Айтыскер ақын Мұхаммед Қоңқаев: «Әр ақын айтысқа тың жаңалық болып келуі керек»

Өнерсүйер қауымға есімі танымал айтыскер ақын Мұхаммед Мерекеұлы Қоңқаев Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Дәуқара ауылында дүниеге келген. 2017 жылдан бері Көкен Шәкейұлы атындағы Көкшетау ақындар мектебінде жетекшілік қызмет атқарады. Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының, Дүние таланттары одағының мүшесі, Моңғолия Халық Республикасы мәдениет саласының үздігі. «Жас дарын» алтын медалінің, «Мағжан Жұмабаевқа – 125 жыл»
мерейтойлық медалінің, Дүние таланттары одағы тағайындаған ABAY медалінің иегері. Жас ақындарға арналған «Поэзияға қадам және айтысқа дайындық» атты оқу құралының авторы. Өмірдерегі мен жетістіктері «Лучшие люди» Халықаралық энциклопедиясына, өлеңдері «Көкшетау қаласының жас ақындары», «Алтын тұғыр» антологияларына енген. Оқырмандар назарына айтыскер ақынмен болған сұхбатты ұсынамыз.

Сұрақ: Айтыс өнеріне қалай келдіңіз?
– Мен негізінен ақындық жолға түсуді мақсат етпеген адаммын. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде математика пәнін сүйіп оқыдым. Сол кезде заңгер болсам деген арман болатын. Бірақ бес жасымнан түрлі «шимайлар» жазып жүрдім. Ескі сарғыш тартқан қағаздарды жинап, қауырсыннан қалам жасап, түнде майшам жағып ақынның образына кіріп өлең жазғаным да бір қызық. Тіптен кейбір тақпақтарым аудандық газет беттеріне де шығып үлгерді. Жарықтық Қоңқай атам кітап, газет-журналды көп оқып, күнделік жазған сауатты адам еді. Сол оқыған дүниелерінің ішінде мақал-мәтел, нақыл сөздер кездессе, қайшымен кесіп алып, оқы деп маған беретін. Ол қағаздарды балалықпен жоғалтып алып, атамнан талай ұрыс еститінмін. Телевизиялық айтыс көрсе, мені қасына отырғызып бірге тамашалайтынбыз. Іштей менің ақын болғанымды қатты қалаған шығар, соған сенген шығар, менің осы жолға түсуімді көксеуі – атамның көрегенділігі деп білемін. Ал, осы бо-йымдағы кішкентай ғана талантты байқап қалып, өнер жолына қосқан ұстазым – ақын Қасым Нұрғалиұлы. Ол кісіге алғыстан басқа айтарым жоқ.
Сұрақ: Ақындардың ішінде кімдерді үлгі тұтасыз?
– Қазақтың кез келген ақын- жазушысын өзіме үлгі санаймын, себебі әрқайсысынан ғиб-рат алатын дүниелеріміз көп, білім деген таусылмайтын кен ғой, сондықтан өзіме керегін сөз зергерлерінен ала бермекпін. Қазақ жерінен шыққан әр ақынның өз орны бар. Әрқайсысын үлгі тұтамын.
Сұрақ: Ең алғаш сахнаға шыққан сәтіңіз есіңізде ме?
– Иә, әрине, есімде. Барлығының ең алғаш үлкен сахнаға шыққан сәті ұмытылмайды деп ойлаймын. Ең алғаш рет 2010 жылы Сәбит Мұқановтың 110 жылдығына орай өткен аламан айтысқа қатыстым. Ол айтыс Сәбеңнің өзі туған ауылында, далада өтті. Қарсыласымның есімін ұмытып қалыппын, әйтеуір Моңғолиядан келген қандас ағамыз еді. Сахна төрінде ол мені дұрыс естімей, мен оны дұрыс түсінбей 30 минут екі жаққа шаптық. Сол айтыста «Ең жас айтыскер» номинациясын жеңіп алып, үйіме көңілім толып қайтып едім.
Сұрақ: Сахнада «әттеген-ай» деген тұстар болды ма?
– Әрине, ондай сәттер әр адамда кездеседі. Және мен ол жағдайға дайын болған жөн деп ойлаймын. Негізі сахнада бармақ тістеп қалмау үшін айтысқа ұқыптылықпен, ерекше жауапкершілікпен дайындаламын. Бір «әттеген-ай» есімде. Ғабит Мүсіреповке арналған айтысқа бара жатып, сол жерден бір домбыра табылар деп өз домбырамды үйде қалдырдым. Сөйтіп, домбыра табылуын табылды ғой, бірақ құлағы бос, бұрағанға көнбейтін домбыра екен, сахнада берекем кетіп, мақамым сәтсіз шығып еді, сонда «қап, әттеген-ай, салмағы зіл батпан емес, сол үйренген өз домбырамды ала салсам ештеңем кетпес еді ғой» деп сан соққан едім.
Сұрақ: Қанжығаңызда қанша жүлде бар?
– Айтыста жүлде алса көлік-пен, не қаражатпен өлшеніп жатады ғой. Бізде ондай жоқ енді, өз жүлдемді де санамаппын. Аллаға шүкір, облыстық, аймақтық сайыстардан бос қайтқаным аз екен, республикалық айтыстарға көп шыққан жоқпыз, соның өзінде талай рет қанжығамыз майланып қайтты. Енді жылқымен есептейтін болсақ, 10-15 ат мінген шығармыз.
Сұрақ: Есіңізде қалған ерекше айтыс…
– Өзіме ерекше әсер еткен айтыс – Көкен Шәкейұлының 90 жылдығына арналған Көкшетау қаласында өткен айтыс деп айта аламын. 1 курс студентімін, ақындар ішіндегі ең жасы мен. Бақытбек Қадыр деген бауырымызбен айтысып, елдің ыстық ықыласына бөленіп едім. Өз атам мен Көкен ақынды ұқсата жырлағаныма елдің тоқтамай соққан қошеметі әлі есімде.
Сұрақ: Әлеуметтік желілерде айтыс өнеріне сын айтатындар көп. Бұған көзқарасыңыз…
– Әлеуметтік желідегі әңгімелерге аса назар аудармаймын. Себебі, ол жақта «диван батыр-
лар» көп. Айтыс өнеріне емес, сын деген сол өнерді қолдай алмайтын, күші жетіп тұрса үлесін қоса алмайтын адамдарға айтылу керек шығар деп ойлаймын. Ал, айтыс болса қазақпен бірге жасап келе жатыр.
Сұрақ: Өзіңіз басқарып отыр-ған ақындар мектебінің аяқ алысы қалай?
– Осы мектепке қызметке келгелі үш жылдан асты. 20 шақты жас ақын екі бағытта тәлім алып жүр. Кейбірі республикалық, халықаралық байқауларда жүлдегер болып үлгерді. Шәкірттердің бойында кішкене талант болса, соны дамытуға тырысамыз және көп нәрсе өз еңбектеріне байланысты екенін естеріне салып отырамыз.
Сұрақ: 1990 жылдары өңірде оқушылар айтысы жиі ұйымдастырылатын, ал қазір бұл дәстүр жалғасын тапты ма?
– Қаламызда жылына 2 рет дәстүрлі түрде оқушылар айтысы өтіп тұрады. Былтыр карантин болғандықтан, оқушылар арасында республикалық онлайн айтыс өткізіліп, шәкірттеріміз жүлделі орындардан көрінген болатын.
Сұрақ: Ауыл жаққа жиі шығып тұрасыз ба?
– Иә, ауыл жаққа жиі шығып тұруға тырысамын. Кей кездері ауылды қатты сағынып кетесің. Балалық шақты да еске түсіретін ауыл ғой. Негізінен өнер жолын таңдауыма ауылымның да қосқан үлесі бар шығар деп ойлаймын. Ауылдың таза ауасынан, ағашынан шабыт алып өлең жазғанға не жетсін. Әдебиетке, өлеңге жақын балалар шынымен ауылдан шығады. Шәкірттеріміздің арасында ауылдан барып-келіп оқып жүрген балалар да бар. Біздің ендігі жоспар – әр ауданды аралап жүріп талантты жастарды жинау, қаладағы қазақ мектептері мен интернаттарға тегін орналастырып, барынша айтыс өнеріне баулу.
Сұрақ: Өзіңіз баулыған шәкірттер жөнінде айтып өтсеңіз….
– Біздегі әрбір шәкірт өзінше бір-бір әлем. Біреуі тұйық, біреуі
момын, енді бірі пысық, бірақ бәрі де талантты, өз арман-мақсаты бар жастар. Қысқаша жетістіктеріне тоқталсам: Бақытжан Дамир – Мағжан Жұмабаевқа арналған халықаралық әдеби байқауда 1 орын, Думан Самат – «Мен жастарға сенемін» атты аймақтық айтыста Гран-При, Абзал Жұмабек – Жүрсін Ерман қатысқан телевизиялық айтыстың жеңімпазы, Ұғылан Қарашаш – «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты облыстық мүшәйрада І орын иеленді, Нұрбек Серік бірнеше республикалық оқушылар айтыстарының жүлдегері атанды.
Сұрақ: Қазір сізді не толғандырып жүр?
– Толғандыратын дүниелер
өте көп. Біраз дүниеге көңілім толмайтыны бар. Қазіргі шығып жатқан айтыскерлер ішінде бұрынғы ақындарға еліктеу емес, пародия жасайтындар көбейді. Көбінің сөз саптауы, мақамы бір-біріне ұқсас. Сол себептен стильмен жұмыс жасау керек. Өз өңірлерінің сазына жақын төл мақам табу, өлең өргенде де ешкімге ұқсамайтын ойлар қосу керек, қысқасы әр ақын айтысқа тың жаңалық болып келуі керек, бізді толғандыратын дүние осы.
Сұрақ: Қоғам белсендісі ретінде де жиі көрініп жүресіз, патриот деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Заман өзгерген жоқ. Бізде адам өзгерді. «Көршінің үйі өртеніп жатса дағы, бір тамшы су бере алмас хәлге жеттік» дегендей, адамдардың бір-біріне деген шынайы жанашырлығы жо-йылып бара жатыр ма деп қорқамын. Мен үшін патриот деген – ұлтқа жарнамасыз тынбай адал қызмет ете беру.
Сұрақ: Айтыс майталманы болу жүре-жүре қалыптаса ма, әлде табиғи талант па?
– Адамды өнер майталманы қылатын халық қой. Мерейіңді өсіретін де халық, өшіретін де халық, ол үшін талант, еңбек, бақ керек. Талант болмаса өнер жолында еңбектенгеннен ештеңе шықпайды. Бақ болмаса еңбегің жанбайды, еңбек болмаса жанған бағыңды өшіріп алу тез-ақ.
Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий