Аймақ дамуы – ортақ игілік

Нұр-Сұлтан қаласында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз конференциясында өңір басшысы ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясындағы облыстың басты жетістіктеріне тоқталып, тікелей эфирде еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.

Баспасөз мәслихатында жеткен жетістіктер сараланып, алда атқарылатын жұмыстар жария етілді.
«Өңірде соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша көптеген бағыттар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Басты көрсеткіш – қысқа мерзімді экономикалық индикатор есепті кезеңде 106% құрады. Еліміз бойынша 4 орында тұрмыз. Өсім ең алдымен нақты сектор салалары есебінен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, өнеркәсіпте – 102,4%, ауыл шаруашылығында – 106,5%, құрылыста – 118,1%. Ақмола облысының негізгі капиталына түскен инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 9,5%-ға өсті. Жеке инвестициялардың үлесі 82%-ға дейін артты», – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде нақты міндет қойған болатын. Осы орайда, Ақмола облысында жалпы сомасы 190 млрд теңгені құрайтын инвестиция тартылған. Бүгінде өңірде 60 индустриялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл облыс экономикасына шамамен 400 млрд теңге тартуға және 3,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 19 жоба Индустрияландыру картасына енгізілген. Ірі жобалар қатарында жылына 6 тонна алтын өндіруге жететін қуаты бар тау-кен металлургия кешенінің құрылысы («RG Processing» ЖШС) бар. Жобаны іске қосу облысқа түсті металлургияда жетекші позицияны нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде облыс республикалық көлемнің үштен бір бөлігін өндіруде.
Сонымен қатар өткен жылы ғана ашылған Макинск құс
фабрикасына да тоқталды. Бұл аймақ үшін ғана емес, күллі республика үшін аса мәнге ие жоба. Себебі, құс шаруашылығы өнімдерін импортқа шығару бо-йынша әлеуеті зор. Әкімнің сөзіне сүйенсек, ел бойынша құс еті импортының 30%-ға жуығын жабады екен.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Ақмола облысында жалпы астық жинау 5,0 млн тоннаны құрады, орташа өнімділік гектарынан 11,5 центнерден айналды. Ауылшаруашылығы секторына келген инвестициялар көлемі өткен жылғы деңгейден 1,5 есеге артты.
Ермек Маржықпаев облыс орталығы – Көкшетау қаласын дамыту мәселелеріне жеке тоқталды. Өсіп келе жатқан халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қала шекарасында жаңа аумақтарды игеру басталды. 2020 жылы Көкшетау қаласында аймақ-аралық ынтымақтастықты дамытудың халықаралық форумы өтпекші. Облыс әкімі осы бағытта қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. «2013 жылдан бастап мұнда 35 көп қабатты үй салынды. Басты жоспарға сәйкес «Сарыарқа» ауданында келешекте 200-ден астам үй, 2400 орындық 3 мектеп және 440 орындық 9 балабақша салу көзделген. Қазіргі заманғы көп қабатты үйлер қаланың орталық бөлігін кешенді түрде нығайту үстінде. Қопа көлінің жағалауындағы айналма жолдың құрылысы басталды. Қылшақты өзені арқылы өтетін автомобиль көпірі салынуда», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы туризм саласындағы басым бағыттар туралы да айтып берді. Қазақстанның басымдық берілген 10 туристік аймағы қатарындағы Щучье-Бурабай курорттық өңіріне ерекше назар аударылады. Осы контексте жұмыс үш жоба бойынша жүргізіледі – Біріккен Араб Әмірліктерінен шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асырылатын Щучье көліндегі коттедж қалашығының, «AQBURA Resort» отбасылық үлгідегі заманауи курортының құрылысы және Бурабай кентінде «Promenade» жобасын іске асыру демалыс және табиғи-мәдени мұра орталығы ретінде салыну жоспарда бар.
Әкімнің айтуынша, Ақмо-ла облысында көпшілікті толғандырып жүрген жол азабы мәселесі шешілетін болды. Елордаға жақын Талапкер, Қосшы ауылдары және Ақкөл, Амангелді, Ерейментау аудандары мен Бестөбенің жол және су мәселесі қолға алынып, қыруар қаражат бөлінді.«Өңірде сумен қамтамасыз ету, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу және қайта жаңарту мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар 400 шақырымнан астам жолдарды жөндеу бойынша жоспарлы міндеттердің 90-95 пайызы орындалды. Елорда маңындағы елді мекендердің жағдайын жақсарту мақсатындағы кешенді жұмысқа 67 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл – 120 жаңа жоба. Мәселен, Ерейментау, Аршалы аудандарының жолын жөндеуге әрқайсысына 300 миллион теңгеден бөлінді. Бестөбе ауы-
лына келетін болсақ, биыл 35 шақырым, келесі жылы 20 шақырым жаңа жол саламыз», – деп жауап берді тілшілердің сауалына Ермек Маржықпаев.
Брифингте өңірдегі жаңа тұрғын үй құрылысы, экология, өндіріс пен ауылшаруашылығы, туризм саласындағы түйткілді мәселелерге қатысты сауалдар қойылып, облыс әкімі оларға нақты және толыққанды жауаптар берді.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий