Айтыстың ақтаңгерін күтеді жұрт!..

Ақын-серілері бүкіл қазақ даласын сергітіп, ізгілік желін ескізіп, қайғы-мұңын көшкізіп, елегізітіп отырған Көкше өңірінен сонау өткен замандарды айтпағанда бүгінгі Баянғали, Құдайберлі, Армандардың ізін басар, аламан айтыстарға ақыра кірер ақындар шығары сөзсіз. Бірақ… бірақ, жиі-жиі айтыстар өтпесе, көрермен олардың сөзіне құлақ түріп, дем бермесе, қуаттап, қанаттандырып отырмаса, сол ақберендерімізді сарыла ұза-а-қ күтіп қалуымыз да ғажап емес. Астанада болатын «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында «Ақмола – жырымның арқауы» атты жекпе-жек айтыс өткізіп жатқан облыстық мәдениет басқармасы мен халық шығармашылығы орталығының да көздегені осы. Жалпы, көкшелік өнер жанашырларының: «Қалай болса да айтысты жиі өткізу керек. Сонда ғана таланттардың көзін ашамыз», – деген ұстанымдарының да жүзеге асқан бір ұшқыны болса керек бұл дода.

Алдымен, өтіп жатқан айтыстың ерекшелігіне тоқталсақ. Сахнаға шыққан ақындар өздерінен кейінгі жұп шабыт шақырып, домбыраларын тыңқылдатып желкеден төніп тұрмағанын, жүргізушінің де, қалың көрерменнің де асықтырмасын біледі. Сөз таппай қиналған тұста қысқа қайырып, қашқақтап кетуге жол жоқ. Қайта шын шеберлігіңді, тапқырлығыңды, сөзге ұсталығыңды көрсетіп кетуің керек. Айтарыңды сарқып айт, азуыңды айға білеп айшықтап айт. Бұл – бір. Екіншіден, мұнда әуелі маңдайыңа тап келген қарсыласыңмен Түре айтысты «түріп» тастап, әртүрлі суреттерге қарап отырып орынды пікір, ұтымды сөз айтып, одан кейін Қайым айтыстың қызығына кірісесің. Осындай белестерден өткенде өз өнеріңнің деңгейі қапысыз көрініп-ақ қалады. Мұнда алдын ала асықпай дайындаған «заготовкаларыңның» бағы жана қоймасы белгілі.
Осындай талаппен бұған дейін екі мәрте өтіп, енді үшінші кезеңдегі ақындар кездесуіне куә болып отырмыз. Бұл жолы бір емес екі жұп тыңдалмақ. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің көпке танымал студенті Мұхамед Қоңқаев пен бұрын көрермен көзіне түсе қоймаған Тоқтасын Семейханұлы шықты ортаға. Бір-біріне ой орам, өлең өрістері қиюласпады ма, әйтеуір екеуі таңдай қақтырар айтыс туғыза алмады. Ара-арасында тауып айтқандай болғанмен, негізінен ұсақ әңгімеге жол берілді. Тақырып ашу ойға да келмеген сыңайлы. Оқыған-түйгені бар, сөздік қоры мол Мұхамед кейде ұйқасын түсініксіз бір сөздермен жалғады. Асығыстық па, әлде, шабытсыздық салдары ма, белгісіз. Бәлкім, қарсыласының аузына сөз түспей домбырасын сабалап ұзақ отырып қалуы жүйкесіне тиді ме? Қосарлана шауып жүйріктің тұяғын қыздырмады ма? Ол да мүмкін. Айтыс деген тылсым бір өнер ғой. Бұ жерде айта кетер бір сыр – Баян Өлгийдің тумасы Тоқтасын бауырымыз сол өңірде айтысқа түсіп, тым тәуір биіктерді бағындырған жігіт екен. Көші-қоны бар, күйбең тірлігі бар араға жылдар түсіп кетіпті. Көп жыл қара домбырасын көлденең ұстап алқалаған жұрттың алдына шықпапты. Төніп-төніп, үйіріліп кеп жауа алмаған бұлттай кібіртіктей беруі соның салдары екен. Соның өзінде ара-арасында кесек сөздер айтып, тауып сөйлеп отырды. Алға қарай енді қолға алынған айтыс додаларының ортасынан табыла берсе, «әп-бәрекелді» дегізер тағы бір айтыскерлі болар жөніміз бар. Тек оған тартынбай, тосылмай топқа түсіп, ұмытылыңқыраған өнерін үкілеу қажет.
Есесіне «Оюлы Қуаныш» атанған Қуаныш Оспанов пен Ақкөл ауданынан келген Нұрболат Серікұлының айтысы көрерменінің делебесін қоздырып, қызыққа батырып отырды. Жауап қайырысу, өз сөзіне өзін сүріндіру, қалжыңға салып тығырықтан шығу жиі кездесті. Қарсыласына «Сөзің сұйылып бара жатыр» деген ойын Нұрболат: «Барған сайын әлсіреп бара жатыр, Қойшыдай айғайы бар,
таяғы жоқ», – деп жеткізді. Ұялы телефонға аяқ-қолынан таңылған жігіт суреті ұсынылғанда біраз әңгіменің басын қайыра келіп: «Өткенде бір шал жазып өз қызына, Қып-қызыл жігітпін деп танысыпты», – деп кейбір «ұялы» телефондағы ұятсыздықтарды сынап өтті. Кітап оқымайтындар туралы суретке қарап Қуаныш: «Әуезовтің кітабын қолына алмас, Әумесерлер қаптаған заман болды!» деп түйреді. Екі ақын қызықты, қызу айтысты. Аңғарғанымыз Нұрболат сөзге сараңдау, сабырлы, салмақты ақын екен. Ардың-күрдің жүріспен абайламай қарсыласының құрған торына түсіп кете қоймайды. Ойы нық, сөзі өткір. Қуаныш болса – екпінді. Ойды тұспалдамай, ашық айтуға, қатені бетке басуға бе-йім. Өнерді өсіретін, әрине, осындай еркіндік. Алайда, алас ұрған айтыс айдынының толқынында шындықты шырқыратып, айбын айғайлатып айтамын деп арандап қалу да оп-оңай. Басқа-басқа бұ күнде ойынды да көтере бермейтіндер бар. Әбділда Тәжібаев атамыздың: «Асау сөздердің кейде осылай асау жылқыларша бой бермей кететіні болады» дейтіні еске оралды. Сөйтіп, облыста өтіп жатқан жалаулы жарыс, тартысты доданың тағы бір кезеңі өтті. Бірінші жұптан Мұхамед Қоңқаев, екіншіден Қуаныш Оспанов озған-ды. Келесі кезеңге осы екеуі өтуге тиіс болатын. Дегенмен, Нұрболатты қош көргендер де көп еді. Екінші жұп айтысының сәтті шыққаны айдан-анық. Бұл «тығырықтан» Мұхамед Қоңқаев шығарды. Ол жасының кішілігін айтып, көпшілікке өнері ұнаған Нұрболат Серікұлына жолын берді. Кезең-кезеңмен алға жылжыған сөз додасы қыза түсті. Мәреге таяған сайын бас бермес сәйгүліктерше ақындар суырылып, алға ұмтылуда. Ендеше, алдағы айтыстардан құр қалмаңыз, ағайын! Мәре жақын… Бұған дейінгі кезеңдердің жеңімпаздары Ерлан Дәулетов пен Нұрислам Әбділ ақтық сынға жолдама алу үшін ортаға шықпақ. Жартылай финалда Қуаныш Оспанов мен Нұрболат Серікұлы қайта кездесіп, айтыс көрігін қыздырмақ! Қысқасы, қызық алда! Жұмыла келіп, көп болып жиылып тамашалап, пікірімізді айтып, батамызды жаудырар болсақ, осындай сөз сайыстарының жемісін – ақ алмастай жарқыраған тағы бір айтыстың ақтаңгерін көп кешікпей көреріміз кәміл.

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс