Аина Жұмабаева – сұлулық байқауының жеңімпазы

Сұлулығы мен сымбаты бір бойында үйлесім тапқан бойжеткендердің сайысы биыл да ұйымдастырылды. «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен әсемдік пен әдемілік шарасы көрерменді қашанда қызықтырып келген. Адамның тән сұлулығынан да жан сұлулығына назар аударатын халқымыз ақындар жырға қосқан арулардың болмыс-бітіміне ақыл-парасатының үйлесіп келуіне мән берген. Бұл жолы көрермен көзайымына 9 ару іріктеліп шықты. Бойжеткендер шығармашылық, зияткерлік және киім үлгісі бойынша сынға түсті. Нәтижесінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 18 жасар студенті Аина Жұмабаева «Көкшетау аруы-2017» байқауының жеңімпазы атанып, тәж киді. Біздің қаланың намысын енді ол республикалық сайыста қорғайтын болады.

NIK_1682Аймақтық байқауға қатысқан бойжеткендер төрт кезең бойынша сыналды. Алдымен олар «Мейірімділік жаса» тақырыбында философиялық би биледі. Екінші кезеңде сәнгерлердің киім үлгілерін көрерменге ұсынды. Ал, үшінші кезеңде оларға түрлі сауалдар қойылды, арулар табан астында оған жауап айтып, мүдірмей жауап беруге тиіс болды. Соңғы төртінші кезеңде бойжеткендер кешкі көйлектерімен сахнаға шықты. Сұлу да сымбатты аруларды олардың ата-аналары, құрбылары, достары қолдауға келді. Жанкүйерлер қолдарындағы үміткерлердің суреттерін, енді бірі оларға жігер беретін сөздерін жалаулатып жатты. «Бұл жолы байқауда аруларға супермодельдердің талаптарын қойған жоқпыз. Тіпті, бойының ұзындығы да соларға сәйкес болу керек делінген жоқ. Ең бастысы, өзіне сенімді және соны көрерменге көрсете алатын батылдығына мән берілді», – дейді қыз сыны байқауын ұйымдастырушы Нәйля Сейдалина.
Арулардың бет-әлпетін әрлендіретін визажистер мен шаштараздар да сахна сыртында үзіліссіз жұмыс істеді. Ал, үміткерлердің өздері қымбат бутиктердің киім үлгісінен бастап, әдемі әшекей бұйымдарына дейін жарнама жасады. Бұған дейін әлеуметтік желілерге суреттері шығып, көпшілік дауыс берген бойжеткендер де анықталды. Олардың біріне «Көрермен көзайымы», «Фотомодель аруы», «Инстаграм аруы» деген сияқты атаулар бойынша баға берілді. Кезеңдер арасында көрерменді жергілікті әншілер концерттік бағдарламасымен көңілдендіріп, ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар ойналды. Нәтижесінде барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған Аина Жұмабаева қарсыластарынан озық шықты. «Мен жеңіске жетемін деп ойлаған жоқ едім. Есімімді хабарлаған кезде төбем көкке бір елі жетпей қалғандай болды. Бұл мен үшін зор қуаныш. Өзімді қолдай келген барша туыс-туған, құрбы-достарыма алғыс айтамын», – дейді. Сайысқа қатысқан құрбыларының арасынан ұзын шашымен ерекшеленген бұрымды қыз енді алдағы үлкен сайысқа дайындалады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий