Адал достықты ардақтайықшы, ағайын!

Көкшетау қаласының құрметті азаматы, кәсіпкер Кеңесбек Бектасұлы:

Жастайымнан әдеби шығармаларды көп оқып, тарихына, салт-дәстүріне, сұлу табиғатына сырттай қанық болғандықтан Көкшетауды бір көруді армандағаным рас еді. Соның сәті 1967 жылдың ақпанында түсті. Жамбыл технология институтын бітіріп, министрліктің арнайы жолдамасымен Щучье ет комбинатына қызметке келдім. Менің ғана емес, отбасымның да келешек бақытты тағдырын айқындаған сол бір сындарлы сәт әлі күнге есімде. Бурабай-курорты станциясына поезд тоқтап, вагон есігі ашылғанда жүйтки соққан боран ішке еніп кетті. Оңтүстікте туып, жылы жақта өскен маған табиғаттың бұл құбылысы түс сияқты қызық көрінді. Иә, қасиетті де, киелі Көкше топырағына осылай алғаш қадам басып, қызмет істегеніме міне, елу жыл толыпты-ау. Саналы ғұмырымның алтын арқауына айналған осы қуанышымды достарыммен, құда-жегжатпен бөлісуді ұйғардық. Қонақжай дастархан басында жастық шақ, айнымас достық, ұрпақ бақыты жайлы бүкпесіз ашық әңгіме болды. Сырға толы сол кеште білікті басшы, ел ағасы атануы-
ма қамқорлық жасаған Көкше еліне шынайы алғысымды білдірдім.
Шіркін жастық шақта Арқаның дүлей бораны соқпақ түгіл, Арктиканың айсбергі жылжып келсе де, алған беттен қайтпай үнемі алға ұмтыла бересің ғой. Мұндайда қасыңда сүйеу болар жолдасың, ақыл айтар ағаң болса, тіпті жақсы. Ондай сәтте қарапайым тіршіліктің еш ауыртпашылығын да сезбейді екенсің. Щучье ет комбинатының шұжық цехында учаскелік мастер болып қызмет істеп жатсам да, жеке баспана болмағандықтан кішкентай Сәкен мен Ләззат балаларымызды аялы құшағымызға бөлеп, Күлбибі екеуіміз екі-үш айдай Амангелді Момышевтың үйінде тұрдық. Ол Жамбыл технология институтын менен бір жыл бұрын бітіріп, ет комбинатында мастер болып жұмыс істейтін-ді. Қолында қарт анасы болса да, жұбайы Оңдасын екеуі қабақ шытпастан отбасымызға қамқор болғанын қалайша ұмытармын. Жан досым Амангелді жайлы пікірімді әрі қарай сабақтай түссем, ол кейін Щучье ет комбинатында бас инженер, директор, Көкшетау обкомының жеңіл өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты, министрдің кеңесшісі болды. Қазақ еліне танымал қоғам қайраткері әлі де аттан түскен жоқ. Жамбыл өңірінде өркендеген жеке кәсіпшілігі бар.
Отбасымызбен Бурабайға бауыр басып, дос-жарандарымыз көбейіп, қызметте мен де өсе бастадым. Учас-
ке мастерлігінен бас инженер, 1980 жылы ет-сүт өнеркәсібі министрлігінің шешімімен Пески ет комбинатына директор болып тағайындалдым. Дербес кәсіпорынға дербес басшы болу үлкен жауапкершілік жүктегенімен мойынға алған істі орындауға міндеттісің. Алты жылдың ішінде бұл ет комбинатын да жетекші кәсіпорын қатарына қосуға тура келді. Мансапшыл, атаққұмар болмасақ та, қабілетің, тәжірибең жетіп тұрғанда елге пайдалы жұмыс істегің келеді емес пе. Бұл – өмірдің шындығы, уақыттың талабы. 1986 жылы «Казмясомолторгтың» тоңазытқыштарды бөліп беру мекемесіне директорлық қызметке ұсыныс түсті. Бұл қызметке келуіме бірден-бір себепкер, әрі қолдаушы болған Көкшетау облыстық сауда басқармасының бастығы Қымбат Мұстафина еді. Ол кісі Пески ет комбинатының жұмысын бес саусақтай жақсы білетін. Біздің шығарған ет өнімдеріміз тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, тікелей Ленинград қаласының сауда орындарына жөнелтілетін. Облысымыздың мәртебесін одаққа осылай таратқан еңбегімнің өтеуі болар, Көкшетау обкомының бірінші хатшысы Мақтай Сағдиевтің қолдауымен Көкше төрінен бірақ шықтым. Несін жасырайық, ол кездері қолыңнан іс келсе де, қазақ азаматтарын қызмет баспалдағымен өсіру оңайға түспейтін.
Одақ ыдырап, шаруашылық тұралаған сәтте ұлдарым Сәкен мен Еркіннің көмегімен «Арасан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдық. Кейін ол «Хладокомбинат» деп аталды. Еліміз туелсіздікке қол жеткізіп, рыноктық қатынастар күнделікті өмірімізге белсене ене бастаған сәтте біз де қарап қалмай, банктен несие алып, 2002 жылы құрылысы аяқталмаған 24 пәтерлі үйді әрі қарай салып, пайдалануға бердік. Табысымыз молайып, өрісіміз кеңейген соң 2004 жылы тағы да 48 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргіздік. Осындай талпыныстың арқасында қаншама көкшетаулықтар баспаналы болды. Алға қойған мақсатымыз кәсіпкерлікті өркендету болғандықтан 2008 жылы жалпы аумағы 4320 шаршы метр сауда алаңы бар «Жібек жолы» жабық базарын салып, іске қостық. Ел игілігі жолында атқарған жұмыс, төгілген маңдай тер еш уақытта атаусыз қалмайды. 2006 жылы ҚР СТ КСО 9001-2001 халықаралық сапа стандартына сәйкес етті сүрлеу жөніндегі озық тәжірибені өндіріске енгіздік. «Шаңырақ-10» республикалық «Алтын белгі» дипломын алдым. Жетпіс жасқа толуыма орай Көкшетау қаласының құрметті азаматы атағына ие болуым мерейімді өсірген өмірімнің айшықты бір белесіне айналды.
Жолдас-жоралары Кенағаң деп ардақ тұтатын азамат жайлы кездесу кешінде ізгі тілектер, естелік әңгімелер көп айтылды. Ішкі істер органының ардагері, милиция полковнигі Балғабек Балташев, қоғам қайраткерлері Сапарбек Құнанбаев, Аманжол Сейітжанов, Төлеген Махметов, ұзақ жылдан бері дәм-тұздары араласқан елге сыйлы азаматтар Кәрім Жандаев, Рахметолла Тұяқбаев, Бекжан Абдоллаевтың жұбайлары Бибігүл, Дәмелі, Ғалия, сыралғы достары Жәзит Ахметов пен Қасқырбай Сейдахметовтың жұбайлары Іңкәр мен Күлнәзия, сырлас інілері, полиция полковнигі Жасболат Хасенов, білікті басшы-дәрігер Сағындық Кенжетаев, ел ардақтылары Мереке Оразалин, Жақсылық Дәуітбаев, Бексұлтан Баймұтов, Амангелді Қаймолдин, мың жылдық құда-құдағилары Естай-Сайран, Рысбек-Алтын орамды ой өрнектеп, ел ағасының асыл қасиеттерінен, отбасылық өнегелі дәстүрлерінен сыр ақтарды. Достар бас қосқан кешті Кенағаңның асыл жары Күлбибі Қамбарбекқызының жүрекжарды мына сөзімен түйіндеуді жөн көрдік: «Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам», «Доссыз өмір – шоғы жоқ көмір» демекші, қуанышыңды бөлісіп, қайғыға ортақтас болатын ақкөңіл ағайынға не жетсін. Қасиетті Көкше өңірінде өткізген елу жылдың ішінде сыр бөлісер қаншама игі жақсылармен жақын болдық. Өзім болсам, 38 жыл тапжылмастан облыстың қаржы саласында абыройлы еңбек етіп, өңірдің экономикасы мен әлеуметтік саласының басым бағыттарын өркендетуге шама-шарқымша үлес қостым. Отбасылық осы игі дәстүрімізді ұрпақтарымыз сеніммен жалғастырып келеді. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіріп, сыйластығымыз әрдайым да баянды болса екен деймін.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс