Алпыс бестің асуында

Әдебиет пен журналистика майталмандарының ішінде кісілік келбетімен, адами болмысымен, қаламгерлік өресімен, шынайы сыр-сипатымен дараланып тұрар, шоқтығы биік көрінер тұрпатты тұлға – Мәтен Бижанов ағамыз еді. Өлшеулі өмірінде «Торғай таңы», «Көкшетау правдасы» және «Бұқпа!» сияқты салиқалы басылымдарды басқарып, өрге сүйреген қаламгер тәуелсіз «Бұқпа!» газетіне ерекше ықылас танытты. Өйткені, жаңа басылымның тұсауын өзі кесіп, іргетасын өзі қалағандықтан ба, жинақтаған бай тәжірибесін, бойдағы күш-жігерін сарқа жұмсай білді. Бұл басылым да оны жаңа шығармашылық белес-терге жетеледі. Жазушы артына өнегесі мол өмірлі де өрелі «Көкжелке», «Ой-көкпар», «Ой-тұмар», «Ой-тұтқа» сынды кітаптарын қалдырды. Мұрат Аджидің «Қыпшақтарын» таспа тілгендей тәржімалап, қазақ оқырманына жеткізуге тәуекел етті. «Көкшетау» газетіне – 90 жыл айдарына осы газет редакциясында ұзақ жылдар еңбек етіп, тері сіңген, 1990-1997 жылдар аралығында газеттің бас редакторы болған қарымды қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі Мәтен Бижановтың газеттің 65 жылдығы тұсында жазған мақаласын сол қалпы оқырман
назарына ұсынып отырмыз.

Көз жетпегенге көңіл жетеді, дейтін уәж бар қазақта. Сонау отызыншы жылдардың аласапыранында жаңа ғана қаз тұрып, қадам басқан әлжуаз газеттің жай-күйінің қандай болғанын архив қазынасын ақтарып барып пайымдамасақ ескіден дейтіндей, көзкөргендердің бұл күнде қалмай бара жатқаны ақиқат, тіпті жоқтың-қасы десе де боларлық. Соған қарамастан алпыс бестің бел-белестерінен көктей өткен газеттің бұрынғысы мен бүгінгісі көз алдымызда сайрап жатыр. Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған ақын да, газет те бір-біріне пара-пар екен-ау, жарықтық!
Иә, сонымен «Көкшетау» газетінің шыға бастағанына 65 жыл! Бұл мерейтойымыз Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып жатқан, қазақтың данасы да, дарасы да ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толған дүбірлі күндерге тұспа-тұс келгені қандай ғанибет, шіркін! Мұның өзіндік бейнелік мәні бар. Өйткені, «Көкшетаудың» жеке тарихын тұтас ел, республика шежіресінен бөле-жара қарау әділдікке қиянат болған болар еді. Газет алғашқы аяқ алысынан бастап-ақ Көкше өңірінің жылнамасына айнала отырып, өлкеде Совет өкіметін нығайту, социализм орнату сияқты қанша тәрк қылсақ та со заманғы заңғар істердің үдесінен көрінгені де шындық, оны ештеңемен бүркемелей алмайсың. Сол ізгі мұрат, игі мақсат жолында газет те халқымен бірге тер төкті десек, еш жалғандығы жоқ. Соның қармышындай, 1980 жылы облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Көкшетау правдасы» өзінің туына мемлекеттің мәртебелі сый-құрметі «Құрмет белгісі» орденін қадады. Газет туында орденнің жарқырап тұруына орасан еңбегін сарп еткен қадірлі ағамыз осы басылымның 20 жылға жуық бас сарашысы болған көрнекті жазушы, марқұм Жанайдар Мусиннің «Көкшетау» туралы тебірене жазғаны әлі күнге есімізде:
«Өзінің алғашқы нөмірінен
бастап күні бүгінге дейін «Көк-шетау» Ленин өсиеттеріне адал-дығын сақтап, партиямыздың ұлт саясатын жүзеге асыруға аянбай атсалысып интернационалистік айқындамадан айнымай, өз оқырмандары жергілікті халыққа ізгілік, бірлік, әділдік сияқты ізгі мұраттарды насихаттап келе жатыр және алдағы уақытта да насихаттай береді. «Көкшетау» газеті қашан да адамдар арасындағы достық үшін, жолдастық үшін, бауырластық үшін күреспек. Бұл – біз үшін басы ашық әңгіме. Бұл – біз үшін аға ұрпақ пен бүгінгі және келер ұрпақтар арасындағы дәстүр сабақтастығын білдіретін қасиетті ұғымдар болып қала бермек әманда».
Міне, газетіміздің 65 жылдық шежіресіне үңіліп, уақыт шаңы басқан тігінділерін парақтағанда да, пікірлер саналуандығы өріс алған қазіргі кездегі жарияланымдарға зер салып, зерделегенде де көзіміз айқын жететін ақиқат осы. Әркім өз заманының перзенті, өз уақытының туындысы деген философиялық ұғымға жүгінсек, газеттің бұрынғы редакторының сөзінде бір түйір жалғандық жоқ, солай болуы заңды құбылыс-ты. Газет – замана шежіресі, уақыт үні дейтініміз содан! Өз заманының кескін-кейпін тұтас бере алмаған, сол заманғы адамдардың ішкі-сыртқы бейне-келбетін келістіре кестелей алмаған басылымның ғұмыры ұзақ болмайтынын білгендіктен де осынау өрелі үдеден шығуға тырысқан. Пендеәуи тірлік деп бүгінде тыжырына қарағандарга күдіктенуіміздің сыры да осында.
1930 жылдың қыркүйек айы. Ғасырлар бойғы көшпелі тұрмыстық салт-реңін өзгертіп, Голощекиннің атышулы «Кіші Октябрінің» дүмпуімен жаппай отырықшылдыққа көшіп, коллективтік шаруа-шылықтарға біріге бас-
таған қазақ ауылдары үлкен қарбаласқа түскен кез. Сондай бір қауырт күндерде Көкшетау ауданының ауылдарына: «осында қазақ тілінде газет шығатын болыпты» деген сүйінші хабар лезде тарап үлгерген еді. Көп ұзамай ескі латын және араб әріптерімен терілген төрт беттік шағын газет қолға тиді. Бұл БК/б/П Петропавл округтік комитетінің 1930 жылғы тамыз айындағы қаулысы негізінде құрылып, қыркүйектің 17 жұлдызында алғашқы нөмірі жарыққа шыққан «Колхоз жолы» газеті еді. Бүгінгі «Көкшетау» сол «Колхоз жолының» мұрагер жалғасы.
Қазақтың көрнекті ақыны Жұмағали Саин газеттің тұңғыш нөмірінің шығуына орай «Колхоз жолына» деген өлеңін жариялапты. Онда ақын ағамыз:
«Колхоз жолы»
Көптің қолы
Көп дегенім – еңбекші.
Газет – айна
Айдан айға.
Көппен өсіп-өнбекші.
«Колхоз жолы»
Көптің қолы
Жай тамырды ауылға!
Айтып ақыл,
Іске шақыр
Өссін өнім ауылда!
«Колхоз жолы»
Көптің қолы,
Колхоздың дос тілі бол.
Көппен көркей
Көппен есей,
Бізден сізге тілек сол! – деп тебіренді, ақ ниетті батасын берді. «Колхоз жолы» сол игі тілек, зор сенім үдесінен көрініп, колхоздық құрылыс жолына түскен қалың қауымға қамқоршы-дос, жанашыр-серік болып қалтқысыз қызмет еткені кәміл. Бұған көзі ашық, көкірегі ояу көнекөз қарияларымыздың «Колхоз жолының» тұңғыш редакторы болған Белгібай Айтжанов сынды қаламдас ағаларымыздың жазып қалдырған естеліктері 1937 жылдары аталған газеттің жа-уапты хатшысы, кейін сарашысы қызметін атқарған қадірлі ағамыз, бертін көп уақыт ұжымда есепте бірге тұрған Уәли Әлмағанбетов ақсақалымыздың көзі тірісінде айтып үлгерген әңгімелері куә. Бүгінгі мерейтой үстінде осынау жасампаз жандардың жанкешті істеріне разылық сезімді білдіре отырып, олардың асқақ рухы, абзал бейнесі алдында тағзым етеміз.
Газет 65 жыл ішінде талай кезеңдер мен оқиғаларды бас-тан өткерді. Ұлы Отан соғысы деген алапат-зұлмат туған заманда тайлы-таяғы қалмай, кәрі- жасы боп жексұрын жауға қарсы аттанды. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен екіталай заманда газет бүкіл өңір еңбекшілерінің шын мәніндегі жауынгерлік мін-беріне айналды. «Барлығы да – майдан үшін» ұранымен газет тыл еңбеккерлерінің ерлік істерін, олардың жауды талқандау үшін Қызыл Армияға көрсеткен шексіз көмегін кеңінен паш етіп отырды. Көкше топырағының ержүрек перзенттері Совет Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин, Михаил Янко және көптеген басқа да қаһармандардың ерлігі үлгісінде көпшілікті тәрбиелеуге ұмтылды. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың игеру сықылды өрелі істердің жалынды жаршысы бола білген ол кездегі «Көкшетау правдасы» бүгінгі оқырмандардың жадында, көз алдында. Хрущевтік волюнтаризмнің ұлттық мәдениетке шекеден қарау, өктемдік-менмен пиғылдың салдарынан алпысыншы жылдардың бас шағында Тың өлкесі құрылғандығы, Целиноград деген атауға айналған Ақмолада «Тың өлкесі» деген қазақша газеттің шыға бастағаны желеу етіліп бес облыстық қазақ газетін жауып тастағанын да оқырман қауым күні бүгінге дейін ұмыта қойған жоқ. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтіндей заман туған, қазақ кадрларының қатары быт-шыт болған тұс та осы. Журналистер қауымы жұмыс іздеп босып кеткені де күні кешегі шындық. Ақыры әділетсіздік түзетілді. «Көкшетау правдасы» содан бергі отыз жылға таяу уақытта оқырман қолынан түскен емес. Алпыс бес жылдық тарихы бар «Көкшетаудың» беттерінен көкше оқырман-дары Сәбит Мұқановтың, Жұмағали Саинның, Шахмет Құсайыновтың, Әбділда Тәжібаевтың, бертін келе Еркеш Ибраһимнің, Сәкен Жүнісовтың, Естай Мырзахметовтың, Жанайдар Мусиннің, Төлеген Қажыбаевтың, Ибраһим Сала-
ховтың, Нұрмияш Көбенов
және көптеген басқа да сүйікті ақын-жазушылар-дың, қала берді жүздеген жас талап, тастүлектердің шығармаларымен, тырнақ-алдылармен танысты. Газет тұтқасы қолында болған сонау Уәра Нұрсейітов, Өміржан Оспановтар негізін қалаған игі дәстүрлер күні бүгінге дейін шырқы бұзылмаған күйі оқырман қауымның игілігінде. Бүгінгі күні Жұмабай Орманбаев, Зейніл Қыстаубаев, Қайыр Қабдөшев, Әлібай Өмірзақов, Қайыркен Сұлтанов, Сүлеймен Ақтаев, Жомарт Оспанов, Жәнәбіл Темірбеков, Жәнәбіл Оспанов, Уәп Рақымжанов, Әуез Өтеев, Маман Ементаев, Хакімтай Әміров, Дулат Сапиханов сынды талантты, журналистік өнердің қыры мен сырын меңгерген майталмен қаламгерлердің есімдерін атасақ, аруағы разы болар ма еді, қайтер еді. Бүгінде баспасөздің шалқар айдынында еркін жүзген кемел журналист-жазушылар Сарбас Ақтаев, Нөгербек Мағзұмов, Қорғанбек Аманжолов, Тортай Сәдуақасов, Мұхамедия Жұмағалиев, Бөдеш Жәркенов, Жұмабай Есекеев, Райхан Сейітова, Нұрхан Ысқақов, Кәрібай Мұсырманов, Сәкен Хасенеев, Жабал Ерғалиевтердің ел үшін жасаған азды-көпті жақсылығын атап айтуымыздың сыры нұры тассын дегендік. Ал, редакция сияқты құдайдың құтты күні «апы кіріп, күпі шығып» жататын мартен цехының ыстық-суығын бірдей көріп жүргендер ше! Олардың еңбегісіз халықтың талғамына ұсынылып отырған газет өндірісі ілгері басар ма?! Әбділда Дүйсенов, Балталы Сәрсенбаев, Сайлау Көшкенов, Бақыт Шашкенова, Дүйсенбі Қазыбеков, Елубай Жәкенов, Шынар Байтықова сынды тасқайнат жандарды айтпай кете аласың ба? Жауқазындай өсіп келе жатқан жастар қаншама! Газетті теру, құрастыру цехында істейтін еңбек өрендері, жер-жерден хабар беретін, салиқалы ой, салмақты пікір білдіретін штаттан тыс тілшілер қауымы қаншама?! Газет таралымынан бастап танымына дейін бас-көз болып жүретін жандар, ел басшылары қанша! Олардың бәрінің бірдей атын атап, түсін түстеу мүмкін болмағандықтан да осылай бірауыз сөзбен тұжырымдауға тура келіп тұр.
Бүгінгі торқалы той үстінде барша қауымды, газеттің қалың оқырмандарын мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтап, ұзағынан сүйіндірсін деген тілек айтамыз.

Мәтен БИЖАНОВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий