Аймақ дамуы – ел назарында

«Көкше» телеарнасында облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен «Әкім сағаты» бағдарламасы өтті. Өңірдің дамуына қатысты маңызды мәселелер қозғалған бағдарламаға облыс тұрғындары белсене қатысып, көкейлерінде жүрген сауалдарын ортаға салды.

Тікелей эфирде өңір басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, тұрғындардың сауалдарына жауап қатты. Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамту – Елбасы тапсырмасы. «Әкім сағаты» жобасы бұл бағыттағы маңызды қадам. Әкім алдымен атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы, өндірістің өрісі, кәсіпкерліктің аяқ алысы, құрылыстың қарқыны тұрақты. Өңір басшысы Ақмола облысының аграрлы-индустриалды аймақ ретінде жылдам дамып отырғанын ерекше атап өтті. Өңірде «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары жұмыс істеуде. 2030 жылға қарай әрбір тұрғын 30 шаршы метр тұрғын үйге қол жеткізуі тиіс екенін атап өтті облыс әкімі. Алдағы жылдары облыста тұрғын үй салу үшін жеке инфрақұрылымы бар 5800-ден аса жер телімдері бөлінеді. «2017 жылы облыста 3647 пәтер қолданысқа берілді. 2018 жылы бұл көрсеткіш 5 мыңға дейін жеткізілді, келер жылы пәтер санын 5,5 мыңға арттыруды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті М.Мырзалин.

Тұрғын үй құрылысына тартылған инвестиция 40 пайызға артқан. Жыл басынан бері 394 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 112,7 пайызды құрап отыр. Биыл 18 қолжетімді, 14 арендалық, 4 кредитті үйлер қолданысқа беріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық көрсеткіш.

Облыс басшысы тұрғындар сауалына орай елордаға жақын елді мекендердің бірі – Қосшы  ауылын дамыту жоспарына тоқталды. Биыл мұнда жедел медициналық көмек станциясын ашу жоспарланып отыр. Әкім астанаға жақын елді мекендерді дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Бұл жол құрылысына да тікелей қатысты. «Былтыр Қосшыда 8 көшедегі 11 шақырым жол жөнделсе, биыл 45 көшенің 50 шақырым жолы жөндеуден өтті. 2019 жылы аталған салаға мол қаражат бөлініп отыр. Осы орайда 35 шақырым жол асфальтталып, жарықтандырылады»», – деді М.Мырзалин.

Тікелей эфир барысында облыс әкімі ауылды ауыз сумен қамту мәселесіне де тоқталды. «Нижнеромановск  кен орнындағы су құбырының құрылысы аяқталуға жақын қалды. Келер жылы Қосшы ауылы тұрғындарының  төрттен үш бөлігі сапалы ауыз сумен тұрақты қамтылатын болады», – деді өңір басшысы.

Бұдан әрі әкім үш ауысымды мектептер мәселесінің өзекті болып отырғанын жасырмады. «Былтыр 200 орындық мектепті пайдалануға бердік, ал Қосшы мектебі үш ауысымды күйінде қалып отыр. Биыл жалға ғимарат алып, 600 орындық мектеп аштық. Келер жылы жекеменшік есебінен 200 орындық мектеп ашылады.  Сондай-ақ, 1200 орындық үлкен мектеп салу жоспарда бар. Қосшыға 2 мектеп  автобусы  алынды», – деп мәлімдеді М.Мырзалин. Биыл Қосшыда отбасылық денсаулық орталығы ашылып, 10 дәрігер жұмыс істеуде. Алдағы уақытта емхана салу жоспарланып отыр.  Тұрғындар аудан орталығына жетудің қиындығын алға тартқандықтан, биыл мұнда тіркеу орталығы ашылған.

Тікелей эфир барысында облыс тұрғындары аймақ басшысына әлеуметтік желілер, байланыс құралдары арқылы сұрақ қоюға мүмкіндік алды. «Сall орталық» жұмыс істеп тұрды. Жеке бастың қамы емес, қоғам мәселесін көтергендер көп болды. Өз кезегінде сауалдар сан салалы. Абаттандыру, жалақы мен баспана алудағы түйткілдер, ауыз судың тапшылығы. Тіпті, шалғайдағы интернет мәселесі де көтерілді. Әрбіріне әкім тұшымды жауап қайырды.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий