Алтын тұғырлы азамат

Қостанай, Торғай өңірлерінде лауазымды қызметтер атқарған Көкшенің перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Аманкелді Төлеубайұлы Садырбеков 70 жаста!

IMG-20170220-WA0003

Желмаясын жетпістің өріне жетелеп шыққан Аманкелді ағайдың құрметіне сонау тарихи оқиғаларды қозғайтын бір кесектеу дүние жазсам ба деп ниеттенгеніммен, күнделікті қызметтік шараларға байланысты үлгере алмайтын сыңайым бар. Асығыс жазып тастауға үлкен тақырыптың мәнін кетіргім келмеді. Дегенмен, інілік лебізімді жеткізудің реті әбден туып тұр.
Аманкелді Төлеубайұлының есімін сонау өткен ғасырдың 88-ші жылы естігем. Ол кезде Қазақстан Жазушылар одағындағы белгілі ақын Аманжол Шәмкенов ағамыз басқаратын үгіт-насихат бюросында қызмет істейтінмін. Міндетім Қостанай, Көкшетау облыстарында ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастыру үшін келісім-шарттар жасау. Сондай мақсатпен Қостанайдан ұшаққа отырып Амангелді ауданына барғам. Қалыптасқан тәртіп бойынша аудандық партия комитетіне бардым. Әу дегенде облыс басшысы Князьев жолдастың атына Жазушылар одағынан алған жолдама хатыммен Қостанай обкомына да кіріп шыққам. Ауданның бірінші хатшысы шет- елде іссапарда жүр екен. Мені оның орынбасары Альберт Мүрсәлімов деген кісі қарсы алды. Маған бейтаныс ағай мені танып қарсы алғанда әрі таңданып, әрі мерейленіп қалдым. Ол кісі айтысты үзбей көреді екен. Оның үстіне 85 жылдың желтоқсанында Көкшетау-Торғай ақындары арасындағы өткен республикалық айтыста көзге түскенімнің пайдасы мол тиді. Әлекеңмен қазақылап әңгімелесіп отырғанда, кәнігі басшы ата-тегімді сұрады. «Қап, ағаңмен танысатын едің» деп өкініңкіреп қалды. Сол сапардан үлкен толғаныспен қайттым.
Бұрынғы үлкен қариялардың аузынан Шұңғыршалардың біразы Есілдің арғы бетінде деген әңгімелерді естіп өскен менің содан бергі арманым алыста жатқан бауырларды бір көру болып жүретін. 2006 жылы Жақсы ауданына әкім болып тағайындалған Ермек Нұғыманов Көкшетауға келгенде: «Әй, Құдаш, мен сенің туыстарыңды тауып қойдым, келіп амандасып кетпейсің бе!» деп сүйінші хабар жеткізді. Одан кейін аса көп бөгелген жоқпын. Арман шәкіртімді қасыма алып, Жақсы ауданына аттандық. Сапарымыз сәтті болды. Қалыш, Қадес деген ақсақал ағаларым бастаған туысқандарым құшақтарын кең жайып қарсы алды. Бес ауылда кездесу өткізіп, өнер көрсеттік. Ағайындар ат та мінгізді, шапан да жапты. Таныстық барысында олар Аманкелді ағайды аузынан тастамай, дәріптеп отырды. Теміржан деген ағаң бар, Қостанайда әкімнің орынбасары деп таныстырды. Кейін Аманкелді ағамыз туралы көптеген жақсы-жақсы әңгімелер естідім. Жасынан ізетті іні бола білген ағамыз, ағалық жасқа жеткен соң үлкендерден үйренген игі жақсылықтарды соңынан ерген інілерге жасаудан еш жалықпапты. Оның ел ұйытқысы болып, іс басқарудағы шеберліктерін бойына сіңірген шәкірттері де аз емес екен. Бірде Астанаға жолым түскенде ауылдас досым Абай Әлиев алпыс жылдығында шыққан кітабын көрсетті. Кітапты бастан- аяқ оқып шығып, өзіме керекті бірталай мағлұмат алдым. Көп ұзатпай Аманкелді ағайдың телефонын сұрап алып хабарласып, Көкшетауға қонаққа шақырдым. Айналамдағы ағаларыммен таныстырдым. Ол кісі де үлкенмін деп салқын тартпай, бізбен етене араласып кетті. Отбасымен дәмдес болдық. Өте қарапайым, тәрбиелі жандар екен. Ұлағатты тұлғасына, ғибратты әңгімесіне көңіліміз марқайды. Ағайдың құдай қосқан жары Қарлығаш жеңгеміз талай келінге тәлімгер боларлықтай бәйбіше екен. Сәбит, Ғабит, Сәкен деген ұлдары есімдерімен елең еткізіп қана қоймай, абыройлы қызметте істейді екен.
Інілері Теміржан мен Әміре де зайыптарымен бірге сол үлкен шаңыраққа жиналып, бізге құрмет көрсетті. Ағаларының алдында тік тұрып, қас-қабағын аса бір ілтипатпен бағып тұратын олардың жасандылықтан ада туысқандық амалдарына іштей сүйсініп қарап отырған мен сонау бала күннен қалыптасқан қазақы болмысты, отбасылық тәрбиені жадыма тоқып, көңіліммен қоштаудан жазбадым. Емен-жарқын сыр ақтарыстық. Қарлығаш жеңгем ағаймен қалай танысып, қара шаңыраққа келін боп түскен күннен бастап бүкпесіз баяндағанда, біресе жайраңдай күліп, біресе толқып көзіне жас та үйірді. Біз де елжіреп тыңдадық. Жеңгейдің ибалы қарапайым келбеті, сабырлы ұстанымы әулеттің ажарын танытып, абыро-йын шалқытып тұрғанына ешкім шүбәланбастай. Кезінде ағамыз ауданның бірінші басшысы болып тұрған күнде жеңгеміз қымыз баптап, сүрден сыбаға тартып, ел басқарған отағасының мейманасын тасытып, талай құдайы қонақтың батасын алыпты. Қазіргі аудан әкімдерінің зайыптарында осындай үрдіс сақталды ма екен. Ұл-қызын тәрбиелеп өсірген Қарлығаш жеңгеміз Мекке-Мединеге барып, қажылық парызын өтепті. Бес уақыт намазын үзбей оқиды. Үлкен үйдің бір бөлмесі арнайы намазхана. Сол жерде ағайдың інілері Теміржан, Әміре ағайларыммен қатар тұрып, Аллаға құлшылық жасаған кезімде береке мен бірліктің шынайы ләззатын толық сезінгенімді қалай жасырайын.
Қайран қазақтың басынан қандай қилы замандар өтпеді дейсіз. Шамамен он тоғызыншы ғасырдың ортасынан ауа Ресейдің отарлау саясаты шеңгелдеп қыса бастаған кезеңде Шұңғыршалардың жайлауы тарылып, көшіп-қонған өрісі тарыла бастады. Ащылы-Жекебояқтан қыстауға қайтып оралған Жаманшабай мен Тауасардың қонысына казактар мен қарашекпендер орналасып алады. Қаруларын кезеніп алдарынан тосып алған оларға соғыс ашып, бостан-босқа қырғынға ұшырауды жөн көрмеген Жаманша Шөбекке сырылып жер беруін сұрайды. Шұңғыршадан шыққан шынжырбалақ шұбартөс атанған болыс бабамыз көнбейді. Жаманшаның ұлдары Шөбекті шабамыз, бізді орысқа жемге тастады деп ашуға мінеді. Жаманша ағайынның ондай өзара қантөгіске баруына жол бермей Шұңғыршаның Шүйіншәлі аталығын соңынан ертіп Есілге қарай ауады. Сол жақты жайлап отырған сарғалдақ Баубек батырға барады. Жарықтық Кенесары ханның ықыласына бөленіп, жасынан бала Баубек деген атағы қазақ даласына кең жайылған, Қарауыл руының мақтанышы Баубек батыр бастапқыда көнбесе де, ақыры екі өзеннің табанынан қоныс беріпті. Міне, содан бері бір туған ағайын екі жарылып өмір сүруге мәжбүр болған екен. Бүгінгі Имантау мен Айыртаудың айналасындағы көрікті жерлер қарашекпендердің иелігінде қалады. Қарауылдың Есенба-йынан тараған Шұңғыршадан Шүйіншәлі, Шұғыл, Жарасқұл тарайды. Шүйіншәлілердің біразы Ақан ауылында тұрады. Негізгі бөлігі Жақсы ауданындағы бес ауылды мекендейді. Аманкелді ағаймен туыстығымыз шамамен он атадан қосыламыз. Біздің түпкі тарихымыз қысқаша осылай. Дегенмен, Аманкелді Төлеубайұлы атаның баласы емес, адамның баласы атанған дәрежесі биік тұлға. Мемлекет және қоғам қайраткері. Ондай жақсыларды әркім өзіне жақын болғанын қалайтыны заңдылық қой. Ер азамат жасы егде тартқан тұста түбін іздеп, шыққан тегін зерттей бастайтыны белгілі. Ағай да өзінің інісі Әмірені Ақан ауылына жіберіп, шежіре жазуды тапсырған екен. Біз көп жылдар бойы бір-бірімізге қарай жол салып келе жатқан жандар болып шықтық. Сондықтан да қарым-қатынасымыз таза туысқандық сезімнен тұрады.
Ел ағасы атанған Аманкелді Садырбеков бүгінде 70 жасқа толып отыр. Ауылдан шығып, аудан, облыс басқарып, республикалық дәрежедегі лауазымды қызметтер атқарған, ел сыйлаған, Елбасымыз бағалаған, ардақты алтын тұғырлы ағамды мерейтойымен Ақан, Баратай ауылындағы барлық ағайын-туысқанның атынан құттықтаймын!

Аға, бүгін жер тарпып тұр жетпісің,
Жер тарпыса бабында әлі деп түсін.
Боз даланың жусан иісі бұрқырап,
Астанада алшаң басқан тектісің.
Белден белге, таудан тауға биіктеп,
Көптің жүгін көтергенсің иық боп.
Кесек болдың, ірі болдың қашанда,
Көрген жоқсың ұсақ болып, сұйық боп.
Қарт Торғайдың қыранысың, жан аға!
Көкшетаудың ұланысың, жан аға!
Жүз жасаңыз жетпіс жастан от алып,
Әлі де көп Сіз алмаған сыбаға!

Құдайберлі Мырзабек,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс