Алдағы міндет – аулаларды жөндеу жұмыстарын сапалы атқару

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың кезекті жұмыс сапары Абылай хан даңғылы, №18 және №24 үй аулаларында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысудан басталды.

Құрылыс алаңын аралап көрген қала басшысы мердігерге жаңарту жобасына қатысты бірқатар ұсыныстар айтты. Төрт үйді қамтитын аулалардағы жұмыс ауқымына асфальт төсеу, жиектастар орнату, балалардың ойын алаңы мен спорт кортын салу, көлік қоятын орын дайындау кіреді. Қала әкімі бұл жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар қала әкіміне жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін алғыстарын жеткізді. Қала басшысы да тұрғындарға айналаны қоқысқа толтырмай, өз аумақтарының тазалығына көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтты. Қаладағы Әуезов көшесі, №238 және №238 «а» үйлерінің аулаларына 14 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Жақында мұндағы заңсыз орнатылған гараждар алынып, бұл орынға асфальт төселмекші. Құрылысшылар ойын және спорт алаңдарын мұқият қоршайды. Тұрғындармен әңгімелесу барысында қала әкімі Ермек Боранбайұлы кір жаятын орынды қалыпқа келтіруді, декоративтік қақпаларды біркелкі сырлау, балалар ойын алаңдарындағы турниктер мен архитектуралық мүсіндерді жаңартуды тапсырды. Сондай-ақ, контейнер алаңындағы қоқысқа толған жәшіктерді көріп, «Тазалық» коммуналдық кәсіпорнының жұмысына сын айтты.
Көпқабатты тұрғын үйлердің сыртын әрлеу жұмыстары Уәлиханов көшесінен бастау алып, Горький көшесінде жалғасуда. Горький көшесі, №76 үйінің сырты өзгеше кейіпке енген. Жақын күндері орталық көшелерде 20 үй де жаңармақ. Бұдан соң Абылай хан даңғылындағы 12 көпқабатты үйлердің сыртына әрлеу жұмыстары жүргізілмек.
Бұл күні қала басшысы бірқатар білім беру нысандарында болды. №6 орта мектепте спортзал мен шатырдағы жөндеу, «Әсел» балабақшасындағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Қала әкімі мекеме жетекшілеріне мердігер ұйымдардың жұмысын мұқият бақылауға алуды тапсырды. Жоспарланған жұмыстар мерзімінде аяқталуға тиіс. Буденный көшесіндегі №60 үйге қала әкімі мүгедек Сұлтан Есілбаевтың қала әкімдігінен ауланың кіреберіс жолдарын жөндеуді сұраған өтініші бойынша келді. Белсенді тұрғынмен әңгімеден кейін Е.Маржықпаев коммуналдық сала қызметкерлеріне жолдарды жөндеуді жүктеді. Қала басшысы «Восточный» базарындағы жергілікті өнімдердің әлеуметтік бағасын тексерді. Сауда нысаны жаңадан құрылып жатқандықтан, қала әкімі сатып алушылар үшін ғана емес, жалға алушылар мен сатушылар үшін де қолайлы жағдай жасау қажеттігін жеткізді. Сапар соңында қала әкімі Куйбышев және Остапенко көшелерінің қиылысында тұрғындармен кездесті. Осы маңдағы жер үй тұрғындары нөсер жауын суынан зардап шегіп отырғандарын алға тартты. Қала басшысы сала басшыларына аталған мәселені шешу жөнінде тапсырма беріп, орын алып отырған жағдайдың қатаң бақылауда ұсталатындығын жеткізді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс