Алып елім – Алашым!

Жергілікті ақын Алмас Темірбайдың өлеңдерінің желісімен Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ-музыкалық драма театрында «Алып елім – Алашым!» әдеби-музыкалық композиция сахналанды. Жастар өмірінің әр қырын қамтыған сахналық бұл туындыны қоюға театрдың директоры, әрі бас режиссері Мұратбек Оспанов көп еңбек сіңіріп, шығармашылық ізденіс танытты.

Алмасты тәуелсіздіктің құрдасы десе де болады. Азаттықтың ақ таңы атқанда ақын жүрек те үндесе соқса керек. Егемендігімізге шүкіршілік ету, ана тіліне алаңдау, рухани жұтаңдық, ой жетпей жүрген бойжеткен, бойкүйездікке салынған бозбала, қадірі кеткен қайран уақыт, сезімге түскен селкеу, жалған намыс, алдау мен арбау – оның әр өлеңінің өзегі. Әдеби-музыкалық композицияда ойнаған кілең жас актерлер мен актрисалар. Бұл да – режиссердің дұрыс шешімі. Өйткені, таңдап алынған өлеңдердің тақырыбы жастардың жанына жақын. Тәжірибелі Мұратбек Оспановтың ойын әрі қарай өрбітіп, тың көзқараспен толықтырған талантты актер Медет Хамзин. Бір деммен ойналған қойылымның айтар ойы терең. Бірде сезімнің қылын шертсе, бірде сарғайған сағыныштай сағым қудырады. Енді бірде түпсіз терең тұңғиыққа жетелейді. Күнделікті кездесетін келеңсіздіктермен үнсіз келісіп, көре тұра көрмейтін, біле тұра білмейтін көрсоқырлыққа бас шайқайсың. Жалпы қойылымның көрермен көңілінен шыққаны анық. Орта жастағылар өтіп бара жатқан уақыттың бағасын безбендесе, болашағы алда бозбала мен бойжеткен бұзылмас заңдылықтың бітіспес тартысында табандылық таныту тиістігін түсінгендей.
«Алып елім – Алашым!» әдеби-музыкалық композиция басталғаннан-ақ жалынды жастық шаққа жетелей жөнелді. Студенттік кезеңнің
таусылмас қызықтары, түлектердің қимастықпен қоштасуы, жан-жаққа тарап кете барып, талайға түсетін тағдырлар. Мұндай жағдай кез келгеніміздің басымыздан өткен. Сондықтан әрі қарай не болар екен деген ой мазалайды. Ақын Алмас тек өлеңдерін іріктеп, театр режиссеріне әкеліп тапсырғаны болмаса, аталған қойылымның дайындық барысын көрмеген. Оның тұсаукесеріне өзі де көрермен ретінде алғаш рет қатысты. Бұл – Тәуелсіздік мерекесіне режиссердің ақынға жасаған тосын сыйы. Әдеби-музыкалық композицияның өн бойында оқылған өлеңдердің әрбіріне сюжет құрастырылған және айтылар ой үзік-үзік емес, бір-бірімен қиюласып, желісі үзілмей жымдасқан. Ана тіліне алаңдаушылық тастанды бала, тасбауыр ана мен жауапсыз әкеге наз-бен астасып жатса, жасанды бояудың астына жасырынған жасандылық, жүректі жаралауға жақындық, ақшаға арын сату, тіпті бұрын қолданыста болған жүректі де сату алмағайып заманның бүкпесіз шындығымен байланысып жатыр. Тағы бір тәнті болғаным, жас актерлер мен актрисалардың әр өлеңді жүрегімен қабылдап, мағынасына мән бере, мәнерлеп оқуы. Жастық шақтың қайталанбас, қимас сәттерін айна-қатесіз бере білуі, қимыл-қозғалыс, қас пен қабақ арқылы көңіл түкпіріндегі пәк сезімді боямасыз жеткізе алуы кейінгі буын толқынның да өнердегі ойып тұрып алар өз орны барын дәлелдегендей.
Әдеби-музыкалық композиция «Алып елім – Алашым!» деп аталғанына орай, көрермен өлеңдердің тақырыбы тек тәуелсіздікке байланысты болады деп ұғынса керек. Бірақ нәзік сезім иірімдері мен егемен елдің болашағы арасындағы әдемі байланыс кең ауқымды қамтыған қойылым болып шықты. «Кітап оқымайтын буын» атанған жастар үшін бұл да дұрыс шешім. Сөзі түсінікті, айтар ойы айқын. Тіпті, поэзия әлеміне тереңдеп бара қоймайтындар үшін де тілі ұғынықты. Әрі тәжірибелі режиссердің әр детальға мән беруі қойылымның жүгін көтеріп тұр. Жас актерлер мен актрисалар биге де, әнге де жақын екен. Жырды жатқа айтып қана қоймай, қос өнерді қатар алып жүрді. Әрине, аяғынан қаз тұрып, 25 жылдық белесті артқа тастаған тәуелсіз еліміздің болашағы әлі алда. Бағындырар белестері мен алар асулары да биік. Кемшін тұстарын күзеп, сын арқылы сара жолға салуға үлесін қосу жалынды жастардың қолында. Дәл осы үдеден ақын Алмас Темірбай шыға білді деуге болады. Ақынның ендігі мақсаты – драматургияға қалам тербеу. Оның нобайы жасалып, қағаз бетіне түсіріліп те қойылыпты. Ол әзірге құпия. Күндердің күнінде іске асатын көкшеліктерге тағы бір тартуы болмақ.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс