Адамдарға мейірім шуағын төгіп…

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «Көкшетау» мәдениет сарайына жиналған медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтап, қалалық жедел жәрдем стансасының ұжымына осы заманғы су жаңа алты реанимобильдің кілтін салтанатты жағдайда тапсырды. 

Отандастарымыздың денсаулығын қорғау мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының стратегиялық мақсаттарының басты жетістіктері саналады. Осыған орай елімізде дәрігерлік қызметтің сапасын жақсартып, қолжетімділігін қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Оның жарқын мысалы ретінде келесі жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуін айтар едік. Осы және Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттерге орай біздің өңірде медицина саласын жаңғыр-туға орай емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген. Тек соңғы жеті жылдың ішінде ғана 1 мың бөлшек техника, 150 санитарлық машина мен реанимобильдер сатып алынды. Осы мерзім ішінде 33 нысан пайдалануға берілді. Оның 3-уі Көкшетау қаласы, Ақкөл және Целиноград аудандарында 250 адамды қабылдайтын 3 жаңа емхана.
Ағымдағы жылы Кенесары селосында дәрігерлік амбулатория салу үшін жергілікті бюджеттен 107,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Сонымен бірге 1,1 миллиард теңгенің күрделі жөндеу жұмыстарының 9 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Емдеу мекемелерін жас мамандармен толықтыру да басты назарда. Өткен жылы ғана 359 адам қызметке қабылданды. Оларға тұрғын үй бөлініп, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық жеңілдіктер жасалуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Көкшетау қаласы бойынша тар сала мамандары үшін 20 пәтер бөлу ұйғарылды. Дәрігерлер қауымы моральдық қолдаудан да кенде емес. Кәсіби мерекеге орай соғыс ардагерлеріне арналған емхананың мейірбикесі Гүлнар Мақышева, Көкшетау қалалық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Беспалова, облыстық аурухананың бөлім меңгерушілері Райхан Әбжанова мен Нүрила Кенжетаева, электрондық денсаулық сақтау республикалық орталығының ақпараттық-талдау бөлімінің жетекшісі Евгений Бекаев, фармация комитеті департаменті жетекшісінің орынбасары Зарема Әділбекова, облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Жәния Омарова денсаулық саласындағы көп жылғы және жемісті еңбектері үшін «Құрмет белгісі», «Үздік қызметкер», «Денсаулық сақтау үздігі», «Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үздік үлесі» төсбелгілерімен марапатталды. Облыстық онкологиялық диспансердің дәрігер-статисі Мейірхан Қаппасовқа «Еңбек ардагері» медалі тапсырылды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс