Абылай ханның қара жолымен

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қыркүйектің 17-сі күні Бурабайдағы Абылай хан алаңынан «Абылай ханның қара жолымен» сапарға шыққан экспедиция мүшелерінің «Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан» бағытындағы сапары одан әрі жалғаса отырып, экспедиция мүшелері сапардың соңғы бекеті киелі Түркістанға да келіп жетті. «Көкшетау» газетінің тілшісі Гәкку Бәйішева байланысқа шығып, сапар барысы жайлы ақпарат берді. Экспедиция мүшелері қасиетті Сыр өңіріне де ат басын тіреп, Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты дөңгелек үстел басында әңгіме өткізіп, Қызылордадағы Абылай хан атындағы Гүлмира Қоңырбаева жетекшілік ететін №140 мектептің оқушыларымен кездесті.

Көне қорымдардың қасиеті

 

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, қыркүйектің 17-сі күні Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан бағыты бойынша жолға шыққан  «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы өзінің екінші күнгі сапарын тарихи сырлар тұнған Қорғалжын жерінде әрі қарай жалғастырды. Жергілікті аудандық әкімшілік пен ішкі саясат басқармасы алыс жолға шыққан ғалымдар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдары, блогерлерден тұратын жұмыс тобын сән-салтанатымен қарсы алды. Қазақтың салтымен шашу шашылып, Қорғалжын ауданына кіреберіс қақпада тұсаукесу рәсімі жасалды. Жергілікті қариялардан көне аңыздар жайлы ақпарат алып, Дударай монументі алдында жұртшылықпен жүздескен экспедиция мүшелері Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының музейін аралап көрді. Одан әрі жұмыс тобы Біртабан ауылына бет бұрды. Кезінде бұл жерде шаруашылығы дөңгелеген үлкен елді мекен болған екен. Өкінішке орай, тоқырау жылдары тоз-тозы шығып, қазір мұнда әке шаңырағының түтінін түтетіп, жалғыз қария Сағындық Мейрамбаев қана отыр. Жасы сексенді алқымдаған ата әлі де тың. Жүрісі ширақ, сөзі түзу, жадысы мықты. Бес уақыт намазын қаза қылмайды. Ораза тұтады. Жұбайы бірнеше жыл бұрын көз жұмыпты. Жеті баланың әкесі. Балалары көшіріп әкетуге көндіре алмапты. «Ата-бабам, әке-шешем осы топырақта мәңгі тынысын тапты. Сондықтан мен де осы жерде көзім жұмылғанша тіршілік ете беремін»,– деген қарияның сөзі бәрімізді толқытты. Сағындық ата домбырасын қолына алып, ескі сарынды шерте жөнелді. Күніне 30-40 шақырым жерді атқа мініп аралап шығуды әдетке айналдырған. Үш сиырды өзі сауып отыр. Ит жүгіртіп, аң аулауға да құмар. Балық та аулайды. «Газ-64» машинасын да жүргізеді. Бізге бұл жердің «Біртабан» деп аталуының себебі, сонау ашаршылық жылдары тарыққан бір адамға қармаққа бір табан балық қана ілінгендіктен, солай аталған деген аңыз сақталғанын айтты. Бірақ сонау зұлматты жылдары көп қазақты Қорғалжынның өзен-көлдерінің балығы аман алып қалғаны жайлы тарихи деректер бар. Осы жерге жеткен жанның таршылық көрмейтінін қазақ халқы білген.

Ал, Абылайдың қара жолы туралы әңгімеге Сағындық атаның ертеден құлағы қанық. Әкесі де айтып отыратын еді дейді. Ұлы ханның жолы осы Біртабан ауылының маңынан да өтеді. Оны қария далаға шыққанда қолымен нұсқап көрсетті. Үлкен керуен жолы Ұлытау жаққа дейін созылып жатыр. Ал, Абылай алқымы деген атау әлі де зерттеуді қажет етеді. Сағындық қарияның ақ батасын алып, жолға шыққан жұмыс тобы әрі қарай Баршын ауылына бағыт алды. Біздің жол серіктеріміз қорғалжындық қос азамат Абылай Медеубаев пен Нұржан Төлегенов жол бойында кездескен жер-су аттарын атап, таныстырып келеді. Жалпы, Қазақстан бойынша барлығы үш Паң аталған адам болған деседі. Соның бірі Паң Жантеленің кесенесі осы Қорғалжын жерінде. Руы Тінәлі. Паң Жантеле кезінде Ресеймен қарым-қатынасты реттеген жанның бірі. Кезінде аталарымыз кесенесінің жанынан атпен өтіп бара жатса, міндетті түрде жерге түсіп, жаяу жүретін еді дейді жолсеріктеріміз. Бұл елге қызмет еткен жанға көрсетілген сый-құрметтің белгісі. Ал, Құлан өтпес өзенінің жанына жақындағанда, бұл судың да өзіндік сыры бар екенін айтты. Кезінде құлан өрбіп, өзеннің арғы бетін мекендепті. Олар бергі бетке өтпейді екен. Сондықтан өзенге сондай атау берілген. Көктемде арыны қатты болып, тасыған кезде, ірі мұздар бетон көпірді бұзып кеткен кездері де жергілікті халықтың есінде. Өкінішке орай, құландар құрып кеткен. Шыңғыс ханның ұлы Жошыны Бетпақдалада құлан шайнап өлтіргені туралы аңыздың бар екені рас. Қазір осы жануардың түрін көбейту жұмыстары Торғай өңірінде қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта Қорғалжын қорығына да әкелінеді деп жоспарлануда. Ал, 80-ші жылдары осы маңда киіктің көп болғанын да жолсеріктеріміз айтты. Осы маңда ағып жатқан Жаман көң мен Жақсы көң өзендерінің атауы бір жағы ащы, бір жағы тұщы болғандықтан қойылған. Абылай ханның қара жолымен жүрген керуендер, жорыққа аттанған батырлар жолшыбай осы өзендердің бойына тоқтап, тыныстап алған деседі.

Қорғалжын аумағында орналасқан Баршын ауылы қазір Қарағанды облысы, Нұра ауданына қарайды. Бірақ қорғалжындықтар аталған елді мекенді өзінің туған мекені санайды. Баршын селолық округін қазір Зәуре Мұханалиева есімді нәзік жан иесі басқарып отыр. Пысық та алғыр әйел ауылды көркейту жұмыстарын қолға алып жатыр. Баршын маңында көне қорымдар өте көп екен. Олардың құпиясы тереңде. Зерттелмегендері қаншама. Жергілікті қария Жамбыл Жетпісбаев ауыл маңынан 8 шақырым жерден көне қорғанның орнын тауыпты. Оның аумағы үш футбол алаңындай. Оны қорған деуінің себебі, кіретін қақпасының орны және төрт бұрышында төрт таған орнатылған. Соған қарап, оны көне бекініс деп болжайды. Сол жерді белгілі картограф ғалым Қизат Табылдинге де көрсетіпті. Экспедиция құрамында бізбен бірге жүрген білікті маман алдағы уақытта ол жерді мұқият тексеріп, бір тұжырымға келеміз деді. Баршын ауылында «Қыз кесенесі», «Диуана тау» деген кішігірім төбе бар. Қыз кесенесінің салыну үлгісі де өзгеше. Кірпіштері күні кеше ғана қаланғандай, қар-жаңбырға да, қатты желге де шыдас беріп тұр. Сонау жаугершілік заманда оң жақта отырған Гүлбаршын немесе Баршынгүл есімді қызға қатысты екі аңыз сақталған. Бірінде сол қызға екі рудың жігіттері таласып, бір-бірімен жауласып қалғандықтан, олардың бітімгершілікке келмейтінін сезген қыз өзенге батып өлген делінеді. Енді бірінде атастырылып қойған қыз ұзатылып бара жатқанда қатты науқастанып, оң босаға аттамай көз жұмған деседі. Жамбыл қарияның айтуынша, он жасар кезінде сол кесененің ішінде шымылдық сияқты үлбіреген ақ мата ілініп тұратын еді дейді. Ол бертін келе шіріп кетіпті. Сонымен қатар кесененің ішінде қыздың әшекей бұйымдарын салатын қобдишаның орнын да жергілікті тұрғындар байқапты. Тек ол ашаршылық жылдары қолды болған сияқты. Ал, Диуана тау деген атауға ие болған төбе жайлы аталарымыз бұл жерде қазақпен соғыста қаза тапқан қалмақ қызы жерленген деп айтып отыратын еді дейді Кәркен Айнабаев. Қанша жерден жаумен шайқасып жатса да, қазақ халқының жауы жерленген зираттарға тиіспей, қорымдарды қорламағанын осыдан-ақ байқауға болады. Бұл да халқымыздың өзіне ғана тән ерекше қасиеті. Кәркен атаның айтуынша, осы маңда Аққошқар деген бай болыпты. Оның мыңғырған жылқысы болса керек. Кенесары жасақ жинап, орыс бодандығына қарсы шайқасқан кезде, оның батырларын қажетті  қазанаттарын, арғымақтарын қамтамасыз етіп, ер-тұрманын сайлап, азық-түлігін осы Аққошқар бай да-йындап беріп тұрған дейді жергілікті қариялар. Ал, Қарақойын Қашырлы деген  жерде Кенесары ханның әскери ордасы болыпты. Сол жерде жасағы жаттығып, шынығып, тынығып, жауға қарсы жорықтарға әзірленген.

Баршын ауылынан аса жол бойы бірнеше кесенелерге аялдадық. Экспедицияны басқарып келе жатқан Мұрат қажы Ыдырысұлы мәңгілік мекенін осы жерден тапқан жандарға арнап құран бағыштады. Кесенелердің құрылысы, кірпіштерінің қалануы біріне бірі ұқсамайды. Олардың салынуында сәулет өнерінің даму сатысы да жатыр. Картограф ғалым Қизат Табылдин оның бірі европалық үлгіде қаланғанын айтты. Бұл дегеніміз, ауқатты жандардың кесенесін арнайы тапсырыспен шетелден келген шеберлер салуы мүмкін. Оның кірпішінің  құрамын да зерттеу болашақтың еншісінде. Ғалымдардың айтуынша, кірпіштің құрамында аттың қылы, ешкінің сүті, тіпті жұмыртқа да болуы мүмкін. Олар осындай заттардан жасалуының арқасында ғасырдан ғасырға бұзылмай жетіп отыр. Баршын ауылынан асқан сайын алдымыздан кездескен кесенелердің бірқатары мемлекет қорғауына алынған. Олардың ішінде сәулет өнерінің үлгісіндей Қалпе қажының, Қылыштың кесенелерін атауға болады. Ал, кей қорымдардың жанында қалмақ зираты да бар. Оның табиғи тас-тармен толық жабылып жасалуының да өзіндік сыры бар сияқты. Батырларды, байларды ат-әбзелдерімен, қару-жарағымен, алтын-күмісімен бірге жерлеу рәсімі болғанын архитекторлар дәлелдеп келеді. Зираттардың тастармен жабылып салынуы да осындай тонаушылықты болдырмаудың бір жолы болған шығар деген де болжамдар айтылды.

Қарағанды аумағындағы Шұбаркөл ауылының жанынан тас көмір өндіріледі. Бұл жерде осыдан 300 миллион жыл бұрын теңіз болған деген де болжамдар бар. Су тартылып, жер қыртысынан көмірдің түзілгенін ғалымдар дәлелдеген. Осы маңда Төренің қасқа бұлағы, Айдаһар тауы деген жерлер де бар. Оларға қатысты түрлі аңыз-әңгімелер халық арасына тарап кеткен. Тағы бір қызықты деректі Шұбаркөл ауылдық округінің әкімінің айтуынша, Шұбаркөлден 30 шақырым жерде, Сары өзен деген ауыл бар. Сол маңдағы Етік шешкен деген таудың етегіне Қобыланды батыр жерленген деп әкесі айтып отырады екен. Ол қорым түрінде емес, тек үйілген төмпешік түрінде. Әкесі көпке дейін баласына ол жерді көрсетпепті. Егер жергілікті халық біліп қалса, қорымын қорлайды деп қорыққан екен. Әрине, бұл қаншалықты шындыққа жанасатыны белгісіз. Оның анық-қанығына жету болашақтың еншісінде. Дегенмен, «Қобыланды батыр» жырындағы «Сары судан өткенде, Сары өзенге жеткенде» дейтін жерлері жоғарыдағы ақпарды анықтауға септігін тигізетіндей. Ал, Етік шешкен деген таудың атауына келетін болсақ, ол Қыз Жібекке Төлегеннің келе жатқанын сүйіншілей хабарлауға асыққан жігіттердің жолшыбай күйеу жігітті шешіндірген жері дейді. Төлегеннің етігі шешілген жер сол жер болса керек. Міне, аңыз-әңгімеге арқау боларлық Қорғалжын, Қарағанды өңірінен  түрлі мәліметтер жинақтаған экспедиция мүшелері әрі қарай хан ордасы Ұлытауға бағыт алды. Бұл өлкеде қазақтың соңғы ханы Кенесары таққа отырған. Қасиетті де қастерлі орындар көп. Ол жайлы оқырманды хабардар ететін боламыз.

 

Киелі мекен –

Түркістан

 

Енді міне, көне Сығанақ қаласының ашық аспан астындағы музейін де аралап жүрміз. Тарихшы Қанат Еңсеновтің айтуынша, Сығанақ қаласын Ақорда тұсындағы хандардың астанасы деуге болады. Бұл жерде сол V-ші ғасырдың өзінде өркениет дамыған. Кәріз құбырлары тартылып, монша жұмыс істеген. Мұны жалпы қазақ тарихындағы өркениеттің қанат жайған бір дәуірі деуге болады. Бұл жерден керуен жолы өткен. Қазір археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Көне дәуірден жеткен қаланың іргетасы қалыпқа келтіріліп жатыр. Моңғол шапқыншылығы кезінде қираған қала ХІІІ ғасырдың соңы мен XIV ғасырдың басында Ерзен ханның тұсында қайта қалыпқа келтірілді. Қала Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан. Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Көпжасар Жетібаев көне қаладан әлі де құнды жәдігерлер табылады дейді.

Көне дәуірден бізге жеткен құнды жәдігер – Сауран қаласы. VI-шы ғасырдағы оғыздар мен қыпшақтар мекендеген. Өркениеті қатты дамыған қала жаугершілік замандарда біресе қазақ хандарына, біресе жау жағына өтіп отырған. Көне Сауран мен Сығанақ калалары Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. ХІІІ ғасырда моңғолдар жаулап алған. Ал, XVI ғасырда Қасым Хақназар хан қайтарып алған. Сауран қаласында ақша сарайлары, мешіт, медреселер, моншалар болған. Қазір археологтар мәдени қабаттарына қазба жұмыстарын жүргізіп, бұл жерде шайқастар болғанын дәлелдеуде. Оны қаланы айнала қоршаған қорғандарынан және су толтырып, жау өтпейтіндей қазылған орлардан байқауға болады. Жалпы, Сауран қаласына солтүстік және шығыстан кіретін екі қақпасы болған. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 850 метрге, шығыстан батысқа қарай 660 метрге созылып жатыр. Ұзындығы 2360 метр. Сауранда ХІХ ғасырға дейін халық тұрған дейді тарихшы ғалым Қанат Еңсенов. Көне кірпіштердің осы кезге дейін бұзылмай жетуі қайран қалдырады.

Абылай ханның қара жолы экспедициясы ер түріктің бесігі Түркістан қаласына келіп жетті. Түркістан қалалық музейін аралап көрген жұмыс тобы облыс әкімдігінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатына қатысты. Жергілікті өлкетанушы, ғалым, қазақ хандарының тарихын терең білетін Хазіретәлі Тұрсын осындай қасиетті топырақты басып жүргенімізге тәубешілік етеміз деді. Дәл осы жерде қазақтың игі жақсылары мәңгілік тыныс тапқан. Абылай хан бабамыз да осында жерленген. Ханның тағының үлгісі де бар. Өкінішке орай, Абылай ханның тұтынған заттары жергілікті музейде жоқ. Абылай хан тұлғасы тұлғалана береді деді ғалым.

Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі – Түркістан жеріне табан тіреген Абылай ханның қара жолымен жүріп келе жатқан экспедиция мүшелері картограф ғалым Қизат Табылдин құрастырған Абылайдың қара жолы бейнеленген картаға қолтаңбаларын қалдырды.

Түркістан қаласында қазақтың маңдайына біткен біртуар азамат, қоғам қайраткері, қазақтың қамы үшін адал еңбек еткен Нұртас Оңдасыновтың ұрпақтары тұрады. Ата-баба мұрасына көздің қарашығындай қарайтын жандар туған жер тұлғасына ескерткіш орнатып, аллея ашып, музейі жұмыс істеп тұр. Нұртас Оңдасыновтың ұрпақтары мұраларын әлі де жинас-тыру үстінде. Экспедиция атынан ол кісілерге Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдық жинағын сыйға тарттық. Ал, шөбересіне Көк туымызды табыс еттік. Еліне еңбегі сіңген осындай азаматтарды ұрпағы ұлықтап жатқанда, көкшетаулыктар да Еркін Әуелбековтей біртуар ұлына құрмет көрсетсе, артықтық етпес еді деген ой келеді.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі XIV-ші ғасырдан бізге жеткен кесене. Оны Әмір Темір салдырған. Қожа аруақты бабаның руы, есімі Ахмет, Яссы қаласында туғандықтан Яссауи атанған. Діндар жан пайғамбар жасынан асқаннан кейін жер басып жүруге құқым жоқ деп жер астында өмір сүрген. Содан кейін де 62 жыл өмір сүріп жүз жиырма бес жасқа келген деген аңыз бар. Қожа Ахмет кесенеге ең бірінші болып жерленген әулие. Содан кейін хандар мен батырлар да осында қойыла бастаған. Яссауи халықты Ислам діні жолымен жүргізді. Оның «Диуани хикмет» атты даналық кітабының бір нұсқасы Көкшетаудағы әдебиет және өнер музейінде сақтаулы. Ол көшірме емес, түпнұсқасы. Дәл сондай екі кітаптың біреуі Парижде, екіншісі Стамбулда сақтаулы. Кесенеде 21 хан, 8 сұлтан, 21 би, 54 батыр және көптеген игі жақсылар осында. Абылай хан бабамыз мәңгілік тыныс тапқан бөлмесіне кіріп, рухына құран бағышталды. Кесене ішін аралап көріп, Әзірет сұлтан музейінің жәдігерлерімен таныстық.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий