Адамның мерейін өсіріп, құрметке бөлейтін мереке

«Жұмыс істегісі келгендердің бәрі жұмыс табады және бір емес, екі жұ­мыс тауып, еңбекақы алу мүмкіндігі бар. Тек ниет болуы керек».

«Достар» мәдениет сарайында Еңбек күні мерекесіне орай қажырлы істерімен ел алғысына бөленіп жүрген таңдаулы жандарға айрықша құрмет көрсетілді. Адам еңбегінің қоғамдағы рөлін айшықтап, беделін өсіру мақсатында ұйымдастырылған айтулы шарада Ақмола облысы әкімінің орынбасары Олжас Бектенов сөз алып, жиналғандарды өңір басшысының атынан құттықтады.

IMG_7622Осыдан үш жыл бұрын елімізде Елбасының Жарлығымен Еңбек күні белгіленді. Содан бері ол жоғары деңгейде атап өтілуде. Еңбексіз адам ешқандай жетістікке қол жеткізе алмайды. Елімізде елеулі еңбек етіп жүрген адамдар өте көп. Олардың барлығы да құрметке лайық. Мереке құрметіне «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары – үздік еңбек әулеттері, жас мамандар мен тәлімгерлеріне Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Биыл «Еңбек жолы» конкурсына біздің облысымыздан 17 өтінім түсіпті. Марапатқа ие болғандар қатарында «Үздік еңбек әулеті» атанған Есіл ауданы Қаракөл орта мектебінің ұстазы Жүкей Байғалым, «Алтынтау Көкшетау» акционерлік қоғамының жүргізушісі Павел Трищ, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымының иегері – Көкшетаудағы №1 қалалық емхананың дәрігер-терапеві Татьяна Степанова, «Өндірістің үздік жас маманы» – М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Рауан Сайлаубекова секілді өз саласының майталман озаттары болды.
Шара барысында еңбек етіп, аты озған қарапайым азаматтар да сөз сөйледі. Алтын өндіру фабрикасында еңбек ететін Павел Трищ абыройға жету үшін тынымсыз, тиянақты еңбек етіп, үздіксіз оқып, ізденудің маңыздылығын мәлімдеді, жас-тарды еңбексүйгіштікке үндеді. «Жақсылық жасаудан ләззат алатын, еңбек арқылы ғана шынайы бақытқа жетуге болатынын сезініп, түсініп жүргендердің мерекесі бұл», – деп жылы лебізін білдірді ол. «Үздік еңбек әулеті» аталымының жеңімпазы, Есіл ауданы Қаракөл орта мектебінің ұстазы Жүкей Байғалым еңбектің адамға күш беретінін, ал оның әділ бағалануы қанат бітіретінін айтып, ағынан жарылды. Бұл күні «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі конкурсының қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде Жарқайың ауданындағы «Пищепромторг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Иван Попов, Еңбекшілдер ауданындағы «Семізбай-U» ЖШС-і директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Ренат Байсұлтанов, Көкшетаудағы «Той Дастархан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Елена Мащинская, Бурабай ауданындағы «RG-Gold» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Сыздықов түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Шара барысында денсаулық, білім, мәдениет, ауылшаруашылығы, құрылыс салаларындағы еңбек озаттары облыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.
Бүгінгі таңда еліміздегі өнеркәсіп саласында 8 миллионнан астам азамат еңбек етуде. Ақмола облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Кеңес Бекішев бір топ азаматты «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Өз сөзінде ол қарапайым жұмысшылардың қауіпсіздігі қазір назар аударатын жағдай екендігін атап өтті.
Аталған мереке еңбек адамының беделін өсіруге, өндіруші еңбекті ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды көптеп тартуға, жұмысшылар династиясындағы көпжылдық дәстүрді нығайтуға қызмет етпек. Әулетімен белгілі бір кәсіптің тізгінін ұстап, осы жолда нәтижеге жеткен адамдардың көпке көрсетер үлгісі де мол болатындығы түсінікті. Міне, мерекеленіп отырған Еңбек мерекесі сол мақсаттың баяндылығын насихаттайды. Жылы шырайлы кездесуде оған қатысушылар өз еңбек жолдарының тарихы туралы әңгімеледі, ел тарихында қалған адамдардың есімдерін еске алды. Мерекелік шарада «Достар» мәдениет сарайының көркемөнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып мерекенің ажарын аша түсті. Еңбек адам өмірінің мәні болып қала бермек. Жер бетінде жақсылық атты ұғым барда шынайы бақыт, еңбек бақыты да қоғамның бір құндылығы ретінде сақталатыны анық. Мерекеге жиналған жұрт осыны сезінгендей болды.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс