Ананың аманаты Немесе ұлға бергісіз Ұлдана жайлы бір үзік сыр

Көкшеліктерге ғана емес, қазақстандықтарға жақсы таныс қаршадай қызбен үйінің ауласында кездестім. Қазір Ұлдана анасы және бауырларымен  Науан Хазірет мешітінің жанынан құрылған «Зекет» қорының көмегімен сатып алынған бас-панада тұрып жатыр. Красный Яр селосында тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бо-йынша жөнделген төрт қабатты үйлердің бірінен пәтер бұйырғаны да осы он жасар қыздың арқасы. Бұл сөзді айтудың өзі бір түрлі көрінгенімен, шындығы сол. Отбасының басына түскен ауыр жағдай, тіпті адам шошырлық, соңы қайғылы аяқталуы мүмкін тілсіз жаудың зардабынан кейін берілген баспана. Ең бастысы, балалар аман, олардың ойынға берілген алаңсыз, шат күлкісінен артық не қажет ана үшін? Ал, мұның бәрі басқаша да болуы мүмкін еді. Талай рет жазылған дүние ғой деп таңданбайтындар да табылар, бірақ бұл жерде отбасындағы тәрбие жайын қозғағым келіп отыр.

Ұлданаға бәрін сеніп тапсыра аламын

Алмагүл алты баланың анасы. Жұбайы ауыр науқастан көз жұмыпты. Жезқазған өңірінің тумалары бұған дейін Сәтпаев қаласында тұрған. Көкшетауға осындағы туысқандары көшіп келуге кеңес беріпті. Красный Яр селосына қоныстанып, уақытша баспана жалдап тұрған екен. Балалардың үлкендері екі қыз бала қазір тұрмыста. Ал, үйдегі кішілеріне Ұлдана бас-көз болып отырған. Ол дүниеге келгенде нағашы апасы бет-әлпеті, дене бітімі ұл сияқты болғандықтан, есімін Ұлдана деп қоюға кеңес беріпті. Елгезек қызды кішкентайынан өзінен үлкен әпкелері барлық шаруаға қатыстырып, қолдарынан келгеннің бәрін үйретсе керек. Әсіресе, бауырларына жауап беру міндеті де қаршадай қызға жүктелген екен. Сондықтан болар, анасынан кейін балаларға осы қыз жауапты. Біз барған кезде де есік алдында бауырларын ойнатып жүр екен. Жас шамалары жақын, үйелмелі-сүйелмелі төрт бала бізбен жамырай амандасты. Ұлдананың батыл әрекетінен кейін үйлеріне түрлі арналардан келген тілшілерге үйреніп те қалған сияқты. Шақырсаң, қасыңа жүгіріп келіп отыра қалады. Алмагүлдің айтуынша, Ұлдана түрлі тамақтар дайындаудың шебері. Бір жаққа шығып кетсем, балаларымның қарны ашпайтынына сенімдімін дейді ол. Өйткені, Ұлдана оларды аш қалдырмайды. Өзі тамағын пісіріп береді.

Қайта жағылған үміт оты

Ұлдана өте сабырлы қыз екен. Үлкен адамдар сияқты өзін салмақты ұстайды. Ақылды екені көзінен көрініп тұр. Денесі тығыршықтай болғанымен, бойындағы күш-жігер ересек адамдардың кейбіріне қарағанда басымырақ па дерсің. Әйтпесе, жанып жатқан үйден үш бауырын аман алып шығу кез келген баланың қолынан келе бермейді ғой. Қазір Ұлдананың жасы онда, ал өрт оқиғасы болған кезде оның жасы 8-де ғана еді. Кіші сіңлісінің жасы бір жарымда ғана болыпты. «Түнде тынысым тарылып, тамағым аши бастағаннан оянып кеттім. Көзімді ашсам, үйдің іші көк түтін. Ас үйдегі шкаф кәдімгідей лапылдап жанып жатыр. Жалмажан бауырларымды оята бастадым. Ұл мен қызды есік алдына шығарып, кіші сіңлімді іздедім. Үйдің ішін аралап шықтым. Жоқ. Көк түтінге қақалып жүріп, бәрібір іздеп табуға бекіндім. Қарасам, кіші сіңлім матрастың астына тығылып қалыпты. Көтеріп далаға жүгіріп шықтым» –  дейді ол. Тіпті, жеке құжаттарды да сақтап қалу қажеттігі ойына түскен Ұлдана жартысын алып үлгеріп, жалын шарпи бастағандықтан, қалған құжаттарды матраспен жаба салып, сыртқа шыққан екен. Сол кезде қатты қорықтың ба, жыладың ба деп сұрасақ, жоқ, жылаған жоқпын дейді. Міне, осыдан кейін қаршадай қызға қалай риза болмассың? Қарашаның қара суығында бауырларын далаға алып шыққан Ұлдана көрші апайдың үйіне барыпты. Бірақ ол кісі де анасымен бірге түнгі кезекшілікке кетсе керек. Содан кейін көмір қораның ішіне кіріп, бауырларының аяғының астына тақтайшалар төсеп, аяқтары үсіп кетпесін деп сол жерде жатқан қапшықтарды кигізіпті. Інісі Дәуіт үстіндегі жейдесін шешіп, кіші сіңлісі Мәликаға кигізіп, бір жарым сағаттай қораның ішінде отырса керек. Ал, баспанасының отқа оранып, төбесі ортасына түскен сәтінде жеткен ана шырылдап, зар жылап, балаларының бәрінен бір сәтте айрылдым деген кезде, Ұлдананың «мамалаған» дауысын естиді. Жалма-жан көмір қораға ұмтылады. Қараса, төрт баласы дін аман. Жүрегі жарылардай қуанған ананың көңіл-күйін сөзбен айтып жеткізу қиын. Ал, Ұлдана болса, анасына: «Анашым, жылама, мен сенің аманатыңды орындадым ғой»,– депті. Сондағы айтпағы, маған сеніп тапсырылған жауапкершілікті сезініп, бауырларыма бас-көз болып, аман алып қалдым дегені. Ондайда қалайша көзіңе жас алмайсың?

Бұл – ерлік емес, менің бауырлық міндетім!

 Көкшетаудың іргесіндегі Красный Яр селосында тұратын Ұлдана есімді батыр қыз бауырларын өрттен аман алып шықты деген жағымды жаңалық барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарады. Сегіз жасар қыздың ерлігіне таңданбаған адам жоқ. Себебі, қыс айларында баспанасы өртке оранып, көз жұмып жатқандар жайлы жазылып та, айтылып та жатады. Ондайда ересек адамның өзі абдырап, асып-сасып қалатыны рас. Ал, Ұлдана болса, аптықпай, бәрін ой таразысына салып, шешімін тапқан. Осы оқиғадан кейін көшеде кездескендер немесе дүкенде көріп қалғандар, анасынан батыр қызың осы ма деп сұрайды екен. Жанына жақындап, басынан сипағандардың да әрекетін көпке дейін түсінбей жүріпті. Сондағы айтатыны, мен ерлік жасаған жоқпын ғой, неге бәрі мені мақтай береді, мен тек бауырлық  міндетімді атқардым. Ал, кішкентай ғана қыз жұдырықтай жүрегінің қаншалықты батылдыққа толы екенін өзі де сезбейтін сияқты. Сұрақтарға асықпай жауап бере отырып, анасының құшағына еркелей тығылған Ұлдана өскенде құтқарушы болатынын айтты.

Анам қасымда  болса болды

Батыр қыз жайлы естіген мәскеуліктер оны Жаңа жылдық шырша мерекесіне шақырған еді. Алайда, әуежайда анасының қан қысымы көтеріліп, ауруханаға жатып қалды. Сол кезде Ұлданаға Мәскеуге жалғыз баруға кеңес беріледі. Бірақ қайсар қыз анам қасымда болса болды, маған ештеңенің керегі жоқ деп жолға шығудан бас тартыпты. Мұны да үлкен жүректі кішкентай қыздың тағы бір ерлігіне баладық. Басқа бала болса, кім білсін қызығып, бәрін ұмытып кетер ме еді. Бірақ бұл Ұлданаға тән қасиет емес. Биыл батыр қыз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қоры тағайындаған «Батыл жүрек» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды. Осы шараға барған кезде Дариға Назарбаева: «Мен сені өскенде ғарышқа ұшырамын» деп қанаттандырыпты. Марапаттау рәсімінде Ұлдана мен анасына «Оқжетпес» шипажа-йына жолдама берілді. Осы сәуір айында сауықтыру орталығына барып, ана мен бала дем алып қайтты.

Бокспен шұғылданып, бойымды сергек ұстаймын

Ұлдананың отбасына қиындықтарды жеңуге көкшетаулық іскер әйелдер ассоциациясы көп көместесті. Қамқорлық танытты. Қиналғанда қол ұшын созды. Ұлдананың анасы қайырымды жандардың барлығына алғысын айтып отыр. Сондай-ақ, батыр қыз бойындағы күш-қуатын сала-уатты өмір салтына жұмсасын деп Көкшетаудағы «Қажымұқан» спорт кешеніндегі бокс секциясына да жазғызған. Қазір Ұлдана тәжірибелі бапкер Ерлан Ғазизовтың қарамағында жаттығады. Болашағынан мол үміт күттіретін, жауапкершілігі мол қыз бала қаланың ана шетінен мына шетіне дейін автобуспен қатынап, аптасына үш рет жаттығу залынан табылады. Өскенде спортта жетістікке жетіп, көптеген адамдарға көмектесемін дейді. Ұлдананың сөзіне шын сендік. Өйткені, ондай қайсар қыздың жетістікке жетпеуі мүмкін емес. Бізді шығарып салып тұрып, біздің басымыздан өткен жәйтті енді ешкім де көрмесе екен деп тілеймін деді. Айтқаның келсін, алтын қыз деп біз де жолға шықтық.

                                           Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий