-ақ білуге болады. Ал, қыртыстары матрац типтес қатпарланып келеді. Жеті әулиеге зиярат етіліп, құран оқылды.

Бізді бастап келе жатқан Абдурахман Иманбекұлы Ұлытау тауының шыңында ауа райы күніне төрт рет өзгереді дейді. Оны да байқадық. Тауға көтеріліп келе жатқанда күн шайдай ашық еді, басына шыққанда қатты жел тұрып кетті. Ал, төменге түсіп келе жатқанда қайтадан күн ашылып, жайма-шуақ қалпына түсті. Таудың етегінде Абылай ханның қара жолы сайрап жатыр. Хандардың ордасында талай жиындар өтіп, талай шешімдер шығарылғаны да белгілі. Бұл жайында сәл кейінірек. Ұлытаудың басына шыққанымызбен, ұлар үнін ести алмадық. Бірақ ең биік шыңын бағындырғанның өзі үлкен жеңіс. Абдурахман Иманбекұлына алғысымызды айтып, қоштастық. Абылай хан жолымен жүріп келе жатқан экспедиция мүшелерімен Ұлытау қаласының әкімі Әнуарбек Серікбайұлы, Сәтбаев пен Жезқазған қаласының әкімдері Асқар Ыдырысов пен Қайрат Бегімовтермен кездесу өткіздік. Хандарына, билеріне, батырларына ерекше құрмет көрсетуді мақсат санайтын ұлытаулықтар аудан орталығына бірнеше ескерткіштер орнатыпты. Өз заманының ел билеушілерінің де тізімін жазып қойған. Бұл да ата-бабаға деген құрмет. «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы Ұлытаудың бауырындағы Хан ордасына ат басын бұрды. Дәл осы жерде қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы Керей мен Жәнібектен бастап әр жылдары ел басқарған хандар ақ киізге көтеріліп хан сайланған. ҚАЗАҚТЫҢ СОҢҒЫ ХАНЫ, АБЫЛАЙДЫҢ НЕМЕРЕСІ КЕНЕСАРЫ ДА ОСЫ ЖЕРДЕ ТАҚҚА ОТЫРҒАН. БОДАНДЫҚҚА ҚАРСЫ ОН ЖЫЛ КҮРЕСКЕН БАТЫРДЫ РЕСЕЙ ПАТШАСЫ ХАН САЙЛАУ ҰҒЫМЫН ЖОҚҚА ШЫҒАРСА ДА, ХАЛЫҚ ӨЗІ ХАН САЙЛАДЫ. ХАН ОРДАСЫНА БАРҒАН КЕЗДЕ БІЗГЕ ТІЛЕКШІ БОЛҒАНДАЙ АСПАННАН НҰР ЖАУДЫ. Қазақтың кең жазира даласы дәл осы маң ба дерсің. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Хан ордасы еліміздің әр түкпірінен маңызды жиындарға шақыруға да ыңғайлы жерде орналасқан. Ғалымдар бұл қазақ жерінің нағыз кіндігі дейді. Оның сол мақсатта пайдалануының да себебі осы. Алыс-жақыннан келіп жатқан қалың әскер, оларды бастаушы хандары мен уәзірлері көз алдымызға елестеді. Маңызды шешімдер осы жерде қабылданып, біртұтастықты мызғымас қамалға айналдыру жолында серттесу, ант беру сияқты рәсімдердің жасалғанына да осы қасиетті мекен куә. Хан ордасына мрамордан хан тағы жасалыпты. Оны қызық көріп суретке түсіп жатырмыз. Хан тағына отырған кезде кәдімгідей арқаланып жүре бересің. Бойыңа күш-қуат құйылып, халқыңның алдындағы парызыңды түсінгендей боласың. Шіркін, дана да ақылгөй, кесімді пікір айтып, бір сөзбен-ақ шешім шығара білген парасатты қаншама жандар өтті осы өмірден? Сол жайлы да толғанасың. Кезінде хандарымыз да елдің ертеңіне қатысты қандай шешімдерге барды екен деген де ой келеді. Ел басқарудың, халықты ұйыстыра білудің жолы өте ауыр. Оған тек тектілер ғана шыдас береді. Абылай хан сияқты көреген саясаткерлер ғана сыннан сүрінбей өтеді. Оның салған сара жолы қазіргі тәуелсіз еліміздің даму баспалдақтарына ұласты.

Экспедиция мүшелері бұл күні сондай-ақ, Хан орда қалашығына да барды. IX-XI  ғасыр аралығындағы оқиғалардың куәгері. Бұл қазақ тарихында Қыпшақ дәуірі деп аталады. Шыңғыс хан Академиясының академигі Кенжал Балкенұлының айтуынша, дәл осы жерде Жошыны хан сайлаған. Бұл жерді зерттеп, қазба жұмыстарын атақты археолог Әлкей Марғұлан жүргізген. 1224 жылдары Шыңғыс хан өзінің ұлдарын қазіргі Байқоңырдың маңына Қарақорым деген жерге жинап, билік ететін жерлерін бөліп береді. Жошыға  Қазақстанның көп бөлігі тиеді. Жоғарыда айтылған Хан ордасы қалашығында Жошы ғана отырған дейді ғалым. Жалпы, Алтын Орда дегеніміз Жошы ұлысы деген сөз. Сол кезде Шыңғыс хан 126 мың әскерінің 4 мыңын Жошыға бөліп берген екен. Ол халқына жайлы хан болды. Түрік мәдениетін қабылдап, сол тайпаларға бейімделді. Қазақ хандығының ең бірінші негізі осы жерде қаланған деуге болады. Бұл жер «Ескі жұрт» деп аталады. Өйткені, Жошыдан кейін ешкім бұл жерде отырмаған.

Ұлытауда Алаша хан мазары да өзінің тарихи аңыз-әңгімелерімен қызықтырады. Үш жүздің негізі осы Алаша ханнан тарайды дейді. Кезінде хандар сайланғаннан кейін осында келіп, мазар төбесіне шығып, тілек етіп, содан кейін қызметіне кірісетін болса керек. Алаша хан мазарының алдында үш жүздің таңбасы тұр. Ұлы Жүздің таңбасы – Қауға, орта Жүздің таңбасы – Босаға, кіші жүздің таңбасы – Найза таңбаланған. Шыңғыс хан академиясының академигі Кенжал Балкенұлының айтуынша, XV-XVI ғасырларда салынған кесене сәулет өнерінің ерекше бір түрі. Үш қабатты үй іспетті. Айналма баспалдақтары бар. Кірпіштерінде қасқырдың аяғының таңбасының салынуы Көкбөрі ұрпақтары дегенді білдіреді. Кесене ішіне қарлығаш ұя салған. Бұл да мазардың киелі адамға арнап салынғанының белгісі. Мазардың әр қабатында терезелер бар. Сол арқылы кірген жел мазарды тазартып тұрғандай. Кірпіштерінің қалануы да өзгеше.  Алаша ханды алғаш зерттеген Шоқан Уәлиханов. Абай мен Мәшһүр Жүсіптің жазбаларында да кездеседі. Алаша хан, Алаш ұғымдары қазақ халқының бірігуінің басында тұр. Жалпы, Алаша хан әлі зерттеуді қажет ететін тақырып. Бұл күні жұмыс тобы кезінде болыс болған Ерден мен Дүзен Сандыбайұлының да басына барып, құран оқыды.

Ұлытау қорық-мұражайы 1990 жылы ашылған. Бүгінде мұнда 4886 жәдігер бар. Оның 1827-сі негізгі қорды құрайды екен. Қалған 2959 жәдігер қосалқы қорға тиесілі. Экспедиция мүшелері музейдің ішін аралап көрді. Газетіміздің өткен сандарында хабарлағанымыздай, сапарымызды киелі Түркістан арқылы жалғастырып, қарт Тараздағы Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткіште түйіндедік.

Қай жерге ат басын бұрсақ та, бізді үлкен ілтипатпен қарсы алды. Халқымыздың қонақжайлылығын қайда барсақ та сезіндік. Жалпы алғанда, бес мың шақырымға жуық жолды көлікпен аралап түскен екенбіз. Ал, елге аман-есен оралғанда, алдымен Астанадағы «Мәңгілік ел» монументіне аялдадық. Ол жерде бізді жергілікті ғалымдар Серік Негимов пен Ғани Қарасаевтар қарсы алды. Қос ғалым осындай үлкен жолдан келген экспедиция мүшелері ел үшін, ұрпақ үшін үлкен іс тындырды деді. Әрі қарай Көкшетауға бағыт алған жұмыс тобын қаланың кіреберіс қақпасы алдында қалың жұртшылық қарсы алды. Абылай бабаның қара жолын жаңғыртқан жандарға шашу шашылып, арнау айтылды. Жақсы бастаманың міндетті түрде жалғасы болуы тиіс делінді. Екінші күні экспедиция мүшелері жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда жұмыс тобына облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың атынан Алғыс хаттарды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева табыс етті. Ал, тарихшы ғалымдар Абылай ханның қара жолы сызбасы түсірілген картасына қолтаңбаларын қойып, оны облыс әкімінің орынбасары Айна Ермекқызының қабылдауында болғанда өңір басшысына тапсыруды аманат етті. Экспедиция мүшелері енді өздері жүріп өткен маршрут бойынша кітап құрастыру мен деректі фильм дайындау жұмыстарына кіріседі. Шараның қорытындысы қазан айында өтетін ғылыми-тәжірибелік конференцияда шығарылады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий