Академия мәртебесін алу – ұжым жетістігінің жемісі

Тәуелсіздік жылдары азаматтық қорғау академиясында 5 мыңнан астам құтқарушы дайындалды. Бұл жайында ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясында Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Юрий Ильиннің төрағалығымен ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысында айтылды. Отырыс тақырыбы аталмыш оқу орнына академия мәртебесін және қазақ батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімін беруге арналды. Онлайн режимде өткен шараға қоғам қайраткерлері, Майдан Мәлікқызы және ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. Шарада Юрий Ильин құттықтау сөз сөйледі. «Академияға атақты майдангер, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылыми қайраткері, Ақмола облысының тумасы Мәлік Ғабдуллиннің есімін беру туралы шешім – еліміз үшін, әсіресе, көкшетаулықтар үшін шын мәнінде тарихи оқиға болды. Академия мәртебесін алу – ұжым жетістіктерінің нәтижесі және жоғары оқу орны қызметінің лайықты мойындалуы», – деп атап өтті министр. Іс-шара күндізгі оқу факультетіндегі 136 курсанттың оқу бітіру салтанатты рәсіміне ұлас-ты. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері өз қатарына 136 жас офицер-құтқарушыны қабылдады. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев академияны табысты аяқтауымен және алғашқы офицерлік атақ берілуімен құттықтап, түлектерге жылы лебізін білдірді. «Адамдарды қорғау және құтқарумен байланысты мамандықты таңдау ерекше құрметке лайық, өйт-кені азаматтық қорғау органдарындағы қызмет зор күш-қуатты, табандылықты, шыдамдылықты, батылдықты талап етеді. Алда сіздерді үлкен өмір жолы күтіп тұр. Сіздерге жүктелген сенім ақталады деп үміттенімз. Курсанттар мен офицерлер тек Ақмола облысының аумағында ғана емес, бүкіл республика бойынша ТЖ жоюға белсенді қатысады», – деді өңір басшысы. Бүгінгі таңда оқу орны «өрт қауіпсіздігі», «төтенше жағдайларда қорғау», «азаматтық қорғаныстың командалық тактикалық күштері» және «өрт сөндіру және авариялық-құтқару ісі» сияқты 4 білім бағдарламасы бойынша білікті мамандар даярлайды. Сондай-ақ, «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша қашықтықтан оқыту жүргізіледі. Келесі жылдан бастап «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша магистратураға алғашқы қабылдау жоспарланып жатыр. Шара аясында Орталық алаңдағы Мәлік Ғабдуллин ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдары аталмыш білім ордасында 5000-ға жуық маман даярланды, оның ішінде 132 түлек үздік диплом алды. Оның көпшілігі басшылық лауазымдарда жұмыс істейді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий