Аманат жүгі ауыр

«Той Дастархан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинская жыл ішінде атқарған қоғамдық жұмыстары жайлы баяндай отырып, құрбы-құрдастарын көктемнің жарқын мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтап, ізгілік, береке, бақыт тілейді.

Облыстың депутаттық корпусы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2017-2019 жылдарғы бюджетті талқылап, қабылдауда жоғары белсенділік танытты. Соның нәтижесінде сайлаушылардан келіп түскен сауалдар толығымен ескеріліп, шешім қабылдау да ескерілді. Яғни, үш жылғы бюджеттің 15 пайызы, 13 миллиард теңгесі тұрғындардың сұрауы бойынша әлеуметтік салаға жұмсалатын болды.

Әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөліп отырғаным, облыстық мәслихаттағы осы комиссияның төрайымы ретінде маған медицина, білім, мәдениет, жұмыспен қамтуға қатысты көкейтесті мәселелермен көбірек айналысуға тура келеді. Өткен жылы тұрақты комиссияның отырыс-тарында он шақты мәселе қаралды. Алайда, солардың ішінде «Кедергісіз ортаны қалыптастырып, мүгедектерді жұмыспен қамту жұмыстарының жағдайы туралы», «Туберкулез ауруын азайту жөніндегі кешенді және жүйелі шаралар туралы» екі тақырыпты ерекше айтқым келеді. Өйткені, бұл мәселелер жылдан-жылға қордаланып, әлі де болса түбегейлі шешім таппай отыр. Тиісті ведомстволармен бірлесе отырып, ағымдағы жылы атқарылар істердің бағдарламасын жасадық. Оның орындалуын комиссия төрайымы ретінде өз бақылауымда ұстаймын. «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы фракция мүшесі болғандықтан «Бақытты балалық шақ» – «Счастливое детство» партиялық жобасына жиі қатысамын. Прокуратура қызметкерлерінің қолдауыман алимент ала алмай жүрген балалар үшін қайырымдылық акциясын да өткіздік. Жыл ішінде облыстық филиалдың қабылдау бөлмесінде 7 кездесу өткізіп, 15 адамды қабылдадым. Сонымен бірге 2 кездесуді тікелей округтегі мекемелерге барып өткіздім. Кездесуге келген сайлаушылар әлбетте тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерді көбірек айтады. Мәселен, Көкшетау қаласындағы Елемесов, Әуелбеков, Ақан сері көшелеріндегі №45, 126, 121  үйлердің тұрғындары өз аулаларын абаттандыруға көмек сұрады. Мәселенің маңыздылығын ескеріп, қалалық бюджеттен осы мақсат үшін қосымша қаржы бөлінді. Сондай-ақ, Есенберлин көшесі 5 «а» және Мирзоян көшесі №58 тұрғын үйлердің аулаларын жөндету қажеттігі де туындауда. Қала басшылары жаз шыға бұл істі де қолға алуға уәде беріп отыр. Жыл ішінде атқарған тағы бір игілікті шара – Әуелбеков көшесі №82, Ғабдуллин көшесі №46 тұрғын үйлердің және «Триумф» сауда үйінің жанында спорт алаңдарын жасатуым. Осы тақылеттес ойын алаңдары келешекте тағы 5 үйдің маңында жасалмақ. Көкшетау қаласы бойынша №3 сайлау округіне Чайкино поселкесі, облыс орталығындағы емдеу мекемелері: қалалық екі емхана, балалар емханасы, «Болашақ» облыстық ауруханасы, СПИД-пен күрес жөніндегі және салауатты өмір салтын сақтайтын орталықтар; білім және мектепке дейінгі тәрбие мекемелері: Назарбаев Зияткерлік мектебі, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, №1 орта мектеп, №14 «Чайка», №15 «Әсел», №36 «Аққу», №21 «Ақбота» балабақшалары қарайды. Бұған Абылай хан даңғылы, Орталық рынок, мешіт территориясын қосыңыз. Онда тұратын адамдардың мұң-мұқтажын зерделеп, дер кезінде назар аудару үлкен жауапкершілік жүктейтіндігі белгілі. Сайлаушылардан көбіне-көп тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі мен әлеуметтік қамсыздандыруға байланысты өтініш-тілектер көп айтылады. Бұған өткен жылы маған жолданған 38 өтініш осының айқын айғағындай. Мен жыл ішінде атқарған депутаттық қызметімнің бір парасын ғана сөз еттім. Шынтуайтқа келсек, облыс орталығында істелетін шаралар әлі де баршылық. Бұл бағытта біз алдымен жергілікті атқарушы органдардың қолдауына сүйенеміз. Өйткені, қаражат көзі жергілікті бюджетке байланысты болғандықтан бірлесе жұмыс істеу бізге де тиімді. Алда облыс орталығын абаттандыру, көшелерді жөндеу, ағаш отырғызу, аулаларды тәртіпке келтіру бағытында қыруар жұмыстар күтіп тұр. Алға қойған мақсаттарға түбегейлі қол жеткізу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықпен еңбек етейік. Сонда ғана біз ару шаһарымызды республикамыздың гүлденген сәулетті қаласына айналдыра аламыз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс