Антына берік ұландар

7 мамырда Көкшетаудағы Абылай хан алаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай салтанатты шара өтті. Жүздеген көкшетаулықтар осы жерден Астана қаласында өткен әскери парадты тікелей эфир арқылы үлкен экраннан тамашалады. Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін тыңдап, сап түзеген сарбаздардың қадам басысын, әскери техника мен әуе күштерінің қуаттылығын көзімен көріп, шын қуанды. Дәл осындай салтанатты шаралар ел қорғандарының қарымы мен күштілігін баян етеді. Өзінің құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Қарулы күштері қуаттанып, айбынды армияға айналғанын айтты. Біз бейбіт елміз, сондықтан әскери борышты өтеу – абыройлы міндет. Дегенмен, өз шекарамызды берік қорғау үшін жоғары мобильді, сенімді және күшті жарақтанған әскеріміз болуы керек.

Абылай хан алаңына жиналғандарды облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтады. Өңір басшысы: «Біздің еліміздің тарихына көз жүгіртсек, әр сүйем жерін жаудан қорғаған талай батырлардың өткенін көреміз. Баһадүр бабалар ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен күресе жүріп, өмірін ат үстінде өткізген. Абылай ханнан бастап, Бөгенбай, Қабанбай, Қобыланды, Ағынтай мен Қарасай сияқты батырлардың есімдері кәрі тарихтың беттерінде сайрап жатыр. Өскелең ұрпақ өкілдері Ұлы Отан соғысы жылдарында ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен майдангерлер алдында бас иеді. Ал, жат жерде жүрсе де, Отанының алдында адал қызмет еткен ауған жауынгерлері, Чернобыль апатын ауыздықтағандар мен түрлі қақтығыстарға қатысқандарға айтар алғысымыз шексіз. Бұлар – берген антына адал екенін дәлелдей білген нағыз жеңімпаздар. Сондықтан біз қашанда туған жерін қорғауға дайын тұрған осындай ержүрек ұлдардың алдында қарыздармыз!», – деді.

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Мінсіз қызметі үшін» медалін Степногор қаласының қорғаныс істері бойынша бөлім басшысы, подполковник Бауыржан Есімов пен Көкшетау қаласының қорғаныс істері бойынша басқармасының бөлім басшысы Қазбек Көлпеновке табыс етті. Сонымен қатар мінсіз қызметі үшін әскери бөлімшелердің сарбаздары, құқық қорғау саласының, төтенше жағдай мен әскери-патриоттық клубтардың өкілдері өңір басшысының Алғыс хатына ие болды. Сарбаздармен қатар биылғы көктемгі ағын судан зардап шеккендерге қол ұшын созған ақмолалықтар да назардан тыс қалған жоқ. Олардың қатарында ерекше көзге түскен Жарқайың ауданындағы Фурманов орта мектебінің 11 сынып оқушысы Әлішер Сұлтанбеков те бар. Ол биылғы жылдың 16 сәуірінде Көкшетау-Атбасар трассасында ағын суға батып кеткен автобустан ересектер мен балаларды
сыртқа шығаруға көмектескен. Батыр баланы ауылдастары мақтан тұтады. 7-ші сәуір Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын облыстық филармония мен қалалық көркем-
өнерпаздар ұжымының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

«Көкше ақпарат».

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс