Адал жолмен – жарқын болашаққа

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал жол-Честный путь» форумының жұмысына қатысты. Шарада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов сөз сөйледі.

Өңір басшысы М.Мырзалин сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік ахуалын қалыптастыру ісіне қосқан үлестері үшін Жақсы ауданын бірінші дәрежелі, Сандықтау және Біржан сал аудандарын екінші, үшінші дәрежелі дипломдармен марапаттады. «Адал жол» марафонына белсене қатысқандары үшін Астрахан, Жарқайың аудандары Алғыс хатқа ие болса, «Көкше» телеарнасынан Юрий Обердиенко «Үздік телевизиялық жұмыс», Әсел Әутәліпова «Үздік интернеттік жұмыс» аталымдарында жеңімпаз атанды. Бұдан әрі форумда Олжас Бектенов сөз алып, «Адал жол» марафонының маңызына тоқталды. Оның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бүкіл қоғамды тарту. Марафон  алғаш Ақмола облысында басталған. Агенттік оны қолдап, бүкіл елімізге таратып отыр. Бұл ретте, ведомствоның Ақмола облысы бойынша департаменті Қазақстанда ең таңдаулы департаменттердің бірі болып саналады. Бұған қоса, сыбайлас жемқорлықпен күресте Ақмола облыстық әкімдігі ең әдепті, ашық әкімдік ретінде танылған. Осы жоғары жетістігі үшін ақмолалықтар Оңтүстік Корея еліне тәжірибе алмасуға баратын болады.

Шарада Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов сөз алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ісіне өзіндік үлестерін қосып жүрген бір топ мемлекеттік қызметшілерге және баспасөз өкілдеріне Алғыс хаттар тапсырды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий