Айтарымыз – алғыс, тілеріміз – қайрат пен жігер!

Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері!

          Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Бұл мамандық ең бір жауапты, қиын, сондай-ақ, ең қажетті мамандықтардың бірі. Өйткені, халқымыз айтқандай бірінші байлық – денсаулық. Денсаулық болмаса, толыққанды, бақытты ғұмыр кешу мүмкін емес. Сол себепті де, сіздердің мамандықтарыңыз әрқашан қадірлі, қажет және құрметті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын Жолдауларынан, 100 қадам жоспарының 5 институционалдық тапсырмаларында көретініміздей, тиімді, қолжетімді, сапалы медициналық қызмет жүйесін құру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан, еліміз тұрғындарының денсаулығы халықтың әл ауқатын арттыру мен елімізді дамытудың, алға бастырудың негізі болып табылады. Сіздер осындай жауапты міндеттеріңізді асқан жауапкершілікпен атқарып келе жатырсыздар. Қиналған жандарға дер кезінде көмек көрсетіп, қол ұштарыңызды созасыздар. Оларды емдеу арқылы қуанышқа кенелтіп, қатарға қосасыздар. Көкшетаудың медицина саласы тарихында өз мамандығын мүлтіксіз меңгергендігі арқасында ел ықыласына бөленген атақты дәрігерлер, медбикелер мен фельдшерлер баршылық. Бүгінгідей мерекелеріңіз қарсаңында осы саланың ардагерлеріне, бүгінгі таңда бел шешпей қызмет істеп жүрген ақ халатты абзал жандарға алғысымызды айтамыз. Еңбек ардагерлері іргесін қалаған игі дәстүрлерді бүгін тер төгіп жүрген дәрігерлер жалғастырып, қала жұртшылығына қалтқысыз қызмет көрсетіп жүр. Кәсіби мерекелеріңіз қарсаңында сіздерді шын жүректен құттықтап, тынымсыз да жауапты қызметтеріңізде жетістіктер тілеп, әрқашан тұрғындардың алғыс, рахметіне бөлене беріңіздер, отбастарыңыз, туған-туыстарыңыз аман болып, табыстан-табысқа жете беріңіздер!

Ермек Маржықпаев,
Көкшетау қаласының әкімі.

         Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздердің мамандықтарыңыз басқа көптеген мамандықтардан ерекше мейірімі мен зиялылығымен ерекшеленеді. Сіздердің жоғары кәсіби біліктіліктеріңіз бен уақытпен санаспайтын жанкешті еңбекқорлықтарыңыз арқасында қаншама адамның ең қымбаты – денсаулығы мен өмірі сақталып қалуда. Мереке тұсында еңбек ардагерлері мен отандық медицинаның іргетасын қалаушыларға алғаусыз алғысымды білдіремін. Әсіресе, дәл осы күндері ауруханаларда, әйелдер босанатын үйлерде, жедел жәрдем бригадаларында кезекшілікте жүрген жандарға рахметімді жолдаймын. Сіздерді барша халық осындай ерекше қамқорлықтарыңыз, білім-біліктеріңіз, ерен еңбектеріңіз, мейірімдеріңіз бен жүрек жылуларыңыз үшін ерекше құрмет тұтады. Сіздердің күн мен түнге, ыстық пен суыққа, басқа да қолайсыздықтарға қарамай адам денсаулығы мен өмірі үшін күресу үстіндегі қызметтеріңіз әрқашан елеулі де құрметті. Сіздердің өз мамандықтарыңызды, оның жауапкершілігін терең түсінулеріңіз өзгелерге үлгі. Жұмыстарыңыздың маңыздылығын жете түсініп, қолғабысқа дайын тұрар отбасыларыңызға да мың алғыс. Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Сіздерді тағы да кәсіби мерекелеріңізбен қызу құттықтап, отбастарыңызға амандық, өздеріңізге мықты денсаулық пен сарқылмас қайрат-жігер тілеуге рұқсат етіңіздер. Адам денсаулығы мен өмірі үшін әрқашан жасап жатқан жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Бауыржан Ғайса,
қалалық мәслихаттың хатшысы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс