Алғыс арқалаған азамат

Ет пен сүйектен жаратылған жұмыр басты пенде жаны қиналған сәтінде іздейтіні де, жүгінетіні де – дәрігер. Сондықтан да ақ халатты абзал жандарды адам жанының арашашысы деп бекер айтпайды. Білікті дәрігер Қасымжан Тәшметовты былайғы жұрт жақсы біледі. Бүгінде Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерін басқаратын Қасымжан Қалижанұлын ел «алғыс арқалаған азамат» деп құрметтейді. Өйткені, талай сырқаттың сауығуына себепші болған басшы-дәрігер күллі саналы ғұмырын осы салаға арнап келеді.

Қасымжан Тәшметов 1957 жылы бұрынғы Қызылту ауданының Май ауылында дүниеге келген. Әр адамды ес бiлiп, есейген шағынан-ақ өзiнiң болашағы жайлы, кiм болғысы келетiндiгi жайлы ойлардың мазалайтыны белгiлi. Бiз сөз еткелi отырған Қасымжан Қалижанұлы да сонау балғын шағынан «дәрiгер болсам деп» армандаған мақсатына жеткен жандардың бiрi. 1975 жылы өзі қалаған оқу орны – Қарағанды мединститутының студенті атанады. Бiлiмге, мамандығына құштар жас жiгiт университет қабырғасында оқып жүргенде-ақ, бойына бiлiктi тәжiрибе жинақтайды. Оқу орнын бiтiре сала алғашқы еңбек жолын Ленинград аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станция-сында санитарлық дәрігерден бастайды. Жас маманға өз саласын игеруде осы жылдар зор ықпал етті. Ынта-жігердің арқасында тыңғылықты, еңбексүйгiш маман ретінде танылды. Көп ұзамай бас дәрігер қызметіне жоғарылатылады. Осылайша ол бiлiмiн ұштай жүрiп, мол тәжiрибе жинақтайды. Дәрігердің өз ісінің білгірі болып қалыптасуына Болат Жанәділов, Александр Дерновой, Серік Ыбыраев, Кенжебек Шайсұлтанов, Альберт Өтепов сияқты тәлімгерлерінің қосқан үлесі өте зор. «Біз сондай тәжірибелі жандардан үлгі-өнеге алдық, тәрбиесін көрдік. Өз еңбегімен үлкен дәрежеге жеткен бұл тұлғалардың жастарға деген қамқорлығында шек болмады. Жаңа ғана көктеген жас шыбық жастардың түзу әрі жайқала өсуі үшін бар көмегін аямады. Бүгінгі күні осындай білікті дәрігерлерден тәлім алған шәкірттердің барлығы өз мақсаттарына жетіп, медицина саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді», – деп еске алады Қасымжан Қалижанұлы.
Бұдан кейін де білімді азаматтың алдында алар асулары мен бағындырар биіктері қол бұлғап тұрған-ды. Осы бағытта іскерлік қабілеттілігінің арқасында Ақмола облысының мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы, бас мемлекеттік санитар дәрігері, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының емдік санаторлық көмекті ұйымдастыру басқармасының жетекшісі қызметтеріне дейін жоғарылады. Дәрiгерлiк бiлiктiлiгiмен қоса Қасымжан Қалижанұлы қай жерде жұмыс iстесе де ұйымдастырушылық қабiлетiнiң зор екенiн көрсете бiлдi. Мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы ең биік, әрі қасиетті ұғым болып саналады. Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі өз ісінің майталманы бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі, ақ халатты кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмайды. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат.
Халықтың құрметіне бөлену – елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе емес пе. Бұл жерде, ең алдымен, айналаға адамгершілік қасиет әсер ететіні ақиқат. Өйткені, адал еңбек ету қажеттіліктен тумайды, ол үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын қолынан іс келетін азаматтардың мойнына алған жауапкершілік жүгінен аңғаруға болады. Бүгінде Қоңыратбек Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне екінші мәрте жетекшілік етіп отырған Қасымжан Тәшметовтың осы жұқпалы дертпен күреске сіңірген еңбегі де зор. Оның тікелей басшылығымен туберкулезді шипалы сусын – қымызбен емдеу әдісі енгізіліп, республикада науқастарды алғаш рет осы аурудың эпидемиологиялық түрлеріне қарай бөліп жатқызу ісі жүзеге асырылды. Сондай-ақ, дерттерінен сауығып шыққан ересектер үшін медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелері, балалар мен жасөспірімдер үшін шипажай ашылды. Диспансердің ішкі палаталары заман талабына сай жаңартылып, балалар бөлімшесінде ем қабылдап жатқан бүлдіршіндердің жеке ойын алаңы мен бөлмелері жабдықталды. Сондай-ақ, емдеу орнына туберкулезге қарсы күресте үлкен із қалдырған осы диспансердің бұрынғы бас дәрігері, профессор Қоңыратбек Құрманбаевтың ескерткіш мүсінін қойғызып, «Мәңгілік іздер» естелік кітабын шығаруы да нағыз азаматқа тән іс екені белгілі. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне Қасымжан Тәшметовтың тікелей бастамасымен фтизиатрия мұражайы ұйымдастырылғаны белгілі. Конкурстық іріктеуден өтіп, Президенттің «Болашақ» стипендиясымен Оңтүстік Кореяға оқуға барды. Сапар барысында Кенги до провинциясы мен Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Ғылым мен тәжірибені ұштастыра білген Қасымжан Тәшметов 120 ғылыми еңбектің, 4 монография мен 2 кітаптың авторы, медицина ғылымдарының докторы.
Білікті дәрігер көпжылдық жұмысында көптеген мақтауға қол жеткізген. «Экономика мақтанышы» ордені, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Кәсіби қызметі үшін», «Алтын дәрігер» сияқты медальдармен марапатталды. Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесі мен жемісті еңбегі үшін әр жылдары алған алғыс хаттары мен грамоталары білікті дәрігердің үйінің төрінде ілулі тұр. Еңбектің жемісі деген осы ғой. Ер жігіттің өмірге келгендегі басты атқарар екі қызметі – елге еңбек ету мен саналы ұрпақ тәрбиелеу болса, бұл екі міндетті де абыроймен атқарып отыр. Өмірлік жары Мейрамгүл Жаңабергенқызымен үш бала тәрбиелеп өсірді. Адал еңбегінің арқасында елдің алғысына бөленіп, берекелі де бақытты, мерейлі әулетке айналды. Бұдан артық бақыт жоқ шығар, сірә, мамандығын мақтаныш еткен жан үшін. Үнемі ізденіс үстінде жүретін сергек те талапшыл басшы, дәрігер – Қасымжан Қалижанұлы бүгінде мерейлі алпыстың асқарына шығып отыр. Мерейтой иесіне алдағы уақытта да мықты денсаулық, бақыт, абыройлы қызметінде табыс тілейміз.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий