Апат қасіреті ұмытылмайды

Биыл Чернобыль атом-электр станциясында орын алған әлемдегі ең ірі ядролық техногендік апатқа 31 жыл толып отыр. Жылдағы дәстүрге сай, қала жұртшылығы Чернобыль құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, апат салдарынан зардап шеккендерді еске алу шарасын өткізді.

Әлемдік атом энергетикасы тарихындағы жойқын апаттың зардаптарын жою үшін тек Ақмола облысынан ғана үш мыңдай адам қатысты. Олар өздерінің денсаулықтарына нұқсан келтірілетіндігін біле тұра, осындай батыл қадамға саналы түрде барды. Туысқан украин, беларусь халықтарының қайғы-қасіреттерін ортақ бөлісе отырып, көзсіз ерлік жасады. Көкшетау қаласының жастар ресурстық орталығының қызметкерлері осы датаға орай гуманитарлық-техникалық академиясында Чернобыль атом-электр станциясындағы апатты жоюға қатысушылармен кездесу өткізді. Көкшелік қайсар өрендер өздері куә болған сәттерді баяндап, тартымды естелік айтты. Кездесу соңында оған қатысушылар Чернобыль трагедиясы жайлы қысқа метражды фильмді көрді.

Митингте Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова сөз сөйлеп, Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға үлес қосқандардың игі ісі кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі екенін атап өтті. Апат құрбандарын еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қою үшін аталмыш шараға апат зардабын жоюға белсене атсалысқан ардагерлер арнайы келді. Олар сол кездегі оқиға сәттерінен естеліктер айтып, жастар қауымын заманның тыныштығын қадірлей білуге шақырды.
1986 жылдың 26 сәуірінде атом-электр станциясындағы ірі апаттардың бірі – Чернобыль АЭС-да орын алды. Бұл апаттың салдарынан Украина мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. АЭС-нан радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оқшауландырылды. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті.
Митингтен соң облыстық жастар саясаты басқармасының залында салтанатты шара өтті. Тағылымды шара алдымен апат кезінде қаза болғандарды
1 минут үнсіздікпен еске алудан бас-талды. Қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Андрей Подгурский ХХ ғасырдағы ірі радиациялық апат саналатын Чернобыль АЭС-дағы апатты жоюға қатысушыларға, олардың ата-аналары мен жақын туыстарына алғыс айта отырып, олардың батырлығы мен батылдығы жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі екенін атап өтті. Бұдан соң радиоактивті қалдықтардың қауіптілігіне қарамастан апат зардаптарын жоюда ерлік пен жанкештілік танытқан азаматтарға Көкшетау қаласы әкімінің атынан Алғыс хаттар тапсырылды. Шара барысында ЧАЭС-дағы апатты жоюға қатысқан азаматтар сөз алып, қажет кезде өмірі мен денсаулығын құрбан етіп, елі үшін еңбек еткен азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы бойынша төрағасы Марат Жетеров қала әкімдігі тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа алғыс айтты. Чернобыль апатының салдары жөнінде әлі күнге құпиясы ашылмаған сыр көп. Апатты жағдайда бірден азаматтық қорғаныс жоспары жасақталып, дабыл жүйесі іске қосылмады. Халықты көшіру және профилактикалық шаралар орнықты жүргізілмеді. Қауіпті аймақта қызмет еткендердің арасында қанша жерлесіміздің қатысқаны жайында деректер нақтыланбай отыр.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс