Айқын мақсат алға жетелейді

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жасаған биылғы сапарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне жоғары баға берді. Әрдайым елдің болашағын әріден болжайтын Елбасы Абылайдың ақ туын тіккен қасиетті Көкше өңіріне деген ыстық пейілін жан-жүрегімен білдіре келе, осы бір ғажап өңірдің заман талабына сай дамып, өркендеуіне мемлекетіміздің ештеңеден аянбайтындығын жүйелі сөзімен жақсы жеткізген болатын. Осындай жан-жақты қолдаудың арқасында Ақмола облысы экономиканың әр саласы бойынша үздіктер қатарына қосылды. Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруда жүзге жуық жобаға 85 миллард теңге инвестиция тартылды.  Облыс диқандары биыл 4,6 миллион тонна рекордты өнім жинады. 

Өңірдегі кезекті іргелі жоба. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың қыркүйегінде Ақмола облысына жасаған сапарында тәуелсіздіктің құрдасы – «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында жаңа инновациялық желіні іске қосты. Өткен жылы қолға алынған бұл жобаға 3,7 миллиард теңге қаржы жұмсалған және көптеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туған. Жаңа өндірістік желі алкогольсіз сусын дайындаудың барлық айналымында кластерлік жүйемен жұмыс істейді, яғни сусынды дайындап, өздері жасаған құтыларға құйып, тұтынушыларға дайын өнімді үздіксіз жеткізеді. Мұнда германиялық ең соңғы үлгідегі құрылғылар орнатылған. Жұмыстың бәрі автоматтандырылып, компьютерлік бағдарламамен басқарылады. Осылайша, Көкше өңіріндегі іргелі кәсіпорынның өндірісін кеңейтетін тағы бір жаңа жобасы жұмысқа кірісті. Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде 100-ге тарта өнім түрлері шығарылады. Оның ішінде соңғы 15 жыл бойы «Туран» брендімен («TURAN») Ресей Федерациясына минералды сулар мен алкогольсіз сусындар тұрақты түрде жеткізіліп келеді. Бұл кәсіпорынның өнім түрлерін көбейтуге, сапалық көрсеткіштерді жақсартуға ұмтылдыратыны анық. Зауыт шығарған табиғи таза сусындарды еліміздің барлық өңірінен кездестіруге болады және тұтынушылар тарапынан жақсы бағасын алғанын айтуымыз керек. Зауыт басшысы Мұрат Ахметовтың айтуына қарағанда, қазіргі күні кәсіпорында экологиялық таза аймақтардан бутилденген табиғи минералды су шығару бойынша Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халықаралық маңызы бар ең үздік инновациялық жоба жүзеге асырылуда. 2020 жылға дейін табиғи минералды су шығаруды жылына 400 миллион литрге дейін жеткізу жоспарланған.
Бірлескен кәсіпорынның берері көп. Мемлекет басшысы Көкшетауға келген сапарында «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен егжей-тегжейлі таныс-ты. Еуразиялық экономикалық кеңес аясында құрылған «Ауыл- шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі» инвестициялық жобасы 2012 жылы қолға алыныпты. Мұндағы мақсат – Беларусьтің коммуналдық және ауыл- шаруашылығы салаларының озық техникаларын елімізде құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусьтің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп, «МТЗ-ҚАИК» серіктестігін құрған болатын. Жалпы, беларусьтік компанияның Ақмола облысымен іскерлік байланысы 2010 жылдан бастау алған. Осы аралықта 5 миллион АҚШ долларына жеті түрлі техниканың 500 данасы құрастырылды. Шығарылған техникалардың бәрі – отандастарымыз тарапынан сұранысқа ие коммуналдық және ауылшаруашылығы техникалары. Жалпы, 2012 жылы басталған бұл жобаны жүзеге асыру үшін 3,4 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Қазір толыққанды жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жыл сайын 25 түрлі ауыл- шаруашылығы және коммуналдық қызметке арналған техникалардың 5 мың данасын шығарады.
Аймақ туризмінің болашағы зор. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Щучинск-Бурабай курортты аймағына келген сайын жаңа нысандар ашып, елдің еңсесін бір көтеріп тастайды. Щучье көлінің солтүстік жағалауында орналасқан «Риксос-Бурабай» мейманханасы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шипажайлық бизнесті әлемдік деңгейге көтеру мақсатында салынды. Қонақ үйдің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Елбасы жаңа нысанның жанынан үлкен туристік инфрақұрылым құрылатынын және соның нәтижесінде Бурабайда әлемнің көптеген танымал шипажайларынан да жақсы ахуал қалыптасатынын атап өткен-ді. Бүгінгі таңда Елбасы берген осы тапсырмалардың бәрі ойдағыдай жүзеге асты. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Көкшеге бір келгенде өзінің қасиетті, киелі осы өңірге деген құрметі мен сүйіспеншілігін былайша білдіріп еді: «Мен Ақмола өңіріне келген әрбір сапарымда халықтың қуанышты жүзін көріп, болашаққа деген сенімін байқап, көңілім толады. Кең алқапты астығымен, Бурабайдың сұлу табиғатымен Қазақстанды әлемге әйгілі еткен бұл өңірдің елдің дамуына қосқан үлесі ерекше». Елбасының Ақмола облысының жетістігін осылай айрықша бағалауы жерлестерімізді жаңа асуларға жігерлендіруде. Өз тарапынан олар да Мемлекет басшысының сындарлы саясатына жан-жақты қолдау көрсетіп, нұрлы болашаққа үмітпен қол созуда.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс