Алғашқы қоңырау сыңғыры!

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында 42 мың жоғары білімі бар маман даярланса, 2015 жылы бұл көрсеткіш
3,4 есеге өсіп, 142 мың адамға жетті.

1 қыркүйек – Білім күні көкшетаулық оқушылар алтын ұя мектебіне оралды. Үш ай бойы тыныққан балалар достарымен, ұстаздарымен қауышып, мәре-сәре болысты. Қала әкімі Ермек Маржықпаев №11 мектеп-гимназиясының алғашқы қоңырау салтанатына қатысты. Ол білім ошағының табалдырығын биыл ғана аттаған балдырғандарға жаңа оқу жылында табыстар тілеп, оқушылармен естелік суретке түсті. Шараға қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса, қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов, ардагер-ұстаздар да келді.

Биыл №11 білім ошағының мәртебесі өзгеріп, мектеп-гимназия атанды. Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 140 балдырған келіпті. 6 бірінші сыныптың 1-уі қазақ тілінде білім беретін болады. Бастарына ақ бантик таққан қыздар, шыттай болып киінген ұлдар білім айдынына сапар шекпек. Мектептің қызықты күндері олар үшін әлі алда. Көпшілікке үйренісе алмай, анасының құшағынан босанып шығудан бас тартып, үрпиісіп тұрған балдырғандар да бар. Мұның бәрі, әрине, уақытша құбылыстар. Күні ертең-ақ осы бүлдіршіндер зіңгіттей жігіт пен қиғаш қас қыздарға айналады. Күні ертең-ақ алтын ұя мектебін, құрбы-құрдастарын, ұстаздарын қимай, көзіне жас алатын болады. Толқулы сәттер өмірлерінде көп болады. Ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтаған қала әкімі Ермек Маржықпаев биыл Көкшетаудағы білім ошақтарының материалдық базасы нығайып жатқанына тоқталды. Балалардың оқулықтармен 100 пайыз қамтылуына қол жеткізілді. Жаңа кабинеттер жабдықталып, мультимедиялық сыныптар көбейе түскен. №11 мектеп гимназияның да жиһаздары жаңартылып, физика, химия кабинеттері ашылды. Ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұстаздар қауымының алдынан білім алатын оқушылардың алғырлық танытып, армандарына жетуіне тілектестігін білдірген қала әкімі 1 сынып балдырғандарымен естелік суретке түсті. Балалардың сүйікті мультфильм кейіпкерлерін сахналаған өнерпаздар шағын көрініс ұсынды. 1-ші сынып балдырғандары да білім туралы тақпақтарын айтты. Алғашқы қоңырау соғылып, Білім күнінің алғашқы сабағы Отан, Туған жер, Тәуелсіздік, Ынтымақ пен Бірлік тақырыбына арналды.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс