Алаштың Сәкен сұңқары

Көкшетауда алаштың ардақты ұлы, қазақтың ақиық ақыны, көрнекті мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған мазмұнды шаралар өтті. «Кербез Көкшенің ақиығы – Сәкен Сейфуллин» атты ғылыми конференцияға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, сөз сөйледі.

– Құрметті зиялы қауым, ұстаздар мен студенттер! – деп бастады сөзін облыс әкімі Е.Маржықпаев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өткен конференцияда: – Баршаңызды кербез Көкшетауда Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толу құрметіне өткізіліп отырған тойдың басталуымен құттықтаймын! Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ақын Сәкенге арналған осы республикалық ғылыми конференциямыздың табысты өтуіне тілектеспін. Біздің бүгінгі алқалы жиынға көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы, белгілі ғалымдар мен танымал ақын-жазушылар қатысып отыр. Қадірлі қонақтар, сіздерді сұлу Көкше елінде қарсы алып отырғанымызға өте қуаныштымын!
Одан әрі өңір басшысы жұрт-шылықтың сүйікті шығармасына айналған Сәкеннің атақты «Көкшетау» поэмасы, осы өңірдің табиғаты мен тарихының әспеттеліп, дәріптелуі, бүгінгі күні ардақты ақын туындыларының насихатталуы, оқылуы туралы, Көкшетау бейітінде жерленген ақынның ұлы Аянның басына тас орнатылғанын, жыл сайын өтетін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде оған құран бағышталып, еске алынатынын, Сәкеннің жары Гүлбахрамның облыс шеңберінде орналасқан «АЛЖИР» лагерінде тұтқында болғанының да ұмытылмайтынын, Ақмола облысы бойынша қалалар мен елді мекендердің 74 көшесіне, 3 мектеп пен 1 ауылдық округке Сәкен есімі берілгенін айтты.
Конференцияда шара қонақтары қоғам және мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметова, Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин музейінің директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Жандос Смағұлов, драматург, актер Қанат Жүнісов, айтыскер ақын, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтаев, С.Сейфуллин қорын құрушылардың бірі Әбілхәкім Ақмурзин, ақиық ақынның туысы, онымен аттас Сәкен Орынбекұлы Сейфуллин, КМУ-дің профессоры Сәбит Жәмбек сөз сөйледі.
Мінберге көтерілгендер да-уылпаз ақынның қиындыққа толы, күрделі тағдыры, жаңашыл поэзиясы, өр үні, асқақ рухы, қайраткерлігі, ерлік іс-әрекеттері туралы жан-жақты баяндады. Конференция соңынан айтылған пікірлер қорытындыланып, болашақта атқарылар шаруалардың жобасы хабарланды. Оның ішінде Сәкен Сейфуллинге ескерткіш орнату, Бурабайда Сәкен шығармалары желісімен этнотуризмді дамыту, Сәкен жүріп өткен жолдармен экспедиция ұйымдастыру, КМУ-де Сәкентану курсын оқыту, бүгінгі өтетін ақындар мүшәйрасын дәстүрлі ету, бір мектепке ақиық ақынның атын беру сияқты мәселелер бар.
Осы күні «Сыр сандықты ашып қара» деген тақырыппен аймақтық ақындар мүшәйрасы өтіп, оған Павлодар, Петропавловск қалаларынан, облысымыздың Бұланды, Ақкөл, Аршалы аудандарынан ақындар қатысып, өлеңдерін оқыды.
Ал, осынау шаралар бас-талмас бұрын жиналған қауым Қопа көлі жағасындағы бейіттегі С.Сейфуллиннің ұлы Аянның басына барып, Құран бағыштаған еді.
Алаш ардақтысы, ақиық ақынды көкшетаулықтар осылай еске алды. Жұртшылық ерекше дарын иесі, ерек тұлға асыл Сәкен туралы бұрынғы білген-түйгенін толықтыра түсті.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий