Адамға қиянат жасамай өмір сүргеннен артық бақыт жоқ

Көкшетау қаласындағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрына Алматыдан режиссер, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Оразхан Кенебаев спектакль қоюға
келді дегенді естігеннен кейін халыққа жақсы таныс өнер иесімен сұхбаттасайын деп әдейілеп іздеп барған едім. Менің кездесуге келетінімді біліп, есік алдында күтіп жүр екен. Жүзінен мейірім
төгіліп тұрған жанды алғаш көруім, бірақ бұрыннан таныс адамша бірден шүйіркелесіп кеттік. Міне, қарапайымдылық деген қайда жатыр?! «Халіңіз қалай аға, Көкшетауға хош келдіңіз!»
десем, «Халім жақсы, ақырын-ақырын жүріп жатырмын» деп күлді. Көкшетаудың халқы асықпай жүріп шаруасын бітіреді екен дегенді меңзегені. Осында келгеніне көп болмаса да біздің жақтың сол дағдысына бойы үйрене бастағанын жасырмады. Қасиетті Көкше топырағын алғаш басуы, ендігі арманы – Бурабайды көру. Театрға осы рухани орданың басшысы Мұратбек Үкібайұлының және өзінің шәкірті Медет Хамзиннің қолқалауымен келіпті.

Оразхан Кенебаевтың көкшелік көрерменге ұсынғалы отырған қойылымы – семейлік автор Медеу Сәрсекенің пьесасы «Тендерге түскен келіншек». Қозғалатын ой, көтеретін тақырыбы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – қазақтың баласына беретін тәрбиесінің олқы тұсын көрсету. Яғни, «балаң өскенше, немерең өлгенше» деген қағиданы өзгертетін уақыттың жеткенін айту. Ұлың есейгенше, қызың бойжеткенше қолынан жетектеп жүрудің қаншалықты қасірет әкелетінін көрсету. Отызда орда бұзатын, қырықта қамал алатын шақта ата-анасының мойнына мініп отыратын жауапсыз, ынжық, әлжуаз ұрпақтың қатарын көбейтпеуге тырысуға үндеу. Қо-
йылымды көрген көрерменнің тым болмаса бір-екеуі ой түйіп, осындай қателік жібермесе екен дегенді еске салу. Батыс жақта, Еуропада 16 жасқа келген баланы қолына сөмкесін беріп, бар енді өз күніңді өзің көр деп жібереді. Ал, біз неге олай істемейсіз? Бала әке-шешесінің етегінің астында отырып бойкүйездікке үйренеді. Осы пьесаны алған себебім, мына баланы басымыз жерге жеткенше сүйреп жүре береміз бе деген ой тастау дей-
ді Оразхан Сәдуақасұлы. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актерлерімен жұмыс істеуді енді бастаған режиссер күнделікті екі рет репетиция жүргізіп жатыр. Тамыздың аяғына дейін спектакльді дайындап кетпек. Ал, театр өзінің маусымын осы жаңа қойылыммен ашуды да жоспарлап қойыпты.
Саналы ғұмырында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік жасөспірімдер мен балалар театрында актер болған жан қырық жылдан бері сабақ беріп келе жатыр. Сондықтан өзінің шәкірттерінің бойында мысқалдай болса да дарын болуы тиіс деп санайды. Әйтпесе, актерді қолдан жасау мүмкін емес. Ол ойнап тұрған ролі, айтар сөзі, қимыл-қозғалысы арқылы көрерменді тәрбиелейді. Оқыған адамға, осымен шұғылданған адамға баланың дарынын тануға көп уақыттың керегі жоқ, бір өлең, проза, мысал оқытып, ән салғызу арқылы да баланың бойындағы қабілетін байқауға болады. Көп бала бірден ашыла қоймайды, жүре-жүре ашылатындары да болады. Қазір төлеп оқытуға болатындықтан ата-аналар көбіне балаларын бойында Алла тағаладан берілген бір пайыз дарын бар ма, жоқ па, соған қарамастан өнер саласына дайындайтын орынға әкеліп бере салады. Ертерек соны бір білікті адамға көрсетіп алу керек, содан кейін ғана өнер жолына бағыттауға болады. Әйт-
песе, оқуға түстім, енді осыны бітіріп шығайын деп өзі де қиналып, ұстаздарын да шаршатып жүрген студенттерді аяйтынын да жасырмады. Балаға обал болатынын ескеру керек деп санайды. Режиссерлік те адамның бойында бар болуы тиіс қабілет. Бір пайыз дарының болса, 99 пайызы еңбек болуы керек.
Оразхан Кенебаевты жастайынан таршылық шыңдапты. Өзінің кедей отбасында өскенін ешкімнен жасырған емес. Ағасы екеуі бір аяқ киімді кезек-
кезек киіп жетілгені де шындық. Бір күні ауылға «Чапаев» киносы келіпті. Бірақ клубқа кіруге Оразхан баланың 50 тиыны болмаған. Атыс-шабысты сыртта жүріп естіп, көзімен көре алмағаны жүрегіне қатты батса керек. Сол оқиғаны әлі күнге дейін күрсініспен еске алады. Әр жұма сайын радиодан спектакль берілетін. Өнер дүлдүлдерінің дауысын естіп, актер болуға деген ықыласы артса керек. Тіпті, дөңгелек табақша сияқты радио құрылғының ішінде ойнап жатқан симфониялық оркестрді, актерлерді өз көзімен көруге ынтыққан баланың оны бөлшектеп тастағанына қатал әкесі де ренжімей: «Өй, қара қасқа ит!» деп жай ғана кейігені оның болашағына балта шаппайын дегеніндей көрінеді. Талапшыл жас кейін Т.Жүргeнов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер институтының драма мен кино режиссурасы факультетіне оқуға түскенде де бетінен қаққан жоқ.
Кез келген актер еңбекқор және дарынды болуы керек. Қарап тұрып көру, тыңдап тұрып есту – органика, яғни үйлесім деп аталады. Актер шеберлігінің технологиясын ойлап тапқан Станиславский, Немирович-Данченко деген театр теоретиктерінің еңбектерінде бәрі сараланып жазылған. Әлі күнге дейін өнер ордаларында оқытылып келеді. Қазақ тіліне аударылған нұсқасы түсінімге өте ауыр, студенттерге игеру қиын болғандықтан, талай жыл сабақ беріп келе жатқан Оразхан Сәдуақасұлы жиырма жылдай жинақтап жүріп, жатық тілге аударып шығыпты. Қазір жас мұғалімдер «Актер шеберлігінің элементтері» деген оқулығын пайдаланып келеді. Кинода ойнау мен театрда сахнаға шығудың арасында үлкен айырмашылық бар дейді өзі де осы екі саланы қатар алып келе жатқан кәсіби маман. Театрдың тәсілі мен киноның тәсілі мүлдем бөлек. Мысалы үшін сахнада тұрған актердің көзін 15-ші қатарда отырған көрермен қайдан көрсін. Ал, кинода оператор көзімізді жақыннан көрсете алады. Көз деген жүректің айнасы ғой. Сондықтан бүгін киноның тәсілімен жұмыс істесек, ертең
театрдың тәсілімен жұмыс істейміз дейді.
Оразхан Сәдуақасұлы шыншылдық, еңбекқорлық деген қасиеттерді ерекше бағалайды. Әкесі: «Егер көшеде келе жатып тиын тауып алсаң, қолыңды жоғары көтеріп, мынау кімдікі деп үш рет айқайла, егер ешкім үндемесе, сонда ғана қалтаңа салуыңа болады» дейтін. Әркімнің өз шындығы бар. Ақиқат қана біреу. Шындықты да айтатын уақыты, жері, орны болады екен. Шындықты айтамыз деп талай ұрынған кезіміз де болды дейді.  Ал, қазақ баласын тәрбиелеуде «әйтеуір аман болсын» деп емес, үлгі тұтарлық елдердің жақсысын алу қажет деген ойына қайта оралудан еш жалықпайды. Ақ пен қараның, тән мен сананың не екенін бала білу керек. Әйтпесе, өзінің нанын тауып жей алмай жүрген бала халықты қайдан ойласын, елді қайдан ойласын, жерді қайдан ойласын? Сондықтан тәрбиені басқа жолға салу керек. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов теңіз болатын болса, мен тек тамшымын, Міржақып Дулатов от болатын болса, мен ұшқыны ғана шығармын дегендегісі де солар ұстанған бағыттың өзектілігін алға тартқаны деп түсіндік. Ешкімге қиянатым тимесін, ешкімге жаманшылығым болмасын деген ұстаныммен жүретін Оразхан Сәдуақасұлының ойлы сөздерінен көп нәрсені түйген біз театр деген киелі шаңырақтың қасиеті мен қадірін ұғынған жанның ғана осы ордаға именбей кіруіне болатынын түсіндік.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий