Аймақ спортшылары марапатталды

Тамыз айының үшінші жексенбісі – спорт күні. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев атау-лы мереке қарсаңында аймақтағы спорт саласына үлес қосып жүрген азаматтарды құттықтап, марапаттады.

Коронавирус індеті салдарынан бірталай спорттық додалар кейінге қалдырылды. Соған қарамастан жерлес спортшыларымыз биыл республикалық, халықаралық сайыстардан 200-ге жуық медаль жеңіп алған. Мәселен, баскетболдан ел чемпионаты мерзімінен бұрын тоқтатылып, нәтижесінде облыстық «Синегорье» әйелдер командасы үшінші, ерлер командасы бесінші орынға тұрақтады. Ал, өткен жылы ғана тұсауы кесілген «Ұшқын» волейбол командасы Жоғары лигада жүлделі 1-ші орын иеленген. Жапонияның астанасы Токиода өтеді деп жоспарланған 32-ші жазғы олимпиадада бақ сынау үшін 5 ақмолалық жерлесіміз лицензияға үмітті еді. Өкінішке орай, індет салдарынан олимпиада кейінге шегерілді. Жалпы алғанда, аймақта спорттың дамуы үшін мүмкіндігінше жағдай жасалуда. Бүгінде 2 жарым мың спорт нысаны жұмыс істейді. Бұған дейін 7 дене шынықтыру кешені салынса, биыл 4 кешен құрылысы жүріп жатыр. Олар Ерейментау, Аршалы, Целиноград, Біржан сал аудандарында орналасқан. Соңғы жылда 70 спорт алаңы салынса, жылдың соңына дейін тағы 20-сы пайдалануға берілмек. Алдағы жылы Щучинск қаласында жаңа спорт сарайының іргетасы қаланады. Облыстың спорт саласында 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мереке қарсаңында бірталайының еңбегі еленіп, марапатталды. Әсіресе, спорт саласының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Спорт жайлы қалам тербеуден жалықпайтын журналистердің еңбегі де ерекше аталып өтті. 40 жылға жуық уақыт бұқараға спорт жайлы ақпарат таратып жүрген облыстық «Көкше» телеарнасының майталман тілшісі, өзі де спортшы Қалымбек Мұхамеджановқа Ермек Боранбайұлы алғысын білдірді. Марапатталушылар арасында елімізге танымал атақты спортшылар да бар. Пауэрлифтинг пен волейболдан спорт шебері, күштік өнер көрсетуден 4 мәрте әлем рекордын орнатушы, мақтанышымыз Сергей Цырульниковқа ерекше құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, ауыр атлетикадан өткен жылдың әлем чемпионы, биылғы жылдың Азия чемпионы Карина Құзғанбаеваның кеудесіне медаль тағылды. Жаттықтырушылар мен білікті спорт төрешілеріне ерекше құрмет көрсетілді. Аймақ спортын дамытуға үлес қосып жүрген ұйымдастырушы мамандар да назардан тыс қалмады.

Г.АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий