Агроқалашық салу қолға алынды

Аршалы ауданындағы қандастарға арналған агроқалашық инфрақұрылымы құрылысының бірінші кезеңі туралы ҚР Үкіметінің шешімінен кейін, жоба нақты іске асыру кезеңіне өтті, деп хабарлайды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі. Қауымдастықтың мәліметінше, бүгінгі күні геодезиялық зерттеулер негізінде жер телімдерінің шекарасы анықталып, оларды нақтылау жүргізілді, жолдар мен басқа да инженерлік желі салуға белгі қойылды. Жер телімдері шегінде межелеу жұмыстары қолға алынды. Үйлердің құрылысы осы жылы 15 мамырда басталады. Қазіргі есептеу бойынша, агроқалашықтағы алғашқы үйлер биыл күзде бой көтереді. Аршалы ауданында 196 гектар жер алынып, сондай-ақ, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктерінің тиісті құрылымдарымен 1 282 коттедж салуға келісілді. Жердің иелері –ЭКСПО-2017 көрмесінің бұрынғы құрылысшылары, негізінен оңтүстік облыстардан келген және елдің солтүстік аймақтарында қалуға, тұруға және жұмыс істеуге ниет білдірген қандастар. 6-8 мың тұрғынға арналған елді мекен маңынан үш жарым мың жұмыс орнын ашу қаралған. Онда 300 гектар жылыжай, ауылшаруашылық өнімін сататын көтерме базар, жылқы, ірі қара мен ұсақ малды өсіріп, бордақылау орталығы болады. Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласын сапалы және қолжетімді ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге үлес қосады. Жобаның бірегейлігі – үйлерді сатып алу мен салуға мемлекет тарапынан ешқандай қаражат жұмсауды қажет етпейді. Жер қазірдің өзінде сатып алынған, үйлерді жер иелерінің өздері «Асар» әдісі бойынша салады, әрі бұл үй құнын едәуір төмендетіп, сапасын арттырады. Қауымдастықтың түсіндіруінше, шекаралас Өзбекстан тұрғындары тарапынан ет пен сүт өнімдеріне деген сұраныстың жоғары екендігін ескере отырып, бұл жоба экспортқа бағытталған және шағын отбасы мал фермасын құруға бейімделген. Әр қожалыққа үй мен аула шаруашылығын салу үшін 25 сотыққа дейінгі жер телімі бөлінеді деп жоспарланып отыр. Отбасылық қожалық өнімдерін өңірде үлкен сұранысқа ие халал негізінде өндіретін болады. Болашақта мұндай агроқалашықты Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында салу жоспарланып жатыр.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий