Амангелді Смайылов: Қала тазалығы тұрғындарды да ойлантуы керек

Көкшетаудың жыл сайын ажарына ажар қосып, көркейіп, гүлдене түскені көңілге қуаныш ұялатады. Табиғатты қорғау, айналаны таза ұстаукез келген адамның азаматтық  борышы. Алайда, қала тұрғындары  оны қаншалықты сезініп жүр? Қала мәдениеті мен тәртібін нығайтуға қатысты Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді.

– Таза қалада өмір сүрген тұрғындар үшін қолайлы. Күн демей, түн демей жұмыс жасайтын көше тазалықшыларының жұмысы көзге көрініп жүр ме?

 

– Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан қоқысқа қатысты кереғар пікірлер көбейіп кеткені рас. Алайда, әр адам өзі тұрып жатқан мекеннің тазалығына өзі жауапты екенін ұмытпаса екен деймін. Тұрғындарға түсінікті болуы үшін айтайын, бұрын қаладағы қоқысқа «Тазалық» МКК жауапты болды. 2017 жылы мекеме жекеменшік мекеме болып қайта құрылды. Қала аумағы кеңейіп жатқандықтан, қоқыс та көп. Сол себепті «Тазалық» ЖШС-іне қосымша жұмыс жүктеліп отыр. 150 мыңға жуық тұрғыны бар қалада тазалықты сақтау оңай шаруа емес, әрине. Бірді-екілі адамның немесе техниканың көмегімен шаһардың шырайын кіргізуге  мүмкіндік  бола  бермейді. Десе де, облыс орталығындағы негізгі көшелердің келбетін келістіруге «Тазалық» ЖШС-нің қызметкерлері барын салып-ақ жатыр. Ендігісі қала тұрғындарының өз қолдарында. Қолайлы өмір сүруді қамтамасыз ету мен экологиялық ахуал тудыратын жағдайларды болдырмау билікті ғана емес, бұқараны да ойлантуы керек.

– Қала тазалығына жалғыз кәсіпорынның шамасы жете ме?

– Аталған кәсіпорын қоқыс контейнерлерін уақытылы тазартып отыру үшін қосымша техника сатып алды. Әрине, маман жетіспеушілігі мәселесі бар. Қоқыс мәселесіне қатысты жаңа тұжырымдама жасалуда. Сондықтан да, тұрғындар түсіністік танытса екен дейміз. Осы жерде айта кететін жәйт, қыста контейнерлерге күл төгетін тұрғындар азаймай отыр. Соның салдарынан 4 қоқыс таситын көлік өртенді.

– Тұрғындардың қоқысқа қарызы қанша?

– Бүгінде қоқыс мәселесімен кәсіпкерлердің көбісі айналысқысы келмейді. Себеп біреу – шығыны көп сала. Бұған дейінгі жекеменшік компаниялардың біразы бұл жұмыспен айналысудан бас тартты. Десек те, тың идеялары бар бизнес өкілдерін  жұмыс істеуге шақырамыз. «Тазалық» ЖШС-нің есебі бойынша қоқысқа қарыз 66 миллион теңгені құрап отыр. Оның 55 миллионы – жеке тұлғаларға, 11 миллионы – заңды тұлғаларға тиесілі. Қала тазалығы – баршаға ортақ мәселе. Осы ретте, тұрғындар көрсетілген қызметке ақы төлеуге міндетті. 2012 жылдан бері қоқыс көлемі артқанымен, тариф қымбаттаған жоқ. Коммуналдық қызмет өкілдері қаладан тау-тау қоқыс шығарады. Бюджеттен 1,5 млн қаражат бөлініп, айналма жол, саяжайлар маңы қоқыстан тазартылды. Красный Яр, тұрғын үй кешендері аумағындағы тазалық қалпына келтірілді.

–  Сонда тау-тас қоқыс қайдан келіп жатыр?

–   Қоқыс алыстан келіп жатқан жоқ. Күл-қоқысты өзіміз жинаймыз, өзіміз шашамыз. Жекеменшік сектордағы тұрғындармен тілдессең қоқысты өртеп жібереміз, дейді. Бірақ контейнерлердің екі күннің ішінде толып қалатыны таңғалдырады. Қала сұмдық қоқыс орнына айналып барады. Әсіресе, көпқабатты үйлердің  алдындағы жәшікке  баруға ерініп, қоқысты алыстан лақтыра салатындар, тіпті ортақ үйдің ауласы мен кіреберісін таза ұстауды да естен шығарып жүргендер де аз емес. Қазір қалада жөндеу жұмыстарының қызған шағы, бірақ ешкім де қоқыстарды арнайы орынға шығармайды. Бәрі көшеге немесе шеткері жаққа шығарып тастайды. Қоқыс контейнерлерінің не боп жатқанын қараңыздар. Ескі диван, төсек-орын сияқты заттарды да контейнерлердің жанына шығарып тастауға арланбаймыз. Қала күннен-күнге кеңейіп жатыр, оны тазартуға біздің күшіміз жетпейді. Қоғамда әртүрлі адам бар. Олардың мәдениеті қандай болса, қаланың тазалығы да сондай болмақ. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтар тазалыққа немқұрайлы қарайды. Көрінген жерге қоқысын тастай салатындар да жетіп артылады. Соның салдарынан көше тазалықшыларының еңбегі еш кетіп, қала көшелерінде қоқыстан аяқ алып жүру мүмкіндігі болмай қалады.

–  Осы тұрғыда қала тұрғындарына не айтар едіңіз?

– Қала тазалығы ластамайтын жерде сақталады. Сондықтан, тазалық мәселесіне жергілікті жұрт бір атаның балаларындай атсалысуы керек. Себебі, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бар. Бұл мәселеге «жергілікті биліктің, яки қала тазалығын сақтайтын мекемелердің шаруа-
сы» деп қарамаған жөн. Ол үшін қолға күрек немесе сыпырғы алудың да қажеті жоқ. Тек көрсетілген қызметке уақытылы төлем жасап, қоқысты бей-берекет тастамасаңыз болғаны. Тұрғындардан сұралатыны да, талап етілетіні осы. Әрі бұл ешқандай қосымша шығынды қажет етпейді.

– Краснояр селолық округіне қарайтын Элита поселкесінің тұрғындары көтерген қоқыс полигоны не болды?

– Көкшетаудағы қоқыс полигоны жабылғалы тұрмыстық қалдықтардың бәрі осы елді мекен маңындағы полигонға тасымалдануда. Алайда, полигон аумағы елді мекеннен алыстатылды, енді биік қоршаулар орнатылады. Бұл аумаққа өңдеу зауыты салынып, қоқыс осында сұрыпталатын болады. Желді күндері келетін иіс осы маңдағы канализация ағынынан болып отыр. Тұрғындар мал жайылымы үшін орын бөлуді сұраған болатын. Бұл мәселелер шешіледі.

–  Қалада қоқысты сұрыптау орындары ашылғаны белгілі. Күткендегідей нәтиже берді ме?

–  Қаланың әр аумағында арнайы орындар жұмыс істеуде. Меніңше, жекеменшік секторларда да бұл жүйе жұмыс істеуі тиіс. Сонда тұрғындар қоқысты сұрыптауға әдеттенеді. Ал, бұл компанияларға да әжептәуір табыс әкелері сөзсіз.

– Өткен сенбідегі республикалық #Birge#TazaQazaqstan экологиялық акциясында көкшеліктер қаншалықты белсенділік көрсетті деп ойлайсыз?

– Облыс орталығында өткен акцияға  түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері, жастар, шағын және орта бизнес өкілдері, бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілерден құралған 10 мыңнан астам адам қатысып, Қопа көлі мен Қылшақты өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты. Айталық, Краснояр селолық округінен 1200 адам, Станционный кентінен 1 мыңнан аса адам қатысты. Тіпті, бұл шараның мерзімі біршама ұзартылды да. Жалпыхалықтық сенбіліктерге меншік нысанына қарамастан барлық мекемелер жұмылдырылуда. Осындай жұмыстардың арқасында қала көшелері мен елді мекендер тазарып қалды.

– Рас, қалада бұл бағытта біраз жұмыстардың атқарылып жатқаны белгілі. Бірақ, аңғарып жүргеніміздей, талапты қатаңдата түспесе болмайтын сияқты…

– Қаланың тазалығын қамтамасыз ету бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, рейдтік шаралардың арқасында аталған проблема біршама жүйеленген. тұрғын үй инспекциясы, туризм бөлімдерінің қызметкерлері бірлесіп көшелер мен қоғамдық орындарда қоқыс тастағандарға ескерту жасап, рейд шараларын ұйымдастыруды жүйелі жолға қойған. Тіпті, кейбір азаматтарға  қала тазалығына қырын қарағаны үшін айыппұл салған. Ондағы мақсат олардың қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастауын болдырмауға бағытталған.

–  Сіздің ойыңызша қала мәдениетін қалай қалыптастыруға болады?

– Осыдан 15 жыл бұрын Боровской, Юбилейный ықшам аудандары қандай еді? Қазір бәрі басқаша. Жолдар асфальтталып, аулалар абаттандырылып, спорт, балалар ойын алаңдары қалпына келтірілді. Бірақ қоқыс төгу әлі толастар емес. Ал, осындай қажеттіліктердің болмағанына қарамастан, неше түрлі гүл егіп, аулаларын жайқалтып отырған тұрғындар да баршылық. ПИК-тер жұмыс істеуі үшін тұрғындар да ұсыныс білдіруі тиіс. Алайда, кейбір жекеменшік сектор тұрғындары аулаларындағы қаулап өскен шөпті шабуға құлықсыз. Ал, мұндай жерде шыбын-шіркей де көп болатыны белгілі. Әрине, қалалықтар тазалыққа саналы түрде қарамаса, оған заң да, басқасы да көмектесе алмайды. Көше тазалығын айыппұл төлемей-ақ сақтауға шамамыз жетеді деп ойлаймын!

 

Дайындаған: Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий