Айыртаудың ақиығы Төлеу аға!

Төлеу Сүлейменов! Орда бұзар отызға жетпей-ақ, СССР Жоғарғы Советінің депутаттығына сайланып, Кеңестер Одағына көгілдір Көкшесінің даңқын асқақтатып, намысшыл қазағымның бар болмысын паш еткен өр тұлғалы азаматты қалайша мақтан етпеске! Өйткені, тың және тыңайған жерлерді игеру жаңа ғана басталған 1953-1954 жылдары Көкшетау облысының атағы одаққа онша мәлім емес-ті. Осынау қилы сәтте елінің тілеуін жоқтатпай, халқының абыройын сақтап, үкілі үмітпен саясат сахнасына Айыртаудың ақиығы Төлеу Сүлейменұлы найзағайдай жарқырап шыға келген жоқ па. Осының алдында ғана, небәрі төрт жыл бұрын Алматыдағы ауылшаруашылық институтын бітіріп, алғашқы еңбек қадамын Зеренді ауданында агрономдық қызметтен бастаған өршіл өрен 1953 жылы Володар ауданындағы Қамсақты машина-трактор станциясына директорлыққа жоғарылатылады. Құдайым-ау, бұл 25 жастағы жап-жас жігітке пенденің бере салған сыйы ғой! 

Әлі де өмірде жинақтаған тәжірибесі аз, ақылы да толысып, пісіп-жетіле қоймаған жас маманға 18 шаруашылықтың басын біріктіріп, аудан территориясының жартысына жуығын алып жатқан Қамсақты машина-трактор станция-
сын басқару оңай болды ма екен. Мұндайда кімге болмасын алдымен білгірліктен басқа өзінің күш-қабілетіне, ой-өрісіне, іскерлігіне сенімділік те керек болар. Кешегі қан майданды бастан кешіріп, күйзелген шаруашылықты қалпына келтірген, бір сөзбен айтқанда, өмірдің барлық тауқыметін бастан кешірген қарапайым малшы мен механизаторға, ауыл тірлігінің барлық бейнетін қара нардай арқалап, әбден ысылған орта буын мамандарға ақыл-кеңес айтып, тиянақты жұмысты талап етіп көр, қане! Ал, Төлеу аға болса пешенесіне табиғат сыйлаған бұл сынның бәрінен сүрінбей өтті. Ең бастысы, ол бар қиындықты жасқа тән батылдығы мен қолға алған ісінің өміршеңдігімен жеңе білді.
Техника паркін жаңғырту, егіншілік саласында ғылыми-зерттеу институты ұсынған озық тәсілдерді іскерлікпен пайдаланудың нәтижесінде 1956 жылы Айыртау өңірінде, жалпы кең-байтақ республикамызда бітік астық шығып, мол өнім жиналды. Қамсақты машина-трактор станциясының талантты директоры Төлеу Сүлейменов шаруашылықты басқарудағы іскерлігі үшін Ленин орденімен марапатталды. Абзал азаматтың омырауын нұрға бөлеген бұл награданы Ұлы Отан соғысын бастан кешірген аты аңызға айналған әскери қолбасшы, сол кездегі СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Климент Ефремович Ворошиловтың қолынан алудың өзі ілеуде біреудің ғана маңдайына біткен бақ деуіміз керек. Алдында өр тұлғалы, өткір көзді жап-жас қазақ жігітін көрген одақтық староста:
– Неше жастасыз? – деп сұраса керек-ті.
Клим атасының ойын бірден түсінген Төлеу ағай:
– Отыздамын, – депті.
– Қарашы, отызында алғаны Ленин ордені! Құтты болсын наградаң, – депті таң қалысын жасыра алмаған Климент Ворошилов.
Абыройы өрге өрмелеген іскер маман жылдан-жылға тәжірибе жинақтай отырып басшылық қызметте осылай әр қырынан таныла білді. «Айыртау», «Лавров» сов-хоздарында директор, Көкшетау облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып істеген кезінде айшықты іздерімен ел есінде қаларлықтай ауқымды шараларды тындырды. Әсіресе, мәдениет, спорт, білім ошақтарына қоса тұрғын үйлерді көптеп салып, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға тырыс-ты. Ең бастысы, бұрынғы артта қалған шаруашылықтар Төлеу Сүлейменов басшылық тізгінін ұстаған кезінде бірден озаттар қатарынан көрінді. Оның жаңашыл бастамасын, батыл іс-қимылдарын сол кездегі Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков те, Қазақ ССР Астық өнімдерін дайындау министрі Мұзафар Дайыров та жоғары бағалай білді. Қаншалықты дүлдүл болсаң да қарамағыңдағы қызметкерлерге ризашылық сезімдерін шашып-төге бермейтін бұл қайраткерлердің, ел ағаларының ілтипатына бөленіп, сенімнен шыға қою да оңай емес-ті. Алайда, Төлеу ағаның тағы да бағы жанып, 1971 жылы Көкшетау облыстық астық өнімдері өндірістік басқармасына бастық болып тағайындалады. Бұл жай ғана билікке қол жеткізгенге масаттанып, жұмсақ орындықта отырып шалбар тоздыратын қызмет емес-ті. Өйткені, жылдан-жылға облыста астық түсімінің молаюынан элеваторлардың, астық қабылдайтын кәсіпорындардың диқан маңдай терімен өскен бітік өнімдерді тез қабылдап, дер кезінде өндейтіндей қауһарлары жоқтың қасы еді. Сол себепті ол техникалық жаңғыртумен бірге жаңа астық қабылдау кәсіпорындарын, астық қоймалары мен элеваторлар салуға бел буды. 1953 жылғы 2 элеватор мен 11 астық қабылдау кәсіпорнының қатары 1973 жылы 12 элеватор мен 33 астық қабылдау кәсіпорнына көбейді. Осы мерзімде автомашиналарға астық тиейтін 170 механикаландырылған қондырғы іске қосылды.
Астық қабылдау кәсіп-орындарында коммунистік еңбек қозғалысы қанат жайып, инженер-техник қызметкерлер мен жұмысшылардың мәдени-техникалық деңгейі мен кәсіби шеберлігі де артты. Бұл орайда Пески, Тайынша, Жамантұз элеваторларының, Степняк, Азат, Зеренді, Володар, Уголки астық қабылдау пункттерінің, Щучье өнім өткізу базасы мен Көкшетау астық өнімдері комбинатының өндірісті автоматтандыру және механикаландыру мәдениетінің жоғары деңгейін айрықша атап өтуге болады. Әсіресе, жүрегінде жалыны, еңбекке деген құлшынысы бар қазақ жастарын қолтығынан демеп, қамқорлық жасауда Төлеу ағаға ешкім де тең келмес. Бүгінде 90 жасты алқымдаған ел ағасы, даңғайыр диқан Тұрлыбек аға Әбілпейісов өз өміріне қатысты бір оқиғаны былайша баяндайды: «Егін орағында қол жеткен елеулі жетістіктеріміз үшін біздің шаруашылықтан бір орыс азаматын Социалистік Еңбек Ері атағына, бір қазақты Ленин орденімен, бір немісті Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттауға ұсыну ұйғарылыпты. Ал, совхоз директоры Төлеу Сүлейменов аудандық партия комитетінің хатшысы Хайловтың бұл уәжімен келіспей, Еңбек Ері атағына мені ұсынады. Ақыры не керек өзінің депутаттық мандатын пайдаланып, менің кандидатурамды қорғап шықты ғой». Бір тамашасы, ол кішкене ғана мүмкіндігі бар қазақ ауылдарын совхоз орталығына айналдыруға, аудандарда, әсіресе, облыс орталығы Көкшетау қаласында тұрғын үйлерді, балабақша мен мектептерді көптеп салуды мықтап қолға алды. «Ақбидай» атауымен салынған бүгінгі «Дос-тар» мәдениет сарайы облыстық астық өнімдері басқармасының бастығы Төлеу ағаның тікелей қамқорлығымен салынғанын қалайша мақтан етпеске. Тұлғалы азаматтың шапағатына бөленген ондаған, жүздеген көкшетаулық отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, қуанышқа бөленген жоқ па? Иә, бүгінгі күні 90 жасқа толып отырған ел ағасының халқына жасаған бұл жүздеген, мыңдаған жақсылығының бір парасы ғана. Зерделеп, зерттеп жазар болсақ, қазақ ғылымының жарық жұлдызы Шоқан, ұлттық мәдениеттің дүлдүлдері Орынбай мен Ақан сері, бертінгі жайсаңдары мен жақсылары Кәкімбек Салықов, Шота Уәлиханов, Мұса Асайынов өмірге келген сырлы Сырымбеттің перзенті, Айыртаудың ақиығы Төлеу Сүлейменов талай көркем шығарманың кейіпкері болары шындық.
Кезінде Көкшетаудың көрікті бір көшесіне тұлғалы азамат Төлеу Сүлейменовтың есімін беруге, бүгінгі күні ардақты ағасының 90 жасқа толуын атап өтуге мұрындық болып жүрген кенже інісі Болат Жанәділов жайлы да ілтипат білдіргенді жөн санап отырмыз. Қашан да ел бірлігін сақтап, көпшілікке зерделі, ойлы сөзін айта білетін ардақты бұл азамат та өзінің көрегендігі, парасаттылығы арқасында біршама биіктерден көріне білді. Ұзақ жыл облыстық аурухананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып, қазақ елінің тәуелсіздігін жариялаған Республика Парламентінің депутаты болды. Көкшетау облысы әкімінің орынбасары болып істеген шақта оның ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны насихаттауға, өркендетуге қосқан үлесі өз алдына бір төбе. «Төлеудің біздерге ет-жүрегі елжіреп тұратындықтан оны бәріміз арқа тұттық. Әкеміз Сүлеймен мен анамыз Күлпәштың орнындағы ақылшымыз, тәрбиешіміз сияқты сезінген сәттер де көп болды. Қара нардай қайыспастығы үшін оны әулетіміз де сыйлап өтті. Әттең, ел үмітін абыроймен ақтаған ардақты азамат небәрі 52 жыл ғұмыр кешті ғой», – деп сағынышпен еске алады Төлеу ағасын.
Елу екі ер азамат үшін қылшылдаған нағыз жігіттің жасы емес пе. Еліне бергенінен берері көп, әлі де жасар жақсылығы мол Төлеу Сүлейменов сонау 1954 жылы СССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланған сәттен бері құрметтен құр алақан болған жоқ. 1968 жылдан обкомның мүшесі болып сайланып, Ленин, Октябрь Революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Көкшетау қаласындағы бұрынғы «Правда» газеті атындағы көшеге оның есімі берілді. Ең үлкен құрмет Көкшетаудың үлкен-кішісі күні бүгінге дейін адал перзентінің есімін асқақтатып, өскелең ұрпаққа өнеге тұтуда. Көкшенің жайсаңы, көрнекті қоғам қайраткері Төлеу Сүлейменов арамызда болғанда 90 жасқа толуын ат шаптырып, Айыртау атырабын, кең-байтақ қазақ даласын дүбірлі тойға бөлер едік. Тағдыр қуанышты бұл күнді Сүлейменовтер әулетімен бірге көруді жазбаса да, қазақтың нар қасқа перзентінің қасиетті есімін әрдайым мақтан тұтып, жүрегімізде мәңгі сақтайтын боламыз.

Балталы Сәрсенбаев,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс