Алаш қайраткері халқымен қауышты

Еңбекшілдер ауданының жұртшылығы атақты жерлестері Шәрәпи Әлжановтың ғылыми-ағартушылық қызметіне ерекше құрмет көрсетті

IMG-20171009-WA0005(1)Еңбекшілдер ауданына қарасты Сәуле ауылының тумасы, ғалым-педагог, шешен сөздің үздігі, профессор Шәрәпи Әлжанов – қазақтың маңдайына біткен біртуар ірі тұлғаларының бірі. Алаш қайраткерлерінің сапында халқын жарқын болашаққа ұмтылдырып, балаларын сауаттандырып, ғылым мен білімнің кілтін қолына ұстатуды арман тұтқан ардақтымыз. Алайда, бар мақсатын іске асыра алмай, небары 36 жасында қуғын-сүргіннің құрбаны болып атылып кете барған. Жерлестерінің атын қайта жаңғыртқан сәулеліктер қайраткердің есімін туған ауылындағы мектепке беріп, білім ошағының алдына жарқыратып мүсінін орнатты. Степняк қаласында «Алаш арыстары және тәуелсіздік» ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, «Ұраным – Алаш!» деп жүрген ғалымдар бас қосты. Келелі жиында Шәрәпи Әлжановтың тұлғасы айшықталып, еліне сіңірген еңбегі, оның өміршеңдігі ортаға салынды. Алаштың идеясы қарапайым халыққа қарапайым тілмен түсіндірілді. Осы шаруалардың басы-қасында Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы Мұрат қажы Ыдырысұлы жүргенін баса айтуды жөн көрдік. Әйтпесе «Өз елі өз ерлерін ескермесе, Көкшетау қайдан алсын кемеңгерді?».
Еңбекшілдер өңірінен талай дүлдүлдер дараланып, оза шауып, өз заманынан асып туған ардақтылары болған. Солардың қатарында жұлдызы жарқырап көрінетін, ойлы да ойшыл азамат Шәрәпи Әлжанов еді. Көзі ашық, көкірегі ояу, болашақты болжап, халқының жұлдызы жарқырауы жолында жарғақ құлағы жастыққа тимеген кемеңгер. Аспандағы аққуға үнін қосқан Біржан салдың әуелеткен әнімен әлдиленген сайын даладағы Степняк қаласының дәл ортасындағы биік төбеде «мен мұндалап» ақ киінген әншінің ескерткіші тұр. Қолында домбырасы, еңсесі биік. Алысқа көз салады. Даланың ерке құсындай еркін, азат. Міне, дәл осындай тәуелсіздікті Алаш ардақтылары да аңсап өткен. Олардың салған сара жолымен жүріп келе жатқан жампоздар қазір де бар. Мәдениет ошағында өткен кеңеске рухы биік азаматтар келді. «Ұраным – Алаш!» деумен ғұмыр кешіп жүрген ғалым Тұрсын Жұртбай, өзіміздің жерлесіміз көсемсөз шебері, ғалым Серік Негимов, Көкшетаудағы қазақи тәрбие беріп, өзінің сара жолын таңдаған білім ошағының жетекшісі Нұртас Ахат, шежіренің шебері, зерттеуін зерделеп барып халыққа жеткізуші Ғалым Мұсатай, талай ауданның тізгінін ұстап, билік басында жүрсе де тарихын таразылап, ата-бабасының мұрасына бойлай білетін Ермек Нұғыманов, ұядан алған тәлімін ұшқанда іліп түскен, іскер азамат Асқар Қиықов, қазақ әдебиетінің әр тұлғасының өмірі мен шығармашылығын жатқа біліп, жалықпай таразылаушы Сәбит Жәмбек, Аманжол Ыдырысұлы, Аманай Асылбайұлы – ғылыми-практикалық конференцияны маңызды да мазмұнды еткен азаматтар. Қарағанды өңірінен ат арылтып жеткен Шәрәпи Әлжановтың немере қарындасы Әмина Сұлтанғалиқызы да шараның шырайын кіргізді. Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновпен үзеңгілесе, халқының жарқын болашағы жолында аянбай еңбектенген ардағымыз кім еді, қандай адам болды, енді соған келейік. Шәрәпи Әлжанов 1901 жылы Еңбекшілдер ауданы, Сәуле ауылында дүниеге келген. Әскери гимнастерка мен шинельде түскен суреті бізге жеткен. Қалың шашы бұйраланып, артқа қарай қайырыла, бұрқырап тұрған келісті де келбетті азаматтың мінезді, қайратты да қайсар болғаны аңғарылады. Әскери киімде жүрген себебі 1920 жылдары әуелі Қызыл әскер сапында, кейін тәртіп сақшысы қызметінде жүргенінің белгісі. 1925 жылы Мәскеудегі әскери-педагогикалық курсты тәмамдағаннан бастап, Шәрәпи Әлжанов өз өмірін білім саласымен байланыс-
тырған. 1932-1937 жылдарда ҚазПИ-де педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика факультетінің деканы, әрі Оқу халық комиссариаты педагогика ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметтерінде жүріп, қазақтың балаларын сауаттандыру тақырыбында бірнеше еңбегін жазған. Солардың қатарында «Ауыл мектептерін политехникаландыру жолдары» атты еңбегі Елбасының кәсіптік білімді қазақ балалары меңгеру керек деген тұжырымымен сәйкес келеді. Ғалым-педагогтың айтуынша, ауыл балаларына техниканың тілін меңгертіп, әр өңірдің перзенті өз жерінде өсетін дәнді-дақыл, өсімдік және жануарлар дүниесін жетік меңгеруі тиіс, физика, химиядан алған теориясын практикамен байланыстыруына мүмкіндік беру керек. Сонда ғана қазақ балаларынан тарихшы, биолог, физик, табиғаттанушы, геолог, агроном ғалымдар өсіп шығады. Тағы бір ерекшелік, Шәрәпи Әлжановтың енгізіп кеткен терминдік ұғымдары: «профиль-бағдар, меже», «обьект-нысан», «подросток-ересек», «развитие-жетілу», «среда-айнала», «младенец-бөбек», «самосознание-өзіндік сана» осы кезге дейін қолданылып келе жатыр. Қазақстандағы педагогика ғылымының алғашқы ұйымдас-
тырушысы елімізде орта және жоғары педагогика мектептерінің ашылуына мұрындық болған. Сайып келгенде, барлық еңбектері қазақ балаларын көзі ашық, көкірегі ояу етуге саяды. Конференция барысында сөз алған ғалымдар атақты жерлесімізді әр қырынан таныстырды. Жиын соңында мынадай ұсыныстар айтылды: Еңбекшілдер ауданының мектептерінде ғалымның зерттеу еңбектері білім бағдарламасына енгізіліп, насихатталса, жинақтары шығарылса, Степняк қаласында ескерткіші ашылып, көше атауы берілсе, осы өңірден өтетін Жібек жолының бір тармағына «Абылайдың қара жолы» стэлласы орнатылса, жергілікті жердегі зиялы қауым латын әліпбиіне өту туралы Елбасының бастамасын қолдаса.
Конференция аяқталғаннан кейін жиналған көпшілік Біржан сал бабаның, Абылайдың қара жолының бойындағы зиратта мәңгілік тыныстаған Мұхаммед Салықтың басына құран бағыштады. Одан кейінгі шара Сәуле ауылында жалғасын тапты. Степняктан шығып, сол елді мекенге беттеген көліктердегі қонақтарды атқа салт мінген ауыл балалары қарсы алып, жолдың екі жағынан жарыла құрметпен алып жүрді. Мұны да сәулеліктердің қонақжайлылығы деп түйдік.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Конференция барысында жергілікті ғалымдар, әдебиетшілер Алғыс хатпен марапатталып, Алаш идеясын ұстанушы Тұрсын Жұртбайға Ерейментау ауданының әкімі атынан шапан жабылып, ат мінгізілді. Есімі Сәуле ауылдық мектебіне берілген ұлт қайраткері Шәрәпи Әлжановтың бюсті салтанатты түрде ашылып, қуғын-сүргін құрбанына арналып құран бағышталып, ас берілді. Ауыл балалары күресте белдесіп, ат жарысына қатысып, көкпар тартысты. Маңызды шараға асқан жауапкершілікпен келген аудан әкімдігін ұйымшыл сәулеліктер де қолдап, бір қолдың саласындай бәрін бір деммен өткізді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс