Аграрлы аймақтың мүмкіндіктері мол

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, аграрлы аймақтағы көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, Сандықтау ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған әлеуметтік-инфрақұрылым нысандарын, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру мекемелерін аралап көрді.

Үкімет басшысы Сандықтау ауданы алқаптарындағы егіс жұмыстарымен, жергілікті ауылшаруашылығы кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасымен, дәнді және жемшөп дақылдарын өңдеу мен тазалау, сондай-ақ, ет және сүт өнімдерінің өндірісін кеңейту жобаларымен танысты. Биыл аграрлы Ақмола облысы 4 миллион 900 мың гектар жерге дән сіңірді. Егіс жұмыстарына шамамен, 32 мың ауылшаруашылығы техникасы, 16 мың бидай сепкіші, 1 мыңнан астам егіс кешені жұмылдырылған. Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақмола облысына 68 мың тонна кепілдендірілген жанар-жағар май бөлінді. Шаруалар үшін оның литрі 165 теңгеден. «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылуын бақылау аясында Премьер-Министр Асқар Мамин Сандықтау ауданының Максимовка және Балқашын ауылдарында болып, ондағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын
– абаттандырылған тұрғын үйлерді, денсаулық сақтау, білім беру және спорт мекемелерін аралап көрді. Өңір басшысы Ермек Маржықпаев мемлекеттік бағдарламалар аясында облыстың аудандарында жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныстырды. «Балқашын орта мектебін күрделі жөндеуден өткізуге 260 миллион теңге бөлінді. Ауданның жолдары орташа жөндеу жұмыстарынан өтуде, оған 70 миллион теңге қарастырылған. Білім беру саласында 3 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы, облыстың 19 ауданында түгел құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Сандықтау ауданына «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында қосымша 650 миллион теңге бөлінді. Жалпы, ауданда 19 жоба жүзеге асырылуда», – деді өңір басшысы. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аудандық аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге 537 миллион теңге бөлінді. Жалпы, облыс бойынша Целиноград ауданы мен Көкшетау қаласында жаңа емхана құрылысы жүруде. Сонымен қатар, Шортанды ауданында амбулатория салынуда. Ақкөл ауданында Премьер-Министр «Петкус» компаниясындағы тұқымдық желілерінің, егіс жұмыстарының барысымен танысты. «Еңбек» серіктестігінің сүт-тауарлы фермасында мал шаруашылығын дамыту мәселесі қозғалды. Премьер-Министр жалпы алдағы кезеңдегі басым міндет экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етілуін арттыруға, шикізаттық емес секторға, тиімді инвестициялар мен қосылған құнның өңірлік және жаһандық тізбегіне кірігуіне негізделген жаңа құрылымын қалыптастыру болатындығын тағы да атап өтті.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий