Алланың ақиқат дінін уағыздаушы

«Көкшетау» мәдениет сарайында он сегіз мың ғаламның рақымы, шапағатшысы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың тағылымға толы өмірі мен Алланың ақиқат дінін бүкіл адамзат әлеміне таратудағы өнегелі істері жайлы сыр шертетін Мәуліт мерекесіне арналған кеш өтті. Кешегі күні еліне имандылықтың білім нәрін сепкен Науан хазіреттей асыл тұлғаның туған жерінде өткен бұл Мәуліт мерекесі қари Теміржан Мұратовтың әуезді Құран оқуымен бастау алды. Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов барша жамағатты осынау ұлық мерекемен шын жүректен құттықтап, өзінің ізгі тілегін жолдады.

Ал, осы шараға алыстан ат арылтып арнайы келген Нұр-Мүбәрәк ислам университетінің ұстазы Ризабек Батталұлы мен Қостанай облысының бас имамы Бақытбек Нұрғабылұлы Алланың елшісі (с.ғ.с.)-нің өнегелі өмірінен сыр шертетін тағылымды хадис әңгімелер айтып, пайғамбарға деген сағыныш сезімін көрермен қауымның жүрегіне сыр қылып құйды. Мәуліт мерекесінің бір тағылымы – салауат айту рәсімі. Пайғамбарды ұлықтау – оған иман келтіру, біз осы арқылы Алланың сүйікті құлы бола аламыз. Науан хазірет мешітінің азаншысы Алтынбек Аманжоловтың орындауындағы мәуліт шәріп көрерменнің көңіліне жол тартты. Ал, белгілі айтыскер ақын Арман Бердалиннің «Жоқ іздеп жүрмін» толғауы діни шараның тағылымын арттыра түсті.
Астана қаласындағы жастар театрының әртістері қойған қойылым қазақ даласындағы діндарларды қудалап, намаз оқығандарды темір торға қамаған зар заманның елесін көз алдыңа әкеледі. Әке мен бала бейнесі арқылы берілген бұл көріністе отызыншы жылдардағы қаскөй саясат паш етіледі. Тағы да елордадан келіп, өнер көрсеткен «Тағылым тамшылары» ұлттық-рухани театрының өнерпаздары да рухымызды көтеретін әсерлі көріністерімен есімізде қалды. Кішкентай бүлдіршіндердің қазақтың ары мен намысын қайраған жыр жолдары жанымызға жылылықтың шуағын шашқандай болды. Әнші Ерлан Құжиман Шортанбайдың термесін орындаса, күйші Сәкен Біржанов Сүгірдің «Қосбасар» күйін күмбірлетті. Дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтың орындауындағы «Қапездің әні» де әсерге толы екенін көрсетті. Мәуліт мерекесінің толғанысқа толы бір сәті облыс имамы Қанат Қыдырминнің марапаттаулар жасауы барысында өрбіді десе болады. Алдымен, осы шара аясында өткізілген «Отанға қызмет – ұрпаққа міндет» шығармалар және жамбы ату спорты бойынша жарыс-
тардың қорытындылары шығарылып, шығармашылық байқау бойынша Дана Айыпхан, Назерке Қуанышбай және Әділет Серік, жамбы атудан Кенжебек Исламов пен Рахман Дәулетке арнайы сыйлықтар үлестірілді. Мәуліт күні дүниеге келген Мұхаммед есімді сәбидің ата-анасына ер жігітке тән сипатта ержетсін деген тілекпен қазақы ер және ат-тұрман саймандары табыс етілді. Өткен жылы елімізде «Үздік ұстаз» атағын және гран-при жүлдесін иеленген, №18 қазақ орта мектебінің ұстазы Айгүл Қадырқызына ноутбук, ұстаздардың ұстазы Үміт Есімсейітқызы мен қазақтың келіні Ольга Иосифқызы, азан шақырып қойған аты Мәриям апамызға да сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді. Мешіттің алты жасар және сексен алты жастағы шәкірттеріне де марапат жасалуы ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі болып есте қалды.
Осыдан аз ғана уақыт бұрын елорданың күретамыр жолындағы көлік апаты кезінде өзінің емес, өзгенің өмірін ойлап, екі бейкүнә сәбиді құтқарып, өзі құрбан болған Құмарбек Жәкетайдың отбасына да қасиетті Алланың сөзі жазылған картина табыс етілді. Ал, Зеренді ауданының Бірлестік ауылының тұрғыны, жиырма екі жасар Айнаштың ата-анасынан айрылып, жеті бірдей бауырын жетімдер үйіне жібермей, өзі тәрбиелеп отыр-
ғаны ерлікке пара-пар іс. Оған мешіт жанашырларының қолдауы арқасында түрлі-түсті теледидар және отбасының барлық жас мүшелеріне «Балдәурен» балалар сауықтыру орталығына тегін демалуға жолдама берілді. Кәсіпкер азаматтар осы отбасыға жылқы сыйлады.
Иә, Пайғамбарды (с.ғ.с.) қошеметтеп, жақсы көрмейінше, оның лайықты үмметі бола алмаймыз. Өз хадисінде: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре алмайсыңдар» деген сөздері бүгінгі кештің алтын арқауына айналды. Сөйтіп, Көкшетауда өткен бұл шараның соңғы нүктесі Ерлан Мұхамедияров орындаған «Дұға — тілек» әнімен қо-йылып, әсерлі сезімге бөленген көрер-мен тағылымды кештің сыралғысын алып, үйді-үйлеріне тарқасып жатқандай әсер қалдырды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс