АБЫЛАЙ ХАН ЕСКЕРТКІШІ

Адам тағдыры сияқты ескерткіштердің де тағдыры бола ма, қалай? Кейде әлдебір тарихи тұлғаларға жасалған дүние өз орнын таппай, тасаға, қалтарысқа қойылып жатады. Ол ұрпақтың өткендерін еске алуы, оны іске асыруының кешеуілдеуі, мерейтойлар, саяси науқандар, тағы басқа толып жатқан қым-қиғаш мәселелерге байланысты да. Әдейі істелмейді. Мәселен, үш жүздің ханы, елдің даму тарихында орыны ерекше Абылай хан ескерткіші кейінде тұрса, не дер ек? Қанша сылтау болса да, көкейде бір өкініш пен өкпе сыздамас па еді? Қазақтың өз танымы, өз ұстанымы, салт-дәстүрі бар. «Ханды неге төрге оздырмай, тысқары қалдырған?», – деп көрген жан аңтарылып тұрмас па еді? Абырой болғанда олай болмады. 1999 жылы елімізде бірінші рет Абылай ханға Көкшетау қаласында ескерткіш ашылғанда орын көркем қаланың қақ ортасынан, қаланың Орталық алаңынан бұйырды. Ең қолайлы, ең салтанатты, ең көрнекі орын. Алаңның орта тұсы, қалалық баққа кірер қақпаның алды.  Бұл жаңалыққа бөркін аспанға атып жұрт қуанды, ел дүрлікті. Жетпіс жыл коммунистік идеология құрсауында, батырын батыр, ханын хан дей алмай келген қазақ үшін ұлы ханына ескеркіш орнату, оны құрметтеу, әрине елеулі оқиға еді. Сондықтан да, ескерткіштің ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді.

Тағы бір тілге оралар жәйт, сол кезде де бүгінгі облыс әкімі Сергей Кулагин облысты басқарып отырған-ды. Демек, бүгінде ашылғанына он бес жыл толып, көзайым болып, көз қуантып отырған ескерткіштің ашылуына, орналасуына, оған қаражат бөлінуіне, керемет идеяның жүзеге асуына Сергей Кулагиннің қосқан үлесі мол. Мұндай ірі оқиғаның өңір басшысынсыз іске аспасы кәміл еді. Ол жергілікті зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ақсақалдармен пікірлесе отырып, келіп түскен эскиздердің ішінен осы үлгіні таңдапты. Расында, халық көңілінен шығарлық кейіптегі Абылай хан ескерткішін таңдау ол тұста аса жеңіл емес-ті. Өйткені, Абылай – атағы жер жарған, абыройы асқақ, аты аңызға айналған тұлға, мемлекет қайраткері, даңқты қолбасшы, дүниеге аты мәлім ірі саясаткер. Қалы кілемнің үстінде, қалқада отырған ақсүйек емес, жауға шапқан батыр. Тұтқында да ұнжырғасы түсіп, сағы сынбай, дұшпанына сөзін өткізе алған сұңғыла. Үш жүздің басын қоса алған бедел иесі. Екі бүйірден қысқан екі алып мемлекетпен келіссөз жүргізіп, жоңғардың бетін қайтарып, еліне тыныштық әперген көреген. Тіпті, артына көптеген шығармалар қалдырған күйші. Осындай сан қырлы, жаратылысы бөлек, бітім-болмысы тұңғиық терең тұлғаны сомдап, жарасымды етіп ескерткіш орнату оңай ма еді? Бұл жерде талғам да, таңдау да сынға түсері сөзсіз. Орынсыз шығынға баруға тағы жол жоқ. Барлық жағы қарастырылуы керек.

Сонымен, Абылай ханға арналған алғашқы ескерткіш орнатылды. Біткен іске сыншы көп. Мақтап, мадақтағандармен бірге оған сын айтқандар да болмай қойған жоқ. Ол пікірлер: «Хан тұғыры биік болуы керек еді.», «Тас үстінде отырғандай көрінеді, хан тақта отырар еді…» деген бағытта болды. Рас та шығар. Абылай ханға аспанмен астастырып ескерткіш қойылса, әрине, айып емес. Бірақ, сол кезгі экономикалық жағдайымызды ескерсек, бұл аз жетістік емес-ті. Сонда да, сыпыра жамандау болған жоқ. Даттаушыдан, мақтаушы көп. Енді, «Уақыт нені көрсетті?» дегенге келсек, уақыт ескерткішті санаға сіңірді, көңілдің төрінен орын алды, көкейге қонды. Көкшетау қаласының жарасымды символына айналды. Ескерткіш авторлары Т.Жұмағалиев пен  Ю.Баймұқашевтың еңбектері жанды. Сол кездегі «Көкшетау» газетінің редакторы Ж.Ерғалиев пен Көкшетау мешітінің имамы Р.Оразұлының Түркістандағы Абылай хан зиратынан әкелген бір уыс топырақты Елбасы өз қолымен ескерткіштің етегіне қойды. Бұл топырақты көкшетаулықтар үлкен бір ырыммен, хан аруағы елін, жұртын қолдап жүрсін деген ниетпен алдырған-ды.

Қазір, өзі ту тіккен, ордасын ұстаған, ауасын жұтып, жерін жайлаған Көкшетауында Абылай бабамыздың әрі асқақ, әрі қарапайым, терең тарихқа, ойға жетелер салтанатты ескерткіші берік те нық орын тепкендей, өмірмен, халық тағдырымен біте қайнасқандай. Ол аңсаған егемендікке қолы жеткен халқы оның ескерткішіне барып тағзым етеді, гүл шоқтарын қояды, ұрпағына оның кім болғанын айтады. Ұлан-байтақ еліміздің сан түкпірінен жер шоқтығына жеткен қонақтар бас иеді. Сонымен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұсауын кескен осынау ескерткіштің  халқына қалтқысыз қызмет етіп тұрғанына биыл 15 жыл. Бұл тарих осылай жалғаса бермек.

                                                                                      Серік Жетпісқалиев.

                                                                                      жазушы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс