Алаш мұраты –Тәуелсіз Қазақ елі

«Достар» мәдениет сарайында осындай атаумен жас ақындардың мүшәйрасы өтті. «Алашорда» қозғалысының 100 жылдығына арналған шараға Көкшетау қаласындағы мемлекеттік мекеменің жас қызметкерлері, білім ордаларының оқытушылары, студенттер және Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің шәкірттері қатысты.

Бұдан бұрын еш жерде жарияланбаған шығармаларын ұсынған әр үміткер өлеңдерін көрерменге нәшіне келтіре оқуға тырысты. Қазылар алқасы әр өлеңнің мазмұнына, мәтініне, тақырыптың ашылуына баса мән берді. Нәтижесінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Күләш Нысанбек гран-при иегері атанып, бас жүлде – теледидарға ие болды. Бірінші және үшінші орын Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің оқушылары Қарашаш Ұғылан мен Самат Думанға, екінші орын «Бурабай» колледжінің оқытушысы Серғазы Қайырболдыға берілді. Күләш Нысанбекті бұған дейін де өлең-жырға құмар жастардың шараларында жолықтырып жүр едік. Бұл жолы ол «Бөрі» деген өлеңін додаға салды. Көкбөрі – қазақтығымыздың символы. Тартысып, алысып, жұлысып жүріп, жа-уына өлсе де беріспейтін түз тағысы. Жас ақынның бөрі арқылы Алаштың ардақты ұлдарының қайсар рухы мен табандылығын көрсеткісі келгені көрініп тұр. Күләштің өлеңді оқу мәнері де өзгеше. Өрлік байқалады. Өлеңінің мазмұны терең. Мағыналы да мазмұнды. Сол сияқты Қарашаш Ұғылан да өлеңін нәшіне келтіре, арындап, арқалана оқыды. Қазақтың қыздарының мықтылығы талай аңызға арқау болған. Қарашаштың да бойынан қайсарлық пен қайратты байқадық. Дауысы зор, ашық, әр сөзін нықтап айтады екен. Ал, Самат Думан болса, «Халелдің сөзі» атты өлеңін оқып, Алаш ары-
сының бақытты заманды көксеген үнін жеткізді. Серғазы Қайырболды «Қазақ» деген өлеңін батырлар жырының желісімен жазыпты. Оның бұл тапқырлығы көрерменге де, қазылар алқасына да ұнады. Қатысушылардың бірі Желтоқсан оқиғасын жырласа, енді бірі Тәуелсіздікті тәу етті, ал енді бірі Бозінген-
нің боздауы арқылы Әлихан Бөкей-ханның ұлтын ұлы ету жолындағы басын құрбандыққа шалуын жырға қосты. Жастардың өлеңдерінің кемшін тұстары да бар. Өңдейтін жерлері де жетерлік. Ең бастысы, рух бар. Қазылар алқасы да баға берген кезде өзара айтысып, тартысты. Өйткені, мықты деген өлеңдерді іріктеп, жүлделі орын беру оңай болған жоқ. Дегенмен, айтар ойы мен басты ұстанымына баға берілді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий