Алмагүл ӘбдірАшқызы: Баланың білім алуға қажетті дағдыларын қалыптастыру басты мақсатымыз

Көкшетау қаласында 2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап «Sapsan» зияткерлікті дамыту мектебі ашылып жұмыс істей бастады. Аударғанда «лашын» деген мағына береді. Яғни, жемтігін ауада ұшып жүріп, асқан жылдамдықпен іліп түсетін лашын құстай білімді де қағып ал, тез игер дегенді білдіреді. Басқарма басшылары Алматыда. Бағдарлама авторлары – қазақстандық әдіскерлер. Алғашында Қазақстанда бастау алып, Мәскеу гуманитарлық университетіндегі профессорлармен кеңесе келе, Бирмингем
университетінің мамандары қосылып жазып шыққан оқу құралдарын пайдаланады.
Психологтар, нейропсихологтар, балалар психологтары, педагогтар қосылып, осындай бірегей қазақстандық бағдарлама дайындалған. Дәл осындай атаумен елімізде бірнеше желі бар. Көкшетаудағы мектеп – үшінші. Осы жердегі орталыққа қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әленова Алмагүл Әбдірашқызы жетекшілік етеді.

Аталған бағдарламаға қызығушылығы оянып, мектептен біржола қол үзіп кетудегі мақсаты бизнес ашып, ақшаның соңына түсу емес. Бағдарламаның авторлары жұмысқа алмас бұрын, «егер сіз тек бизнес ретінде алсаңыз және мұны тек табыс көзі деп қарасаңыз, аталған бағдарламамен жұмыс істеуге рұқсат бермейміз» деген шарт қойыпты. Қазір тренер ретінде курсын оқып, сабақ беріп жүр. Тіл маманы болғандықтан балалардың тілге қатысты мәселесін шешуге бел буыпты. Қоғам қазақша сөйлемейді деп отыра беруді өзіне ар санап, бір әрекет жасау қажеттігіне көзі жеткесін осы істі қолға алыпты. Бағдарлама орыс тілінде дайындалған, әдіскерлер орыстілді, бірақ қазақтілді аудиторияға бейімдеп аударған кезде өзі маман ретінде қатысып, ой-пікірін білдіріп, балаға жеңіл әрі түсінікті тілмен жеткізу жолдарын ұсыныпты. Мектепте отыз жыл тіл, әдебиет маманы болып келген Алмагүл Әбдірашқызы логикадан сабақ беремін деп еш ойламаған екен. Логика математикаға тікелей байланыс-
ты болғандықтан, бұл саланы да қатар меңгеруге тура келді. Нейропсихолог та болып алды. Баланың есте сақтау қабілетінің, оқу жылдамдығының төмендігі, бір жолды бірнеше қайтара оқуы көздің жұмысымен ақпаратты қабылдауына байланысты екен. Соны шешу жолдары да осы бағдарламада қарастырылған. Ал, жергілікті жерде жасалған жұмыстарға Алматыдағы орталық мамандары бақылау жүргізіп, сараптап, талдайды, баға береді, нәтижесі жақсы екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана қорытындысын шығарады. Онлайн, Zoom форматында тренингтер жүргізіп отырады. Қазақстанда ғана емес, бұл бағдарламаны шетелде де, атап айтқанда Америка, Африка, Монако, Англия, Ресей, Белоруссия, Украина, Қырғызстанда да пайдаланады. Бұл бағдарламаның негізгі ерекшелігі – балалардың бойындағы білім алуға қажетті дағдыларын дамыту. Алмагүл Әбдірашқызы отыз жыл мектепте сабақ бергенде байқағаны әр мұғалім өзінің пәнін балаға жеткізгісі келеді, өзінің деңгейінде білсе екен дейді. Бірақ сол білімді қалай алу керек, қалай дағдылану керек, ол жағы тыс қалып жатады. Бұл бағдарламаның ерекшелігі де сол – балалардың есте сақтау, ақпаратты жылдам қабылдау, түсініп оқу, сараптама жасау дағдыларын дамытуға күш салу. Ақпараттық ғасырда ақпаратты өңдей білу, қабылдай білу, өзіңе қажеттісін іске асыра білу – адамға ең маңызды құрал болып табылады. Осы бағдарлама арқылы сол бағытты дамытуға да мән беріледі. Өкінішке орай, қазір балалардың да, ересектердің де гаджеттерге тәуелдігі басым. Ата-ана жұмыста, баланың бос уақыты ноутбукпен, смартфонмен өтіп жатады. Біздің мақсатымыз осы мәселені де шешуге көмектесу дейді мұғалім. Яғни, балаларды гаджеттерден аулақтатып, кітап оқуға бет бұрғызу. Осы бағдарламаның негізінде мектептен екі-үш жылдан бері біршама бала оқып шыққан. Нәтижесі де жаман емес. Соның бір мысалы ретінде, Назарбаев зияткерлік мектебінің бір оқушысының айт-қан сөзін келтіруге болады. Ол баланың «мен осы уақытқа де-йін қазақ әдебиетінде осындай қызықты шығарма бар деп ойламаппын» деген сөзінің шымбайға батқаны. Балалар кітап оқымайды емес, оқиды, бірақ көбінесе шетел әдебиетіне құмар. «Sapsan» мектебіне келгеннен қазақ тіліндегі шығармаларды оқып, талдаған кезде балалар қызығушылық таныта бастайды. Содан кейін «Жусан иісі», «Жабайы алма», «Менің атым Қожа» сияқты кітаптарды оқып шығады. Ділдә Мамырбаева, Арман Нұрқаділов, Ая Мантай сияқты жас жазушылардың шығармаларын түсіне бастайды. Осыдан кейін ақпаратты беру, шығармаға жетелеу, оқырман ретінде қалыптастыра білуге дейінгі
бірнеше сатылардан өткен бала бара-бара әр шығарманы талдап, ойын ортаға салып, сараптауға қабілетті болып шығады. Ойы шашыраңқы, ұмытшақ, зейін қоймайтын, тыңдамайтын баланың «Sapsan» бағдарламасындағы «Зейін» блогы арқылы назарын шоғырландырып, бар күш-жігерін салып, уақытты үнемдеп жұмсауға үйретеді. Баланың шығармашылық қабілеті те назардан тыс қалмайды.
Солтүстік өңірдің балалары көбінесе орыстілді. Қазақ сыныбында оқыса да, орысша ойлайды, оқығанын түсінбейді, айтатын ойын жеткізе алмайды, сөздік қоры шектеулі болып келеді. Осы мәселені шешуге де мән беріледі. «Тіл дамыту» блогы арқылы балалардың сөздік қорын әдеби деңгейдегі сөздермен, фразеологизмдермен, мақал-мәтелдермен толықтырып, ойын дұрыс жеткізе білу деңгейіне дейін апарады. Курс-тың ұзақтығы 9 ай. Бір айлық бағасы 21 мың теңге. Осы уақыт аралығында бала жетіледі, піседі, ашылады. Бастапқыда қазақша сөйлемдерді тура аударып сөйлеп келген бала, уақыт өте келе оны дұрыс құрастыруға машықтанып, өз ойын ашық жеткізе алатындай деңгейге дейін көтеріледі. Әр тапсырма минут, секундқа лайықталып жасалған. Мұғалімнің қолында секундомер тұрады. Ол жаттығуларды берілген уақытта жылдам әрі сапалы орындатуға мән береді. Бұл да қазіргі уақыты аз, ағыны қатты ғасырда қажет дағды. Балалардың жас шамасы әртүрлі. Бір сабақта 6 бала отырса, оның әрбіріне өзінің деңгейіне сай көңіл бөлінеді. Кейде ойын арқылы да сабақтар жүргізіледі. Мұның бәрі оқушыны жалықтырып алмауға арналған. 6 мен 8 жас аралығындағы балаларға оқу жылдамдығына бағытталған «Оқу техникасы» деген курс бар. Логика мен оқу техникасы деген екі бағдарлама да балалардың логикалық ойлау қабілетіне баса көңіл бөлуді көздейді. «Логика» деген жеке блок бар. 8 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға арналған «Ой жылдамдығы» деген де курс қарастырылған. Онда есте сақтаудың түрлі әдіс-тәсілдері үйретіледі. Атқарылған жұмыстар бойынша тренерлер ата-аналардың алдында есеп береді. Сегіз сабақ өткеннен кейін SRM электронды жүйесі арқылы бала қанша пайызға қандай дағдысын дамытқаны диаграмма және пайыздық өлшем түрінде беріледі.
Алмагүл Әбдірашқызының сабағында отырған Мәдина есімді қыз курсты тәмамдап қалыпты. Қазір қазақ тіліндегі шағын әдеби шығармаларды оқып, талдап, мазмұндап бере алады. Ал, осыдан екі ай бұрын ғана келген Темірланның жұмыс істеу жылдамдығы, түсініп оқу қабілеті төмен болатын. Бұл оқулықтардың тілінің күрделілігіне байланысты емес, балаларда қазақша ойлау дағдысының жоқтығына байланысты. Ол да аз ғана уақыттың ішінде оқыған шығармасын мазмұндап беру деңгейіне жеткен. Сабақты қызықты өткізсеңіз, бала әр сөздің, сөз тіркесінің мағынасын білуге асығады. Мысалы, шетелде мынадай әдіс бар дейді Алмагүл ұстаз. Бала шығарманы ағылшын тілінде оқиды, соның тек 30 пайызының ғана сөзін түсінуі мүмкін. Бірақ сол 30 пайыз тірек сөз арқылы бала шығарманы болжап түсінеді. Келесі деңгейге өткенде, жаңағы шығарманы тағы оқытады. Ал, бізде Мұхтар Әуезовтің классикалық шығармасы «Абай жолын» ешкім оқымайды дейді. Олар оны түсінбесе қалай оқиды? Шетелде осындай шығармаларды әр деңгейге бейімдеп бөліп тастаған. Тілді жаңа үйреніп бастағандар жалпы тілін түсінеді, одан кейін келесі деңгейге өтеді. Ең соңында осындай күрделі шығарманы түпнұсқада түсініп оқи алатын дәрежеге жетеді. Тілді шығарма арқылы үйреткен дұрыс. Ол үшін сол шығарманы қабылдау, түсіну деңгейіне жеткізу керек. Бұл үлкен мәселе. Үкіметтік деңгейде шешілуге тиіс мәселе дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз. Бағдарлама өте қызық. Балаларға да, ата-аналарға да ұнайды. Білім және ғылым министрлігі алдында өз жобасын қорғаған басшылар бұл мектептерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, әлеуметтік жағдайы төмен отбастарына жеңілдіктер жасауға болатын еді дейді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий