Адам құқығын қорғау жолында

Мемлекет басшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» мақаласында адамның құқығын қорғау, оған өндірісте алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызу, елге сіңірген еңбегіне орай құрмет көрсету міндеттелген болатын. Осыған орай қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күнін өткізу дәстүрге айналған. Бұл бағытта атқарылған істер жайлы Ақмола облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Дүйсенбек Баймұсыновпен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Көкшетау» газеті: Дүйсенбек Сәлменұлы, облыс бойынша бүгінгі таңда кәсіпорындардың жұмысшыларына қарызы қанша? Оны төлету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Дүйсенбек Баймұсынов: Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 821 өтінішті қарады. Оның 778-і еңбек қатынастары, 39-ы өндіріс қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, 4-уі жұмыспен қамту бойынша. Сонымен бірге 399 кәсіпорын мен ұйымға тексеріс жүргізіліп, оның 51-де 2064 қызметкерге 236,7 миллион теңгенің жалақысы төленбегені анықталды. Мемлекеттік еңбек инспекциясының ұйғарымымен 1946 қызметкерге 221,3 миллион теңгенің жалақысы өтелді. Алайда, әлі де борышкер кәсіпорындар баршылық. Мысалы, биылғы жылдың шілде айында «Подлесное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Каменское өңдеу зауытының 7 жұмысшысы жалақысын ала алмай жүргені туралы шағымданған болатын. Тексеріс барысында аталған кәсіпорында сәуір-маусым аралығындағы жалақы қарызы 508 296,32 теңге екені анықталды. Соған орай серіктестіктің заңды тұлғасы әкімшілік жауапқа тартылып, 80 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл төледі. Жұмысшылар өзінің жалақысын толық көлемде алды. Сондай-ақ, тамыз айында Н.Айықпаев деген азаматтан «Көкшетау Автодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен маусым, шілде айларының жалақысын алмағандығы жайлы арыз түсті. Тексеріс барысында оның шындыққа саятыны анықталды. Бұл кәсіпорынның да заңды тұлғасына 60 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынып, жұмысшыларға жалақысы төленді.
«Көкшетау» газеті: Өндіріс орындарында жазатайым оқиға орын алғанда жарақат алған адамға қаншалықты қаржылай қолдау көрсетіледі? Бұл бағытта еңбек инспекторлары қандай көмек бере алады?
Дүйсенбек Баймұсынов: Біздің қызметкерлер жазатайым оқиғаларға қатысты туатын дауларды да шешуге қатысады. Мысалы, жылдың басынан бері осындай 77 жағдай тергелді. Өткен жылы өндіріс орнында 11 адам көз жұмған болса, биылғы саны – 6. Оның басым бөлігі қауіпсіздік шараларын сақтамаудан болады. Егер жазата-йым оқиғаға кәсіпорын басшылары кінәлі болса, олар көз жұмған адамның отбасына қаржылай қолдау көрсетуге міндетті. Балалары бар болса, оларға 18 немесе 23 жасқа дейін жәрдемақы төленеді. Жазатайым оқиғаларды азайту мақсатында 2000 лауазымды тұлға еңбек қауіпсіздігі бо-йынша арнайы курстан өтті. Бұл өз кезегінде адам өмірін сақтап қалуға үлкен сеп.
«Көкшетау» газеті: Еңбек инспекторлары қандай арыздар бойынша жұмыс істей алмайды? Оған не кедергі болуы мүмкін?
Дүйсенбек Баймұсынов: Бізге түсетін арыздардың арасында өзіміз шеше алмайтын мәселелер болады. Оның басты себебі, жұмысшылардың кәсіпорын иелерімен келісім-шартқа тұрмауына байланысты. Жай сөзбен келісе салып, іске кірісіп кетеді де, жұмысты аяқтағаннан кейін жалақысын ала алмай жүреді. Ондай жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе, құрылыс және ауылшаруашылығы саласында. Тараптар келісім-шартқа отырмағасын бізге жұмысшының құқығын дәлелдеу қиынға соғады. Ол істі сотқа бергеннің өзінде қарапайым адамның жеңіп шығуы неғайбіл. Өйткені, ,құжатта рәсімделіп, мөрі басылмаған, яғни еш дәлел жоқ. Сондықтан бір жерге уақытша жұмысқа орналассаңыз да міндетті түрде келісім-шарт жасасыңыз, сонда ғана өз құқығыңызды қорғай аласыз. Елбасы кез келген мекеме, кәсіпорын өз қызметкерлеріне жалақысын әр айдың 10-нан кешіктірмей беруді тапсырғаны белгілі. Алайда, оны толық орындамайтын жауапсыз басшылар бар.
«Көкшетау» газеті: Президент ұсынған «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» идеясы еңбек адамына деген көзқарасты өзгертті. Соның арқасында қарапайым жандар құрметке бөленуде. Бұл бағытта еңбек инспекциясы қандай шараларды қолға алуда?
Дүйсенбек Баймұсынов: Биыл маусым айында «Еңбек жолы» конкурсы ұйымдастырылды. Ол «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістегі үздік жас маман» және «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымдары бойынша өтті. Нәтижесінде аумақтық байқаудың жеңімпаздары болып теміржолшылар Серік Құлымбетовтың әулеті танылды. Сондай-ақ, «Алтынтау-Көкшетау» акционерлік қоғамының жас маманы Әрсен Сәлімгереев пен жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп келе жатқан «Ижевский» өндірістік кооператив жетекшісі Ибрагим Жанғоразов республикалық байқауға жолдама алды. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова 2015 жылдың 30 қазанында «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясы аясында жасалатын шаралардың жоспарын бекіткен болатын. Соған орай биыл біз барлық мекемелерге, жекеменшік кәсіпорын иелеріне қыркүйектің соңғы жексенбісіне сәйкес келетін Еңбек күнін атап өту және ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттау туралы ұсыныс-хаттарымызды жолдадық. Сол арқылы қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілсе екен дейміз. Ең бастысы, жұмыс орындарында оқыс оқиғалар орын алмаса деген тілегім бар.
«Көкшетау» газеті: Әңгімеңізге рахмет, еңбегіңізге табыс тілейміз.

Әңгімелескен Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс