Алғашқы тоқсанның жұмыс қорытындысына көңіл толады

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде қалалық кәсіпкерлік, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің жетекшілері Т.Ысқақов пен А.Сәбитованың есептері тыңдалды. Сондай-ақ, қала басшысы шаһар тазалығы, ағаш егу, абаттандыру, қар суынан қорғану сияқты бүгінгі күн тәртібіндегі мәселелерге баса назар аударып, тиісті қызметкерлерге тапсырмалар берді.

Алғашқы болып мінберге көтерілген кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Талғат Ысқақовтың баяндамасы аяқталысымен қала басшысы оған көптеген сауалдар қойып, ол салаға қарасты бірқатар мәселелерді пысықтады. Кәсіпкерлік бөлімінің жұмысын шұғыл жандандыру қажеттігін ескертті. Жергілікті кәсіпкерлермен байланысты күшейтіп, бизнестің одан әрі өркендеуіне қолайлы жағдай жасап, тауарлар сапасына назар аудару қажеттігі айтылды. Сол сияқты жаңадан өз ісін ашушыларға жан-жақты көмек көрсетілуі тиіс. Әлі тәжірибесі жоқ, енді кәсіпкер боламын деушілердің идеяларының жүзеге асуына бас-көз болып, олардың жер және несие алуға дайындайтын құжаттарының дұрыстығына бас-көз болу керек. Әйтпесе, көп уақыт жұмсап істерін ашып, алға бастыра алмай жүргендер баршылық. Жаңа жобалардың жүзеге асуы – сапалы тауар өндірудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың көзі.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығын лайықты атап өту мақсатында құрылған кең құлашты жоспардың жүзеге асуын, Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалу барысын баян етті. Оның ішінде «Ұлы Дала елі», «Ақмола жұлдыздары», «Ер намысы – ел намысы», «Екі жұлдыз» жобалары, домбырашылар, қара жорға биін билеушілер, тағы басқа флеш-мобтар, акция-лар, Наурыз мерекесі сияқты көпшілік шаралар, әрине, қала тұрғындарының есінде. Әкім бұл бөлім басшысының жұмысына оң баға беріп, одан әрі шығармашылық ізденістерге орын беруді, әсіресе, алда келе жатқан Ұлы Жеңіс мерекесін тың сценариймен, тартымды да тағылымды етіп өткізуді тапсырды. Қала әкімі Е.Маржықпаев күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болғаннан кейін басқа да бөлімдер басшыларынан жұмыс барыстары жөнінде қысқаша мәліметтер сұрады. Төтенше жағдайлар бөлімі, жергілікті полиция, Краснояр селолық округі бойынша кент әкімінен еріген қар суынан сақтық жайын сұрастырып, нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, қала басшысы жаңадан ағаш отырғызатын орындарды белгілеу, қар мен мұз астында қалып сынып қалған ағаштарды алып, орнына жаңа талдар отырғызуға дайындалуды, көше, аулаларды тазалау, абаттандыруды жүктеді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс