«Алтын шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Республикалық конституциялық реформаларды талқылау қорытындысының Бірыңғай күні аясында «Қоғамдық келісім» үйінде Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуіне қатысты мәселелер талқыланды. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов, Ассамблея мүшелері, «Аналар» бірлестігі өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

– Конституциялық реформа егемен еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістігінің заңды жалғасы, – деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов. Ақмола Ассамблеясы хатшылығының жетекшісі Марал Жақыпова қоғамның барлық саласын жетілдіруге қатысты өз ойын ортаға салды. «Конституциялық реформаларды талқылау барысында Конституциялық кеңеске 6 мың ұсыныс түскен. Бұл қазақстандықтардың өз елінің болашағына қаншалықты алаңдайтынын көрсетті. Енді бұдан былай саяси жүйе: Мықты Президент, беделді Парламент, есеп беруге міндетті Үкімет  тұжырымдамасына құрылатын болады. Аталған реформалардың келешекте орын алатыны Елбасының өз аузымен айтылған еді. Бұл жерде биліктің ауқымды реформасы туралы сөз болып отыр және ол қазақстандық тәжірибеге сүйеніп, біздің елдің қажетін қанағаттандыруға бағытталатын болады» – деді өз сөзінде спикер, Ақмола Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл. Тарих ғылымдарының кандидаты Ардақ Қапышев та аталған реформалардың тиімділігін тілге тиек етті. Шараның екінші бөлігінде Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы журналистер арасында жарияланған «Алтын шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Олардың қатарында қалалық «Көкшетау» және «Степной маяк» газетінің тілшілері Гәкку Асылбекқызы, Марина Пушкарева мен фототілші Вячеслав Губанов та бар. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері грамота және бағалы сыйлықтар алды. Сонымен қатар  Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының «Менің отбасым – Отанымның бір бөлшегі» альманахын құрастыруға қатысқан журналистерге де құрмет көрсетілді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс