Алғашқы индустриалды аймақ

Көкшетаудағы «Қамқор-Автосервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында алғашқы шағын индустриалды аймақ іске қосылды. Үлкен үміт артылып отырған маңызды жоба Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының қолдауы нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Кәсіпорын қабырғасында тараптар арасында әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды.

Шағын индустриалды аймақтарды дамыту жобасы тұралап, тоқтап қалған кәсіпорындар негізінде бизнес-инкубаторлар ашуға негізделген. Бұл қаланың индустриалдық-инновациялық дамуына үлес қосып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік ашады. Индустриалды аймақта қажетті инфрақұрылымның бәрі бар, теміржол, коммуникация тартылған, интернет, байланыс жүйесі, сондай-ақ офистік, өндірістік, жылытылатын қойма ғимараттары бар. – Өңірлік кәсіпкерлік палатасы кәсіпкерлік саласының дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жекеменшік индустриалдық аймағын құруды қолға алуда. Ондағы мақсат – шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген бағамен ұсынылатын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген өндірістік алаңдар ашу. Қазір біз жалға алушыларды іздестіріп жатырмыз. Кәсіпкерлер біздің ұсынысымызды құптап отыр. Мұндай қадамға баруымызға көптеген адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуға өндірістік алаңдардың жоқтығы туралы түскен өтініштері себеп болды», – дейді Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков.
Шағын индустриалды аймақ қатысушыларына Кәсіпкерлер палатасы консультативтік-құқықтық көмек көрсетеді, кәсіпкерлікке оқытады, өнімді сату, маркетингтік зерттеу жобалары, ақпараттық және эксперттік ресурстарға қолжетімділік бойынша да қолдау көрсетіледі. Жобаның артықшылығы – инфрақұрылымы бар дайын ғимараттардың болуы. Мұның өзі кәсіпкерлердің уақытын, қаражатын тиімді жұмсауға мүмкіндік беретінін айтады мамандар.
Кезінде «Қамқор-Автосервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі автокөліктерге техникалық қызмет көрсететін және сатумен айналысатын өңірдегі ірі компаниялардың бірі болып еді. Бүгінде кәсіпорынның мыңдаған шаршы метр өндірістік алаңдары қаңырап бос тұр. Сондықтан, серіктестік басшылығы бос алаңдарды жалға беруді жөн деп санайды.
«Тоқсаныншы жылдары өндіріс тоқырап, қала жылусыз, жарықсыз қалған тұста кәсіпорында қазандық, подстанция орнаттық. Биыл өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жекеменшік индустриалды аймақ құруды жоспарлап отырмыз. Жасырары жоқ, қазір білікті мамандардың көбі зейнеткерлікте. Ендігі жерде техникалық білім алып жатқан жастарды тарту көзделуде. Өндірістік алаңдағы орындарды жалға жеңілдетілген бағамен ұсынамыз. Біздің өндірістік алаңның артықшылығы, көліктік логистикасы дамыған жерінде орналасуында болып отыр. Теміржол, автожол және коммуникацияның барлық жүйесі тартылған. Бұл шағын және орта бизнес өкілдері үшін ұтымды», – дейді «Қамқор-Автосервис» ЖШС директоры Сәкен Тәңірқұлов.
Кәсіпорынның өндіріс алаңында 4 мың шаршы метр жер аумағы, қоймалар мен көлікжайлар бар. Шағын индустриалды аймақта кәсіпкерлерге жалға алу бағасы төмен. Дайын инфрақұрылым шағын және орта кәсіпкерліктің талай проблемасын шешіп бермек. Мұнда кәсіпкерлерге инфрақұрылыммен бірге дайын өндірістік ғимараттар мен офистік орындар ұсынылады. 2 ай мерзімге жеңілдік қарастырылған. Егер кәсіпкер офис, тігін цехы, нау-байхана, автосервис ашқысы келсе, шағын индустриалды аймақ бизнесті дамыту үшін тиімді мүмкіндік.
Қазір индустриялық аймақ жоспарланып отырған аумақта өз қызметін бастауға бірқатар кәсіпкерлер ниет білдіріп отыр. Айталық, Азамат Шәріпов есімді кәсіпкер осы аумақта жарнамалық-баспа компаниясын ашқысы келетінін айтады. «Шағын индустриалды аймақ құрылатынын естіп бірден өз жобамды іске асыру жайын ойластыра бастадым. Дайын ғимарат, телефон, жоғары жылдамдықты интернет, қажетті инфрақұрылым бар. Өз ісіңді дамытуға таптырмас мүмкіндік қой! Кәсіпкерлер үшін барлық қажетті жағдай жасалған», – дейді «Статус РК» ЖШС-нің коммерциялық директоры Азамат Шәріпов.
Бұл өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолға алып отырған жалғыз ғана жоба емес, алдағы уақытта облыстың басқа да өңірлерінде осындай индустриалды аймақ құру жоспарда бар. Толық ақпаратты Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасынан төмендегі телефондарға хабарласып білуге болады: 7 (716 2) 722-534, 7 747 3204887, 7 702 4874070.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий