Алғыстан артық сый жоқ

Көкшетау қаласындағы стоматологиялық емхананың балалар тіс дәрігері Шырынгүл Орашеваның өмірлік ұстанымы осындай

Тіс дәрігерінің кабинетіне жақындаған кез келген баланың бойын қорқыныш билеп, көзіне жас келетін әдеті. Неге дейсіздер ғой? Дәрігер емес, сонда отырған балалардың дауыстары олардың үрейін ұшырады. Қашан барсаң, көретінің бір көрініс. Анасының бауырына тығылған бала, әкесінің айтқанына көнбей жатқан жеткіншек. Аузын ашпай қасарысып қалатындары тағы бар. Дәрігерді әзірейілдей көреді. Айқай-шудан құлақ тұнады. Балалар тіс дәрігеріне міне, дәл осындай жағдайда жұмыс істеуге тура келеді. Олар кәдімгі психологтар. Өйткені, баланың тілін тауып қана қоймай, ата-анасының да тілін таба білу керек. Менің бүгінгі кейіпкерім – Көкшетау қаласындағы стоматологиялық емхананың балалар тіс дәрігері Шырынгүл Орашева. Осы салада 40 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Қашан қарасаң жинақы, пысық. Шапшаң қимылы көз ілестірмейді. Сымдай тартылып жүреді. Қайратты да қажырлы. Күнделікті атқаратын жұмысы ширақтықты талап етеді. Бұл жерде босаңсуға әсте болмайды. Кейде қатаңдық, кейде жұмсақтық танытуға тура келеді. Соған қарамастан ол өзінің ісін сүйеді. Мамандығын адас-пай тапқанын біледі. Одан ешқашан бас тартпайды. Жүрек қалауы деген осы шығар.
Шырынгүл Әтірбекқызы – Шымкент өңірінің тумасы. Көкшетауға жиырмадан асқан шағында жолдамамен келіпті. Содан бері біздің өңірге тастай батып, судай сіңді. Көкшенің әсем табиғатына тәнті болды, қаһарлы қысына үйренді. Жора-жолдастарын жолықтырып, құрбыларын осы жерден тапты. Жазғы демалысын міндетті түрде зерлі Зерендіде өткізеді. Жасыл желек көмкерілген аймақ қазір туған жерінен де ыстық. Ештеңеге айырбастары жоқ. Бос уақытында кітап оқығанды ұнатады. Білімін жетілдіруді де ұмытпайды. Тіс емдеудің қыр-сырын жетік меңгергені сонша, бұл саланың «жілігін шағып, майын ішкен» жан. Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Бұл табанды еңбегіне берілген баға. Балалар бөлімшесінің меңгерушісі. Ортасына сыйлы жан. Өте елгезек. Көмек сұрап келген жанның бетін қайтармайды.
«Біздің бөлімшеде 12 балалар тіс дәрігері бар. Бәрі тәжірибелі мамандар. Табан аудармай осында талай жыл жұмыс істеп келе жатқан жандар. Өз ісінің майталмандары, нағыз шеберлері. Терапия, хирургия, ортодонт, рентген және физиялық емдеу кабинеттері күні бойы науқас балалардан бір арылмайды. Дәрігерлер ауысыммен жұмыс істейді. Медициналық қондырғылар заман талабына сай, жаңартылып та тұрады. Бұл жерде емхана басшысы Сағындық Кенжетайұлына алғыс айтқым келеді. Мұндай қамқор жанды бұрын-соңды кездестірген емеспін. Ең алдымен балаларға жағдай жасалуына көңіл бөледі. Қызметкерлердің де өтініш-тілегін үнемі ескереді. Біздің ұжым өте ұйымшыл. Бір-бірімізге үйренісіп кеткеніміз сонша, бір үйдің адамдары сияқтымыз. Сондықтан болар бұл жерге қызметке келген адамның ешқайда кетпей, қалып қоятыны. Мен өзім де ұжымымды жақсы көремін», – дейді Шырынгүл Әтірбекқызы.
Балалардың тісіне кішкентайынан көңіл бөлу керектігін қайталап айтуының себебі бар. Өйткені, бұл үлкен мәселе. Ата-аналар баласының тісі әбден шіріп, қақсап ауырғанша көңіл бөлмейді. Егер жылына бір рет тексерістен өтіп, тісінде кішкентай ноқат пайда болғаннан емдетсе, ол асқынып кетпеуші еді. Дәрігерге әкелген бала алдымен шошиды, оны емдетудің азабы мен жұлдырудың өзі оның жүйкесіне қатты әсер етеді. Әсіресе, 6 жастан бастап баланың тұрақты тісі пайда болатынын ескерген жөн. Мұны ата-аналар түсінбейді деген ренішін де білдіріп жатыр.
Ал, тіс дәрігерінің күнделікті жұмысы қым-қуыт. Күніне жаңа туған сәбиден бастап, кәмелеттік жасқа толған балаларға қызмет көрсетіледі. Осы уақыт аралығында дәрігерге де көп салмақ түседі. Үнемі аппаратпен жұмыс істеу иық пен қолға, мойын омыртқасына әсер етеді. Жүйке жүйесінің де шаршауына әкеліп соғады. «Әйел қырық шырақты» деген қазақтың нақылы осы нәзік жан иелеріне де қарата айтылғандай. Адам өзін жайлы сезінетін жерде жұмыс істеуі керек деп есептейді менің бүгінгі кейіпкерім. Сонда ғана жан тыныштығын таба аласың. Ең бастысы, істеген ісіңнің берекеті болса, содан артық бақыт жоқ. Және ең үлкен сыйлық-науқастардың алғысы.
Күнделікті өмірде Шырынгүл Әтірбекқызы – сүйкімді қызынан үш немере сүйіп отырған бақытты әже. Туған бауырларымен үнемі байланыста жүреді. Бақилыққа озған әкесі Әтірбек пен анасы Гүлсараның сабырлылықпен, ақылмен берген жақсы тәрбиесі үшін қарыздар. Ұяда көргенін қазір қолында тұрып жатқан бауырларының бойына сіңіріп келеді. Біздің әңгімеміз аяқталып келе жатқанда, емхананың бас дәрігерінің атынан барлық нәзік жан иелеріне концертке билет үлестірілгені хабарланды. Шырынгүл Әтірбекқызы да аналар мерекесіне орай сүйікті тағамы – палау дайындайтынын айтып, барлық аруларға бақыт тіледі.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс