«Абылай ханның қара жолы» экспедициясы Көкшетаудан Шығысқа жолға шықты

Шілденің 31-інде таң сәріден жолға жиналған экспедиция Баянауыл, Қарқаралы, Семей, Тарбағатай өңірлеріне бет алды. Жолдың жалпы қашықтығы 7 мың шақырымнан асады деп жоспарланып отыр. Тарихи-танымдық сапар барысында Абылайдың қара жолы бойындағы көне қорымдарға зиярат етіліп, халық аузында сақталған аңыз-әңгімелер, тарихи маңыз-ды деректер жинақталмақ. Экспедицияға белгілі ғалымдар, өлкетанушылар, тарихшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отыр. Сапар барысында экспедиция құрамына Маңғыс-тау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыс-
тарының да зерттеушілері қосылмақ.

Еске салайық, экспедицияның алғашқы күні Ерейментау аймағындағы 17 киелі орыннан басталған. Олардың ішінде Жаушоқы, Саққұлақ би кесенесі, Едіге би кесенесі, Бұйратау ұлттық табиғи паркі аумағындағы Қосбатыр, Құмай ескерткіштері бар. Экспедиция құрамы Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен де танысты. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев алдағы жылы аталған мұражай орталықтағы жаңа ғимаратқа көшірілетінін жеткізді. Сонымен қатар, орталық алаңда Үмбетей жырауға ескерткіш орнату жоспарланып отырғанын айтты. Тағылымды жобаны жүзеге асыруға жергілікті кәсіпкерлер қаржылай демеушілік көмек көрсетуде.
«Басты мақсат – қазақ даласының тарихи-мәдени мұрасын зерделеп, үш жүздің басын қосқан Абылай бабамыздың ел мен жерді сақтап қалудағы зор еңбегін паш ету. Сапар барысында «Ұлы даланың ұлы есімдері» туралы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте «Абылай ханның қара жолы» жобасының ата-баба тарихын жаңғыртудағы маңызы өте зор», – дейді экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы.
«Үш жүздің басын қосып, Қазақ елінің шекарасын шегендеп, біртұтастығын бекемдеу жолында шайқасқан бабаның салған сара сүрлеуі бойында танылмай жатқан деректер әлі де жетерлік», – дейді экспедицияның белді мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов.Көкшетаудан Шығысқа бет алған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы Павлодар облысындағы Баянауыл ауданына келіп жетті. Сапар барысында Баянауыл аймағындағы Мәшһүр Жүсіп кесенесіне зиярат етіліп, құрбандық шалынбақ. Одан әрі Жасыбай Батыр, Теңдіктегі Мұса Шорманұлы кесенесі, Бұқар Жырау кесенесінде тың мәліметтер жинақталады. Экспедиция құрамында 17 адам бар. Биылғы тарихи-танымдық сапардың ерекшелігі сол, Хан Абылайдан тараған Ханқожа ұлының ұрпағы Амангелді Нашарбеков, сонымен қатар Хан Кене мен Шоқан Уәлихановтың тікелей ұрпақтары қатысып отыр. Осы азаматтардың арқасында ұлы тұлғалардың өмірі мен қызметі жайлы бұрын-соңды беймәлім болған құнды материалдар жинақталуда. Хан Кенеден тараған Оспан шөбересі Құрманғазы Қырқынбайұлы экспедицияға сонау Кентаудан арнайы келіп қосылды. Ал, Көкшетаудан Шоқан Уәлихановтың өз кіндігінен тараған ұрпағы Мәліктің шөбересі Дулат Серғалиұлы да бар. Бұл Шоқанның жары Айсарыдан туған ұл – Мәліктен тараған екен. Мәліктен – Қабдөш – Ербатыр мен Серғали туды. Ер жасы елуге келген Дулат ағамыз Шоқанның тарихын жаңа қырынан зерттеуді көздеп отыр. Ал, енді Хан Абылайдан тараған Ханқожа ұлының ұрпағы Амангелді Нашарбеков туралы айтар болсақ, Хан ұлы Ханқожа Абылай заманында Қытай еліне аманатқа берілген екен. Осы және өзге де тың әрі ерекше дүниелер экспедиция күнделігіне хатталды.

Ерболат СЕРІКБАЙ,
Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий