«Азаматтық борышты өтеу – басты парыз»

7 мамыр – тұтас әлемде тұлғасы биіктеп, тұғыры беки түскен Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күні. Жиырма төрт жыл ішіндегі колжеткен жетістіктермен бірге, жастарымыз-дың аға ұрпақтың жауынгерлік, ерлік және еңбек дәстүрлеріне адалдықтары жайлы Көкшетау қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы, подполковник Қуанышбек Қамалиев әңгімелейді.

– Әңгімемізді бүгінгі қазақ әскерінің жай-күйінен, Отан алдында азаматтық парыздарын өтеп жүрген жастардың тыныс-тіршілігінен бастасақ…
– Тәуелсіз әскер құрған уақыттан бергі арада өткен жылдарды еске алсақ, Қазақстан Қарулы Күштері жыл өткен сайын өз қуаттылығын дамытып, жаңа заманға сай жетілдірілген құрылымға айналды. Әскери мамандарды даярлау жағы да елімізде жүйелі жолға қойылған. «Арыстан» әскери мектебі, Бурабайдағы кадет корпусы, Б.Момышұлы атындағы әскери мектеп, Құрлық әскерлері институты, басқа да әскери оқу орындары қазіргі заманға сай кадр даярлау үстінде. Әскердің дәмін татып, ыстық-суығына төзген өрендеріміз ес жиып есейіп, шыныққан сайын шымырлана түседі. Ең бастысы әрбір сарбаздың өзі туып-өскен жеріне, Отанға деген мөлдір махаббаты, патриоттық сезімі күшейді. Бауыр еті баласы үшін ет жүрегі елжіреп, тақымдарын қысып отырған ата-анасының қадір-қасиетін жете ұғады. Мен ең алдымен, әскерді – тәрбие мектебі, өмір мектебі деп айтар едім.
– Жалпы, елімізде көктемгі әскерге шақыру комиссиясы өз жұмысын бастағаны белгілі. Биыл Көкшетау қаласы бойынша қанша сарбаз әскерге шақырылып отыр?
– Әскерге шақыру комиссиясының жұмысы сәуірде басталды. Көкшетау қаласы бойынша 200-ге жуық ер азамат әскерге шақыртылып отыр. Медициналық тексеру мен түрлі сынақтан сүрінбей өткен жігіттердің алдыңғы легі Отан алдындағы парызын өтеу үшін әскерге аттанды. Әскер қатарына нағыз шыныққан, денсаулығы мықты, жан-жақты сауатты, спортпен шұғылданған жігіттер іріктеледі. 18 бен 27 жас аралығындағы жастарды жылына екі рет шақырамыз.
– Азаматтарды әскерге іріктеу қалай жүзеге асырылады? Науқан кезінде оларға қандай талап қойылады?
– Әскери бөлімдерге жөнелтілетін шақы-рылушылардың саны көп емес. Бірақ әскери борышын өтеуге талпынатындар жетіп артылады. Әскерге шақыру комиссиясы олардың кәсіби біліктілігі мен мамандығына назар аударып, денсаулық жағдайын ескереді. Республикалық Ұланды жасақтау үшін дене дайындығы, кемінде жалпы орта білімі бар жастар таңдалады. Жоғары білімі бар әскерге шақырылушылар оқу-жаттығу бөлімдеріне біліміне сәйкес мамандықтар бойынша жіберілетінін де айтуымыз керек. Тек әскерден денсаулығы жарамсыз, отбасын құрып, балалы болғандар босатылады. Қандай да бір аурумен ауыратын жастар әскерге алынбайды. Соның ішінде, ерлердің арасында майтабандық, артық салмақ және салмақтың аздығы жиі кездеседі. Жігіттер осындай олқылықтарға жол бермеу үшін спортпен ұдайы айналысып, темекі мен алкогольді ішімдіктерден бойларын аулақ ұстаулары шарт. Медициналық тексеру кезінде денсаулығында ақауы бар жігіттер келесі әскерге шақыру маусымына дейін емделеді. Әскер қатарына алынған сарбаздар шекара қызметі мен Қорғаныс министрлігіне, ішкі әскерге қабылданады. Ал, әскери әуе күштеріне бойы 170 сантиметрден жоғары, денсаулығы мықты жігіттер ғана алынады.
– Әскерге шақыру пункттеріне келмейтіндерге шара қолданыла ма?
– Еңбек ету қабілетінен айырылуы, науқастануы немесе жарақаттануы дәлелді себептерге жатады. Сонымен қатар басқа адамның көмегіне мұқтаж болса, толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұрмаған, Қазақстан Республикасының аумағында олармен бірге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе заң бойынша отбасы мүшелерін асырауға міндетті басқа да адамдар болмаған кезде ол да дәлелді себепке жатады. Азаматтың жеке өзінің келу мүмкіндігінен айырған табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар да қарастырылады. Алайда, келмей қалу себептері құжат түрінде міндетті түрде расталуға тиіс. Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартқандар әкімшілік жауапқа тартылады. Осы тұста айта кетерлік бір жағдай – 22 мен 27 жас аралығындағы жастарға Щучинск әскери техникалық мектебінде ақылы оқу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жерде азамат қырық күн білім алып, әскери техниканың қыр-сырын меңгереді. Сөйтіп, әскерден босатылады. Оқу ақысы – 263 мың теңге. Бұл отбасылы немесе өзге бір себепке байланысты әскерге бармайтындарға жақсы мүмкіндік деуге негіз бар.
– Арнайы әскери мектепте оқуды армандайтын жас өрендерге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– «Ұлан» әскери мектеп-интернатына оқуға түсу үшін балалардың сабақ үлгерімі, физикалық тұрғыдан мықты болулары шарт. Сондай-ақ, балалардың қағылездігі, өзін-өзі еркін ұстауы, өз ойын іркілмей жеткізе алуы, дене тәрбиесі жоғары көрсеткішке ие болуы талап етіледі. Әскери-техникалық мектептер Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Шучинск қалаларында бар. Оны аяқтағаннан кейін түлектер жоғары әскери оқу орындарында білімін жалғастырады. Жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер әскери бөлімдерде, мекемелерде жұмыспен қамтылады. Жыл сайын жастардың талпыныстарына қарай сұраныс артып отыр. Биыл Көкшетау қаласынан әскери мектепте оқуға 34 бала ниет білдіріп отыр. Жоғары әскери оқу орындарына барғысы келетіндер де көп. Олармен сұхбаттасамыз, қабілеті қандай, мектептегі үлгерімі қандай соның бәрін сүзгіден өткіземіз. Ұландарымыздың өз өмірлері мен тағдырларын әскери өмірмен байланыстырғылары келетін ұмтылыстарын көріп, біз нағыз Отан қорғаушыларын тәрбиелеудеміз деп нық сеніммен айта аламыз.
– Мерекеге орай әріптестеріңіз бен жауынгерлерге айтар тілегіңіз?
– Ер жігіт үшін ең қымбат сезім – Отан қорғау жауапкершілігі. Тепсе темір үзетін кез келген ер-азамат әскери борышын өтеуге асығады деп ойлаймын. Қай кезде де Отанға деген ыстық сезім баршамыздың қанымызда тулап жатуы тиіс. Барша Қазақстан сарбаздарын айтулы төл мерекелерімен құттықтап, әскери борыштарын абыроймен атқаруға ниеттестігімді білдіремін. Тәуелсіз еліміздің тұғыры қашанда биік болғай!

Сұхбаттасқан Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс