Алаш тағылымы және тәуелсіздік

Нұрсұлтан Назарбаев:
«Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы».

Көкшетау қаласында Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай өткен ғылыми-практикалық конференцияда мынадай құнды пікір, бағалы ұсыныс айтылды:

Жаппай білім беру мектептерінің бағдарламасына «Алаштану» арнайы курсын енгізу; Көкшетау қаласының тарихы, облыстық тарихи-өлкетану, әдебиет және өнер музейлерінде Алаш кемеңгерлеріне бөлім ашу; ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына «Ұлағат» монументін орнату; еліміздің жоғары оқу орындарының біріне Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның есімін беру.

580dec93723ccAlash

25-26 мамыр Көкшетаудың зиялы қауымы мен көзі қарақты оқырманы үшін тағылымды да мазмұнды оқиғаға толы болды. Өйткені, екі күн қатарынан бүгінгі тәуелсіздіктің бойтұмарындай болған Алаш идеясы жайлы әңгіме айтылды. Биыл бұл қозғалысқа – 100 жыл! Осындай кең көлемде талқыға салынған жиынды бұрын-соңды көрмеген едім деп жергілікті қариялар да тамсанды, толғанды, тебіренді. Азаттықтың қаншалықты қымбатқа түскенін сезінді. Көп уақыттарының зая кеткеніне өкінді. Олардың рухын оятқан, Алаш идеясын өмірлік ұстанымы, темірқазығы еткен ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Серік Негимов, Қайырбек Кемеңгер, Сәуле Мәлікова болса, рухы биік, өр тұлғаларды көкшеліктермен қауыштырған Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің басшысы Нұртас Ахат. Оның жетекшілігімен «Алаш тағылымы және тәуелсіздік» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында пленарлық мәжіліс өтіп, онда Алаш қозғалысының ғылыми тағылымдық, танымдық тұстары сараланып, көпшіліктің көкейінде жүрген, тұншығып келген түйінді пікірлерінің сыртқа шығуына ықпал етті. Бұл – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қозғау салған ұлы идеяның серпілуі, оянуы еді. Онда айтылған құнды пікірлер Алаш идеясымен тікелей қабысып жатқаны шындық. Ғылыми-практикалық конференцияға қатысушыларды облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан облыстық ішкі саясат басқармасының жетекшісі Айна Мысырәлімова құттықтады.

DSC_7376

Жанайдар Мусин атындағы орта оқу орнына енген әр мейманды асқан ілтипатпен қарсы алған жастар жиын өтетін жерге жеткізіп, жайғастырып жатты. Алдымен бұқаралық ақпарат құралдарымен кездескен ғалымдар оларды қызықтырып жүрген сауалдарға жауап берді. Басты ұстаным – тәуелсіздік үшін күресіп өткен Алаш арыстарының идеясын қайта жандандыру, оның өміршеңдігін дәлелдеу, бүгінгі заманмен байланыстыру. Келелі пікір мен кесімді ой айтылған кездесу білім ордасының «Медиа» орталығында жалғасын тапты. Ғалымдар ендігі жерде Алаш кемеңгерлеріне тамсануды қойып, олардың ұстанған бағытын болашаққа бағдар етіп, бойтұмардай сақтап, ұрпаққа аманат ету қажеттігін айтты. Жазушы Тұрсын Жұртбай – 30 жыл ғұмырын Алаш тақырыбына арнаған тұлға. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында бірнеше жыл қатарынан отырып, қамауда болған азаматтардың ісімен танысып, тергеу-жауап алуға қатысты құнды құжаттарды көшіріп алған. Оларды «Ұраным – Алаш!» кітабына жинастырып, жақында ғана тергеу істерін топтастырған үш томдығын оқырман қолына тигізген қайсар қаламгер.
«Әлихан Бөкейхан бастаған біртұтас Алаш идеясы қазақтың ең соңғы тұяғы өмір сүретін болса, соның бойында болуы керек, болады деп сенемін. Өйткені, бұл идея бөлмелерден, формулировка іздеп, әр ғалым бір ұсынысын айтып, басын қосқан идея емес, ол қанмен, термен, бейнетпен келген. Әр сөзі өмірдің өзінен, бесіктегі баланың шырылынан, үлкен ақсақалдың «О, дариға!», – деген күңіренісіне дейінгі аралықтағы тынысынан алынған деп ойлаймын. Алаш идеясының қалыптасуы және өрлеуі тікелей Көкшетау жерімен байланысты, дінмен сабақтас. 1892 жылы патша мен патриархат «1902 жылдан бастап жаппай қазақты шоқындыру туралы» заң шығарған, оның бағыттары көп. 1901 жылы Көкшетауға 1000 інжіл әкелінген. Сол кезде Науан хазірет пен Шәймерден Қосшығұлов қарсы шыққан. Патша үкіметі онда 10 000 адамның қолын жинап әкел деген талап қойған. Сонда Шәймерден Қосшығұлов біресе дәруіштің, біресе қайыршының, біресе жаяудың, біресе аттылының кебін киіп, бірнеше рет түрмеге қамалып, 10 000 қолды жинаған. Сондағы ұстаным – тәуелсіздіктің негізгі принциптері болып табылады. 1905 жылы Мұхамеджан Тынышбаев Шәймерден Қосшығұловты Петербургқа шақырады. Сол кезден бастап қарсылық петициясын жер-жерге жеткізу жүргізіледі, Әлихан Бөкейхан шоқындыру сая-
сатына қарсылық білдірсін деп Шәймерденді Түркияға жібереді. Ол сонда бір жыл болып, кейін қажылыққа барғандармен қайтып келеді. Сондай жанкешті рухтан басталған ұлы қозғалыс міне, өзінің бүгінгі ел мұратына айналып отыр», – деді өз сөзінде жазушы Тұрсын Жұртбай.
Жазушының пайымдауынша Алаш арыстары ұстанған басты бағыттар мыналар: 1-ші идеясы – Алаш өз жеріне өзі ие болуы керек. Өйткені, жер – Отан, жер – экономика, жер – азық-түлік, жер – Алаштың ұрпақтары жүретін, сөйлесетін, дәстүрін дамытатын кеңістік. Сондықтан жер сатылмауы керек. Жерді сату Отанын сатқанмен бірдей. 2-ші идеясы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі байлығы алашқа қызмет етуі керек. Жердің астындағы кен, үстіндегі шөптен бастап, орман-тоғайға дейін, тауы мен тасы Алаштың игілігіне жұмсалуы тиіс. Өз халқының қолы өз аузына жеткеннен кейін ғана, сырттағыларға жалға беруге болады. Әлихан Бөкейханның айтқан сөзі: «Қазақтың жеріндегі бір түйір тас, әр қазақтың кеудесіне түйме болып қадалуы керек», – дегендегісі осыны көздегені. 3-ші идеясы – Алаш мемлекетінде шыққан бір уыс жүн сол алаш азаматтарының кеудесіне тоқыма болып тоқылуы керек. Яғни, экономикалық тәуелсіздік қажет. Алаштың аумағынан шығатын барлық өнім алаш жұртын қамтамасыз етіп, өзінің өнеркәсібі болуы тиіс. Смағұл Сәдуақасовтың көксегені осы еді. 4-ші идея-сы – Алаш аумағында тіл, діл, дін, менталитет үстем болуы керек. Қазір тіл туралы айтсақ, сүйегіміз сырқырайды, ал мұсылмандыққа қарсы заң қабылдаған бірден-бір мемлекет те өзіміз болып отырмыз. Діл мәселесіне келетін болсақ, қазір солтүстікке қарағанда, оңтүстік өңір орыстанып кетті. Діл түзелмей, тәртіп, ықылас, ақылақ, әдеп түзелмейді. 5-ші идеясы – тәуелсіз ғылымға сүйене отырып, дәстүрлі заңға негізделген, Жапония сияқты ұлттық-демократиялық мемлекет құру. Әр тетікті, әр бөлшекті өндіретін зауыттарымыз болуы керек. Тәуелсіз ғылым болған жерде ғана мемлекет қарыштап дамиды. Қазақтың өзін қорғайтын заң болмайынша, еліміз дамымайды. Міне, осындай бес идеяны ұстанған Алаш арыстарын «халық жауы» деп айыптап, абақтыда азаптап, атты, асты, итжеккенге айдады.
Мұрағаттардан Науан хазіреттің, Шәймерден Қосшығұловтың қолжазбаларын, хаттарын тапқан ғалым биыл сол тарихи, құнды құжаттарды кітап етіп бастырып шығармақ ниетте. Діннің нәрін сепкен жанның қозғалысы Алаш арыстарының қозғалысына ұласты. Науан хазіреттің туғанына 175 жыл толуына орай Тұрсын Жұртбай Алаш арыстарының рухына бағышталып, бір күнде еліміздегі барлық мешіттер Құран-қадім түсірсе деген тілегін Бас муфтиге жеткізіпті. Ал, жергілікті зиялы қауым өкілдері осындай ұсыныстар айтып, хат жазса нұр үстіне нұр болар еді. Алаштың идеясының басында дін, рух тұр. Егер әкемізге, бабамызға құран оқып, бағыштай алмасақ, онда біздің ұлт болып, олардың ұрпағы болып туылғанымыздың, мемлекет болып отырғанымыздың еш құны болмас деп есептеймін деп ойын түйіндеді. Жиында ғалым Серік Негимов қазақты шырылдап оятқан Міржақып Дулатовтың әдеби-ғылыми шығармашылығы жайлы ой толғаса, Қайырбек Кемеңгер «Алаш және алғашқы оқулықтар» тақырыбын талдап түсіндірді. Олар құрастырған жаратылыстану, химия, математика, дене сымбаты, жеке бас тазалығы, география, астрономия және т.б. оқулықтарын қазіргі мектеп бағдарламасына енгізуге әбден болады. Ғалым Сәуле Мәлікова – Алаш қайраткері Жұмағали Тілеулин тақырыбын зерттеп жүрген мұрағатшы. Жиында осы тұлға жайлы көп деректер айтылды. Әсіресе, денсаулық сақтау саласына қатысты қалдырған жазбалары өте құнды.
Конференция соңында оған қатысушы ғалымдар өз ұсынымын қабылдады. Онда Көкшетау қаласында Алаш кемеңгерлеріне арналған саяжол салу, Көкшетаудың көшелеріне жергілікті қоғам қайраткерлері Айдархан Тұрлыбаев, Жұмағали Тілеулин, Мәмбетәлі Сердалин, Сейілбек Жанайдаров, Қошмұхамбет Кемеңгер, Сейітбаттал Мұстафин, Хайретдин Болғанбаевтың есімдерін беру, жаппай орта білім беретін мектептерде Қазақстан тарихы пәніне қосымша «Алаштану» арнайы курсын енгізу, Ақмола облыстық білім басқармасы Алаш арыстарының жинақтарымен, монографиялық еңбектерімен қамтамасыз етілсе, облыс орталығындағы тарихи-өлкетану, Көкшетау қаласының тарихы, әдебиет және өнер музейлерінде Алаш кемеңгерлеріне арналған бөлімдер ашылса, Алаш қайраткерлерінің мұраларын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы насихаттау жұмыстары жүзеге асырылса, Алаш кемеңгерлерінің жүріп өткен жолы ұлттық-мәдени орталықтарда насихатталса, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына облыс орталығында «Ұлағат» монументі орнатылса деген тілектер айтылған. Сонымен қатар конференция барысында еліміздегі бірде-бір оқу орнына Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның есімі берілмегені де елдігімізге сын екендігі өкінішпен айтылды. Жалпы, осынау тағылымы мол жиынға қатысқан жергілікті зиялы қауым өкілдері ойға түйгендерін ортаға салып, кезек күттірмейтін мәселелерді жедел шешудің уақыты жеткенін айтып, ғалымдармен кездесуге мүмкіндік тудырған ұлт жанашыры, ғалым-басшы Нұртас Ахатқа алғыстарын жеткізді.
«Әлихан Бөкейхан және Алаш-орда үкіметі», «Көкше өңірінен шыққан Алаш қайраткерлері», «Алаш қайраткерлерінің бүгінгі азаматтық қоғамды қалыптастырудағы рөлі» атты панельдік сессия отырыстары мен пікірлесу алаңдарында 98 ғылыми баяндама тыңдалды. Алаш тақырыбы өзекті. Оны жан-жақты насихаттап, жариялауға еш бөгет жоқ. Сондықтан Елбасының өзі қолдау білдірген жаңғыруды ғалымдар еліміздің қайта құруы деп тануы қажет.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс