Аграрлық саланың адымы аршынды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды. Оның барысында Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысымен, сондай-ақ, облыстың кәсіпорындарында цифрлық технологиялар мен Индустрия 4.0 элементтерін енгізу шараларымен танысты.

Премьер-министр облыс орталығындағы «Қазақстанның Агро Инновациялық Корпорациясы» серіктестігінің ауылшаруашылығы және коммуналдық техниканың индустриялық-технологиялық паркінде болды. Цехты аралау барысында Премьер-министр ауылшаруашылығы техникасын құрастырудың технологиялық үдерісімен танысты. «Қазақстандық Агро Кәсіпорын 2017 жылы 698 млн теңгеге 507, 2018 жылдың үш айында 265 млн теңгеге 208 бірлік техника шығарған. Соңғы сегіз жыл ішінде өңірде Индустрияландыру картасы аясында 79 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 7,9 мың жұмыс орны ашылды. Биыл 53,4 млрд теңгенің алты жобасын іске асыру жоспарланған.1330 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.

Үкімет басшысы «Бижан ет өңдеу зауыты» серіктестігінің жұмысымен танысты. Зауыт жылына 5 мың тонна ет өнімдерін өндіреді. 2017 жылы 289,2 млн теңгенің, 2018 жылдың бес айында 486,4 млн теңгенің өнімі өндірілді. Қазіргі таңда Ресей нарығына экспорт ретке келтірілген, Орталық Азия мен Қытайға шығу жоспарлануда.

Облыстың аграршыларымен кездесуде АӨК дамытудың жандандырылған мемлекеттік бағдарламасы аясында ұсынылатын, ауыл- шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың жаңа мүмкіндіктері, құралдары мен тетіктері, сондай-ақ, елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланады. Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А.Евниев АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ұсынатын мүмкіндіктер туралы толығырақ баяндап берді. Оның айтуынша, қой және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық фермаларды құру, жайылым алаңдарын 58 млн га-дан 100 млн га-ға дейін, ірі қара малдың санын 15 млн-ға дейін, қойлардың санын 30 млн-ға дейін арттыру көзделген. «Фермер аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржылай қолдау қорымен 15 жылға 4%-бен қаражат ала алады. Бұл мәселе шешілуде, тек нақты технологиялық тәртіп қажет», – деді бірінші вице-министр. Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП төрағасы А.Мырзахметов өңірдегі ауылшаруашылығы
тауарларын өндірушілер көтерген барлық мәселелер Үкіметпен бірлесіп талқыланып, егжей-тегжейлі пысықталатынын айтты. Ол сонымен қатар көршілес елдерге экспортты арттыру қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы №1 қалалық емханада өңірдің денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысымен таныс-
ты. Облыстың медицина саласының қызметкерлерімен кездесуде медициналық қызметтердің сапасы, саланы қайта реттеу және жеке қызмет көрсету секторын дамыту мәселелері талқыланды. Премьер-министр мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсету әдістерімен және өңірде жалпы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысымен танысты. Премьер-министрге операциялық залдың және дайын құжаттарды беру залының жұмысы таныстырылды. Облыс әкімінің орынбасары В.Крылов Ақмола облысында цифрландыру білім беру, денсаулық сақтау, интеллектуалды көлік жүйесі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық қауіпсіздік және Smart аудан секілді бағыттарда жүргізіліп жатқанын атап өтті. Білім беру саласында кезек қалыптастыру процестерін автоматтандыру, мектеп жасына дейінгі балалар ұйымдарына бағыт беру және балаларды мектепке қабылдау жөніндегі жобаларды іске асыру басталды. Бұдан бөлек Премьер-министрге Көкшетау қаласында қоғамдық көлікте жүру құнын төлеуді бақылауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша таныстырылды. Жобаны іске асыру 2018 жылдың соңына дейін жоспарланған. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б.Ә.Сағынтаев облыс әкімдігінде бизнес өкілдерімен және активпен кеңес өткізіп, осы жылдың бес айында атқарылған жұмыс қорытындылары мен Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасында» айтылған міндеттердің жүзеге асырылуы бо-йынша алдағы жұмыстарға тоқталды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында экономиканы әртараптандыру, кадрларды даярлау, еңбек ресурстарын басқару, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімі Мәлік Мырзалин баяндап берді. Үкімет басшысы сонымен бірге, отандық тауарлар мен техника өндірісін дамыту және әлемдік нарықтарға одан әрі шығу қажеттігіне баса назар аударды. Талқыланған мәселелер бойынша министрлер мен облыс әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілді.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий