Аграрлы аймақтың міндеттері айқын

Кеше Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Астанадағы орталық коммуникациялар  қызметінде облыстың 2017 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық қорытындылары және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Алдымен өңір басшысы тоғыз айда атқарылған жұмыстар жайын баяндады.  Оның айтуынша, Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттарды жүзеге асырумен сабақтас әрі нәтижелі өрбуде.

Ондағы басты нысана макро-экономикалық тұрақтылық пен тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік жаңғырту, өңірлерді үйлесімді дамыту болып табылады. Соңғы тоғыз айда экономиканы дамытуға жұмылдырылған инвестиция көлемі 175 миллиард теңгеге жетіп отыр. Ол қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтып, облыс тұрғындарының әл-ауқаты арта түсуде. Әсіресе, инвестициялық саясатты білгірлікпен іске асыру нақты игілікке айналып, күткендегідей қайтарым беріп отыр. Осының нәтижесінде ауыл- шаруашылығы, тау-кен металлургиясы, құрылыс индустриясы, қайта өңдеу өнеркәсібі, тұрғын үй-коммуналдық сала, көлік, байланыс, курортты және агломерациялық аймақты дамыту бағытында елеулі серпіліс байқалуда. Елімізде жиналатын астықтың төрттен бірін, қазылатын алтынның үштен бірін Ақмола облысы өндіреді. Аймақ басшысының айтуынша, жалпы ішкі өнім бойынша өңірлік құрылымда өнеркәсіп секторының үлесі – 25%, ауыл- шаруашылығының үлесі 15% құрап отыр. «Бұл астықты өңіріміз экспортқа да шығарып отыр. Индустрияландыру бағдарламасының арқасында облыс алтын өндірісін төрт есе ұлғайтып, республика көлеміндегі жалпы алтын өндірісінің үлесі 34% жетті. Жүк көлігі өндірісінің жартысынан астамы, кірпіштің 30%, ұнның 10% Ақмола өңіріне тиесілі. Қазақстандағы уран қорының шамамен 10% біздің аймақта шоғырланғанын атап өткім келеді», – деді М.Мырзалин. ТМД-да теміржол көлігі үшін мойынтіректі шығаратын жалғыз кәсіпорын Ақмола облысында орналасқан. Мәлік Мырзалиннің сөзіне сенсек, ішкі сұраныстан бөлек, өндірілген мойынтіректердің 80% Ресей Федерациясына жеткізіледі.
Биыл Астанада Ақмола облысы фермерлердің сапалы өнімдерін ұсынатын «AQMOL» дүкендер желісі ашылды. Елордалық аймақтың фермерлері Ақмола облысының әкімдігімен бірлесіп Астанада «AQMOL» дүкендер желісін ашу арқылы сапалы өнімдерді қолжетімді етпек. Бұл азық-түліктің негізгі түрлерін жеткізуді ұйымдастырып, ауыл-шаруашылықты қалыптастырудағы өндірістің жаңа әдістерін пайдалану және өнімді тасымалдаудағы ең төменгі шығындар арқылы өнімнің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Дүкен сөрелеріне аймақтың үздік он тауар өндірушілері «Агрофирма «Родина» ЖШС, «Ижевский» ПК, «Астана Агро Продукт» ЖШС, «CAPITAL PROJECTS LTD» ЖШС, «Гормолзавод» ЖШС, «Торговый Дом «Айна» ЖШС және т.б. сүт пен еттен жасалған әрі елімізде сонымен қатар шетелдерге танылған өнімдерін қояды. Сонымен бірге көтерме-бөлу орталығын ашу көзделуде. Осылайша арада делдал болмай, тұтынушыларға тиімді бағамен сапалы тауар алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда облыстың 128 кәсіпорны елордаға азық-түлік жеткізумен айналысады. Оның ішінде 68-і мал шаруашылығы ет және ет өнімдерін, 54-і ұн, картоп, көкөніс, сұйық май сияқты ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Өңірде халықты баспанамен қамту жоспары да өз деңгейінде орындалуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 404 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.Осылайша, жеке тұрғын үйлер 1,6 есеге көбейген. Облыста әлеуметтік саланы дамыту да басты назарда. Биыл өңірде 8 жаңа мектептің құрылысы басталды. Білім беру нысандарының құрылысына жеке инвесторлар да қатысуда.
Облыста жеке тұрғын үй құрылысы үшін өңір тұрғындарына жер телімдерін бөлу жұмысы күшейтілмек. «Мен бұл жұмыстың басталып кеткенін, ал келесі жылы осы бағытта айтулы жоспарлар барын атап өткім келеді. Тек Көкшетау қаласында ғана біз келесі жылы 2 мың жер учаскесін бөлетін боламыз», – деді Мәлік Мырзалин. Облыс әкімінің айтуынша, биылғы жылы Көкшетауда тұңғыш рет тұрғындарға 10 сотық аумағындағы 218 учаске бөлінген. Келешекте Ақмола облысының 14 елді мекеніндегі 7 мың үйге инженерлік коммуникация тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, жылдың аяғына дейін кезекте тұрған Тұрғын үй жинақ банкі бағдарламасына қатысушыларына 6 көппәтерді үйді тапсыру көзделуде. 2018 жылы бағдарлама шеңберінде 20 көппәтерлі жалға берілетін және несиелік тұрғын үй тұрғызу жоспарланған. Сонымен қатар, жеңілдетілген несие мен ипотекалық қарыз есебінен салынатын тұрғын үй құрылысының механизмі іске қосылған. Осы бағытта Ақмол ауылында 10 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы және Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында 200 жеке тұрғын үй салынатын болады. Облыста атқарылған жұмыстарды баян еткен Мәлік Мырзалин өз кезегінде журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Өңір басшысы Астана-Щучинск күрежолы бойындағы қызмет көрсетуді дамыту жоспарымен бөлісті. Ол жол бойындағы 140 нысанның тиісті қалпына келтірілетінін айтты. Облыс әкімінің айтуынша, ел азаматтары Астана-Щучинск автожолы бойындағы дәретxана сапасы, тамақтанатын орындар мен азық-түлік сататын дүкендердің жетіспейтінін айтып шағымданады. Осы орайда Мәлік Мырзалин қызмет көрсетуді қалай жақсартуға болады деген сұраққа жауап берді. “Бұл бәріміз үшін маңызды сұрақ. Өзім де бұл трассада іс-сапармен көп жүремін. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын “ҚазАвтоЖол” өкілдерімен бірге қарап шықтым. Бізде мемлекеттік стандарт бар. Соған сай жол бойында қызмет көрсететін 140 нысанды тиісті қалыпқа келтіреміз. Астана-Щучинск автожолы бойында қызмет көрсететін үш стационарлық нысанды ашуды жос-парлап отырмыз. Олардың екеуін биыл аяқтаймыз. Тағы тоғыз модульді, бір жобаны бекіттік. Олардың бәрі әдемі көрінетін болады”, – деді өңір басшысы. Облыс әкімінің айтуынша тоғыз нысанның төртеуі жолдың бойында, екеуі Щучинск курортты аймағында орналасады. Мәлік Мырзалин бұл жұмыстарды 2018 жылдың туристік маусымы басталғанға дейін аяқтаймыз деп уәде берді. Сөз соңында ол жол бойындағы талапқа сай емес дәретxаналардың бәрін сүргізетінін және қажетті дүкендер мен тамақтану орындары, санитарлық тораптар болатынын айтты.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий