Айтулы азамат

Қазақ халқының тарихында
Көкшетау өңірінің орны ерекше.
Ол жерде кезінде қазақ хандары,
батырлары, сұлтандары, билері,
жыраулары мен серілері өмір сүрген. Бүгінгі күні осы өңірдің тумасы Мұрат қажы Ыдырысұлы 75 жасқа келіп отыр. Қадірменді ағаны мерейтойымен құттықтаймыз! Қазақта: «Айтулы
азамат» деп кімді айтады? Ол еліне ерекше еңбек сіңірген, туған жерінің дамуы мен қалыптасуына аянбай
еңбек еткен және көпшілік арасында
танымал, қадірлі азаматтарға
байланысты айтылса керек.
Осындай азаматтардың бірі және
бірегейі – Мұрат қажы Ыдырысұлы екендігі анық.

Отан тарихының
шын жанашыры

Қазақ халқының көнеден бүгінге дейінгі бай тарихы бар. Осы ұлттық тарихты жазған бұрынырақ өткен заманда Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Құрбанғали Халид және Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты дарынды тұлғалар болған. Одан кейін мамандығы тарихшы болмаса да, ұлтын жақсы көрген қазақ зиялылары – Мұхамеджан Тынышбаев пен Санжар Асфендияров
сияқты елдің жанашыр тұлғалары қалам тартқан еді. Кешегі өткен Кеңес Одағы кезеңінде мамандығы тарихшы емес, бірақ ұлтын және оны ұлықтау үшін шынайы тарихын жазуда Ілияс
Есенберлин де қомақты өз үлесін қосты.
Қандай адам ұлттық тарихын зерделеуге атсалысады? Біздің байқауымызша, Алаш ардагері Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін…». Яғни, елдің келешегін ойлайтын, жас ұрпағының ұлттық тарихи санасының дұрыс қалыптасуын қалайтын, Отан тарихындағы «ақтаңдақ» беттерді шамасы келгенше ашқысы, танытқысы келетін адам, шын жанашыр азамат екендігін танытады.
Мұрат қажы Ыдырысұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында экспедицияға шығу үшін 2018 жылы ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтына хабарласқан еді. Өзі осы күнге дейін тарихта «ақтаңдақ» көмескі тартып келе жатқан «Хан жолын» зерттеуге байланысты экспедицияға шығатындығын және оған ғалымдардың қосылуын сұрады. Сол уақытта өте орынды және зерттеудің уақыты келген мемлекет тарихының бір алтын парағын ашуға Мемлекет тарихы институтынан екі азамат – Жабай Қалиев және Қанат Еңсеновтер қатысқан едік.
Осы аталған экспедиция «Абылай ханның қара жолы» деп аталды. Яғни, бұл кезінде Абылай ханның Қызылжар-Арқа-Ұлытау-Созақ-Түркістан арасында жүрген 1600 шақырымдық керуен жолына байланысты зерттеуге шықтық. Экспедицияның жолға шығуын Ақмола облыс-
тық әкімдігі қолдады. Үш жол талғамайтын көліктер. Экпедиция құрамында Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған ғалымдар, журналистер, музей қызметкерлері және көлік жүргізушілері бар барлығымыз 10 күндік сапарда «Хан жолы» жүріп өткен жерлермен Ұлытаудағы «Жошы хан кесенесі», «Алаша хан кесенесі», «Хан Ордасы», ортағасырлық «Сығанақ», «Сауран», «Отырар», «Хан қорған» қалалары және тағы басқа тарихи орындарды араладық. Өңірлерде кездесулер өткіздік. Тарихи-этнографиялық материалдар жинақталды. Нәтижесінде 2019 жылы «Абылай ханның қара жолы» атты ғылыми-зерттеу жинағы ретінде үлкен еңбек жарыққа шықты. Онда Отан тарихында толық зерттелмеген тақырыптар қаралды. «Абылай ханның қара жолы» картасы жасалды. 2020 жылы күзде «Абылай ханның қара жолы» атты осы кітаптың тұсаукесері онлайн түрінде өтті. Көпшілік жақсы ықыласпен қабылдады. Республика бойынша кітапханаларға таратылды. Бұл бір экспедиция көлемінде қаншама тың мәліметтер жинақталып, зерделеніп жарыққа шықты. Яғни, болашақ ұрпақтың керегіне жарайтын игілікті бір іс атқарылды.
Осындай Отан тарихына жанашыр және Өлкетану бағытында да жұмыс жасап келе жатқан Мұрат қажы Ыдырысұлының еңбегі ескеріліп, 2020 жылы 16 желтоқсанда «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төсбелгісімен марапатталып, тарих және қоғамдық гылымдар академиясының академигі атанды.
Мұрат қажы Ыдырысұлы алдағы уақытта «Ұлы Даланың Жеті қыры», оның ішінде «Ұлы Даланың ұлы есімдеріне» байланысты 2021 жылдың жазында осы жоғарыда аталған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жалғасы ретінде «Абылай ханның жорық жолдары» атты экспедицияға шығуды жоспарлауда. Демек, осы уақытқа дейін толық зерттелмей келе жатқан «Абылай ханның жорық жолдарына» қатысты тарихи жерлер зерттеле түсетіндігі анық.

Қанат Еңсенов,
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қыз-
меткері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий