Азаматтардың өтініштері ескеріледі

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен облыстық партия комитетінің офисінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, оларды толғандырып жүрген түрлі сауалдарға жауап берді және бірқатар азаматтардың жеке басының сауалдарына байланыс-ты қоғамдық қабылдау өткізді.

IMG_5839«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында болған қабылдау кезінде Зеренді ауданы, Қоныспай ауылынан келген жеке кәсіпкер Алик Шүкенов «Даму» қоры арқылы несие алуға байланысты туындаған қиындықтар жайлы айтып, депутаттардан көмек сұрады. Ол кондитер цехын ашу үшін қажетті жер телімін үш жыл мерзімге жалға алған екен. Несие беретін банк жалға алу мерзімі кем дегенде тоғыз жыл болуы керек деген талап қойған. Осы орайда, депутаттарға құзырлы орган облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Римма Қарымсақова мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының бас менеджері Ерболат Едігеев жауап берді. Шешуі қиын күрделі мәселеге орай Алик Шүкеновке халық қалаулысы Майра Айсина мәселенің жайын жазбаша жазып беруін, кейінірек мүмкіндігінше көмек көрсетілетінін айтты. Қоғамдық қабылдауға келген барлық азаматтар өздерін толғандыратын мәселелер жайында халық қалаулыларынан толыққанды жауап алып, қолдан келгенше заң шеңберінде көмек көрсетілетінін естіп білді. Олардың бірқатары жергілікті атқарушы органдар тарапынан шешілетін болса, енді біреулері заңнамадағы олқылықтарға қатысты туындаған мәселелер.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрғын Сыздықов облыс орталығындағы жұртшылық өкілдерімен, журналистермен кездесті. Емен-жарқын пікір алмасу жағдайында өткен бұл басқосуда Қазан революциясының 100 жылдық мерейтойына дайындық мәселесі, «Халықтық коммунистер» парламенттік фракциясының жұмысы жайлы әңгіме болды. Мәжіліс депутаты Тұрғын Ысқақұлы жиналғандарды Парламенттегі заңдарды қабылдау жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы хабардар етті. Әсіресе, жер мәселесін шешу және дәрі-дәрмек бағасын реттеуге, тұрғындардың әлеуметтік қорғалымсыз топтарынан жасалатын өтініштерге Мәжіліс депутаттары тарапынан айрықша көңіл бөлінетіндігін айтты. Кейбір өзекті мәселелер басқа фракцияның мүшелерімен бірлесе шешілетін көрінеді. Мәселен, кішкентай сәбидің жүрегіне ота жасатуға Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы мен «Нұр Отан» партиясындағы әріптестері ұйытқы болып, елеулі көмек көрсетті. Емдеу мекемелерінің бүгінгі таңдағы материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі мәселені одан әрі сабақтай отырып, Тұрғын Ысқақов қалалық аурухананы заманауи құралдармен жабдықтау мәселесін өңір басшысымен кездесу кезінде шешуге уәде берді. Кездесу соңында халық қалаулысы облыстық партия комитетінде азаматтарды қабылдап, Қопа көлін тазарту, үлесшілердің проблемасын тезірек шешу, азық-түлік бағаларын реттеу жөнінде пікір алмасты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс